1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні

30 Қараша 2020, 17:48 7891

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы 10 дерек

Елімізде 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесі атап өтіледі. Бұл атаулы дата тегіннен тегін таңдалмаған еді. 1991 жылдың дәл осы күні Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ КСР-нің Президенті болып тағайындалып, ал одан екі тәулік өткен соң тәуелсіз Қазақстан Республикасын басқаруға кірісті.

Тұңғыш Президентіміздің елге сіңірген еңбегін насихаттау, мәртебесін көтеру мақсатында 2011 жылдың 10 желтоқсанында сенаторлардың бастамасымен ресми мейрам болып бекітілді.

Биыл сегізінші жыл тойланатын бұл күнде түрлі іс-шаралар, театрланған қойылымдар, концерттер қойылып, Елбасы туралы деректі фильмдер көрсетіледі. Осы атаулы мерекеге орай біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы қызықты 10 дерекпен бөлісеміз.


1. Тұңғыш Президентіміз 1940 жылы Алматы облысы Қаскелең ауданы Шамалған ауылында туған. Ата-баба сенімі бойынша Райымбек батырдың басына түнеп, дұға тілеп, перзент сұраған Әбіш ата мен Әлжан ана көп ұзамай қуанышқа кенеледі. Тіпті, анасының түсіне су түбінде жатқан айбалта кіріп, ұл күтіп жүргенінен аян береді. Елбасының ата тегі Ұлы жүздің Шапырашты руынан тарайды.

2. 5 кг салмақпен туылған немересінің есімін Құрандағы екі атауды қосып Нұрсұлтан деп әжесі қойған.

3. Бала күнінде ұшқыш болуды армандаған Елбасы, мектеп кезінде арманын өзгертіп, химия саласында жетістікке жетуді көздейді.

4. Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелге сапары 22 жасында басталды. Алғаш барған елі – Финляндия мемлекеті.

5. Нұрсұлтан Назарбаев салауатты өмір салтын ұстанады. Оның ең жақсы көретін спорт түрі – гольф, тау шаңғысы, күрес және теннис. Шаңғыны бірінші рет 55 жасында тепкен. Ал Днепродзержинск қаласында оқып жүргенде күрестен Украинаның спорт шебері атанған.

6. Кішкентай күнінен музыкаға әуес болып өседі. Балалық шағында баян сатып алу үшін, құрылыс жүргізіп жатқан көршісіне кірпіш құйып көместесіп, ақша тапқан. Ұлттық аспабымыз – домбырада жақсы ойнайды. 2018 жылы Елбасының Жарлығымен Ұлттық домбыра күні мейрамы да бекітілді.

7. Нұрсұлтан Әбішұлы – 1992 жылы Ресейдің басқару академиясында «Нарықтық қатынастардың дамуы мен қалыптасу кезеңіндегі үнемдеу стратегиясы» атты диссертациясын қорғап, Экономика ғылымдарының докторы атанды.

8. 2010 жылы «Елбасы туралы» Заң қабылданып, онда Тұңғыш Президентімізге ресми түрде «Елбасы» мәртебесі берілді.

9. 2019 жылдың 20 наурызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев астанамыздың атын Елбасының құрметіне орай өзгертуді ұсынды. Парламент қос палатасының депутаттары бірауыздан қолдап, 23 наурызда елордасының Астана аты Нұр-Cұлтан қаласы болып өзгерді.

10. Елімізде Тұңғыш Президентке арналған бірнеше ескерткіш бар. Олар Алматыда – Президент паркіне, елордада – Ұлттық музей, Ұлттық қорғаныс академиясына қойылған. Сонымен қатар, Украина, Түркия, Қырғызстан сияқты өзге мемлекеттерде Елбасымыздың ескерткіші бірінен соң бірі ашылуда.

Бөлісу: