«200 адамның құны сұралуы тиіс». Депутат Лакшми Митталды халықаралық сотқа беру керегін айтты

6 Қараша 2023, 19:00 1131

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның басшысы Лакшми Митталды халықаралық сотқа беру керек екенін айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Елімізден 30 жылдан бері бүкіл зауыттан қаншама қаржы жымқырылды. Мемлекетке қаншама зиян келді. Олар (АрселорМиттал Теміртау – ред.)  Қазақстанға салық төледі. Қазақстанның экологиясына зиян келді. Соның барлығын есептеп халықаралық аудитор компаниясын шақырып, осы есеп бойынша біз жауапты азаматтарды сотқа беруіміз керек. Онсыз болмайды. Осы уақытқа дейін қаза тапқан 200-ге жуық адамның да құны бар. Біз олардың құнын сұрауымыз керек. Олар біздің бостандығымызға, намысымызға тиіп отыр. Сондықтан олармен келісімшартты жай ғана бұзып тастамай, Қазақстанға қандай моральдық, материалдық зиян келді, соны өндіруге жұмыс істеуіміз керек, - деді депутат «Adal Adam» бағдарламасына берген сұхбатында.

Мәжілісмен еліміздегі әрбір шетелдік инвесторлардың міндетіне тоқталып өтті. 

Инвестордың өзіндік аксиомасы бар. Ол – өндірісті жаңалауға, қауіпсіздігін сақтауға, экологияны сақтауға қаржы бөлу. Бұл азаматтар ешқандай қаржы құймаған. Кезіндегі бүкіл келісімшарттарда барлық «инвесторлардың» құқы сақталған. Ал Қазақстанның тек қана міндеттері бар. Сондықтан Экология министрлігінің мұндай азаматтарға тісі батпай отыр. Себебі, келісімшартта Қазақстанның ұлттық мүдделері қарастырылмаған. Қазіргі жасалған келісімшартта оларды (АрселорМиттал Теміртау басшылығын – ред.)  жазаға тарту өте қиын. Мемлекеттің мүддесін елемей, келісімшартқа қол қойған Қазақстан азаматтары да жазасын алуы керек, - деді Ерлан Саиров.

Айта кетейік, 2023 жылдың 28 қазанына қараған түні Костенко атындағы шахтадан өрт шығып, 200-ден астам кенші жер бетіне шығарылды. Шахтадағы апаттан 46 кенші қаза тапты. Осы қайғылы жағдайға байланысты 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Миражан Махан
Бөлісу: