2016 жылы Қызылордада жаңа заманауи стадионның құрылысы басталады

26 Тамыз 2014, 06:55

Садық Мұстафаевтың айтуына қарағанда, жаңа 10-12 мың көрерменге арналған стадионның құрылысы 2016 жылы басталады.

Сырдарияның сол жағалауында жаңа стадион салынады. Бұл туралы «Алаш айнасы» газеті Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Садық Мұстафаевқа сілтеме жасап хабарлайды.

Садық Мұстафаевтың айтуына қарағанда, жаңа 10-12 мың көрерменге арналған стадионның құрылысы 2016 жылы басталады. Құрылысы аяқталғаннан кейін аталмыш стадионда «Қайсар» футбол клубы өз алаңындағы ойындарын өткізсе, қазіргі Ғани Мұратбаев атындағы Орталық стадионда сыр өңірінің екінші командасы «Байқоңыр» футбол клубы қонақтарды қабылдайтын болады. Бүгінде Қазақстан Республикасының Екінші лига командалары арасындағы біріншілікте өнер көрсететін «Байқоңырдың» алдына осы маусымның қорытындысы бойынша, Бірінші лигаға жолдама алу тапсырмасы қойылған. Екінші лиганың финалдық кезеңі үстіміздегі жылдың 11-18 қыркүйегі аралығында Қызылорда қаласында өтеді. Барлығы 16 команда Бірінші лигаға жолдама беретін жалғыз лицензияға таласпақ.

Сонымен қатар, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қызылорда облыстық футбол федерациясының президенті Нұржан Әлібаев мәлімдегендей, стадионнан бөлек, 2017 жылы «Қайсар» футбол клубының заманауи базасы салынады. Онда футболшылар үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалмақ. Жаттығу залдарынан бөлек, базаның маңында 6 футбол алаңы төселіп, оның үшеуі жасанды, үшеуіне табиғи шөп төселеді. Одан бөлек биыл Қызылорда қаласында 3 мың көрерменге арналған жабық манеждің құрылысы басталады. Бұл манеж футболшылар үшін қысы-жазы доп тебуге мүмкіндік береді.

Бұл алдағы уақытта Қазақстанда салынатын үшінші стадион болмақ. Бұған дейін 2016 жылы «Ақтөбе» футбол клубына да арналып жаңа стадион салынатыны белгілі болған еді. 2015 жылы жоспары толық белгілі болатын футбол алаңы 32 000 жанкүйерге арналып салынады. Сонымен қатар, қарағандылық «Шахтер» командасы да алдағы жылдары жаңа стадионда өнер көрсетуі мүмкін. Бұл туралы еліміздің БАҚ өкілдеріне клубтың директоры Ерден Халилин айтқан болатын. Алайда, жаңа стадионның құрылысы қашан және қанша адамда лайықталып тұрғызылатыны белгісіз болып тұр.

Еске салайық, Сырдарияның сол жағалауында жаңа стадионнан бөлек, жаңа қала да салынады. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев айтқан еді. « Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңа қаланың бой көтеретін күні де алыс емес. Сыр өңірінің ежелгі сақтардың, оғыздардың, қыпшақтардың астанасы болғандығы сол жағалауда салынатын ғимараттарда көрініс беретін болады», – деген облыс әкімі жергілікті құрылысшылармен кездесу барысында.

                                                                                               Уалихан Қосанбай

                                                                                               www.alashainasy.kz

Бөлісу: