19 маусым – Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің құрылған күні

19 Маусым 2023, 20:28 1190

Осыдан 31 жыл бұрын 37-ші Әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпусы негізінде еліміздің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің басқармасы құрылған болатын, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Сол күні Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін құру туралы директиваға қол қойды. Олардың міндетіне әкімшілік аудандарға, маңызды мемлекеттік, өнеркәсіптік және әскери нысандарға, әскерлердің орналасқан жеріне жасалатын әуе соққыларының алдын алу, елдің әуе кеңістігін сенімді бақылауды қамтамасыз ету кіреді.

Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың талаптарын орындау мақсатымен әскерлерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және техникамен жарақтандыру жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.

Бүгінгі таңда әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қазіргі заманғы ұшақтар мен қанатты зымырандарды қолданылатын биіктік пен жылдамдықтың барлық диапазонында жоюға қабілетті ұзақ, орташа және қысқа қашықтықтағы әртүрлі модификациядағы зениттік-зымырандық кешендерімен жабдықталған.

Әуе қорғанысы әскерлерінде радиолокациялық барлауды жүргізуді радиотехникалық бөлімшелер жүзеге асырады. Олардың негізін сантиметрлік және метрлік толқын диапазонындағы радиолокациялық станциялар құрайды. Заманауи радиолокациялық станциялар әуе шабуылына жедел әрекет етуге, әуе нысандарын уақытылы анықтауға мүмкіндік береді.

Радиолокация заманауи элементтер базасында жасалған. Фазалық антенна торының арқасында олар электронды әсер ету жағдайында тиімді жұмыс істей алады.

Қарулы күштерді заманауи қару-жарақпен және техникамен жарақтандыру – Отанымыздың әуе шебін сенімді бақылау шарттарының бірі. Осы мақсатқа қол жеткізуде армияны дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ел басшылығы мен қарулы күштер қолда бар қару-жарақты жаңғыртуға және Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері үшін заманауи үлгілерді сатып алуға көп көңіл бөліп келеді.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің мамандары өздерінің жоғары шеберліктерін ТМД әуе қорғанысының біріккен жүйесіндегі «Жауынгерлік достастық» және «Ашық аспан» халықаралық оқу-жаттығулары барысында бірнеше рет дәлелдеді.

Перизат Саденова
Бөлісу: