18 қаңтар кинопремьералары

18 Қаңтар 2018, 11:35 5391

Төмендегі кинопремьералар сізді тым болмаса кинотеатрға баруға шабыттандырады деген ойдамыз ;) 

Уинстон Черчилл образындағы Гари Олдман, Гильермо дель Тороның жаңа жұмысы, «Астрал» хоррор-франшизасының төртінші бөлімі, Паддингтон есімді ақылды қонжық туралы фильмнің жалғасы, өзбектермен бірлесіп түсірген отандық заманауи трагедия, ресейлік «Скиф» фэнтези-боевигі және өзінің жерлеу рәсіміне дайындалған әже туралы комедия.

«Темные времена» («Darkest Hour») – режиссер Джо Райттың («Гордость и предубеждение», «Анна Каренина») драмалы байопигі. Фильмде Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кездегі Ұлыбританияның ахуалы, осы қиын кезеңде үкімет басқарған Уинстон Черчилл өмірі көрсетіледі. Кино әлемінің жарық жұлдызы Черчилл образы үшін танымастай өзгеріп, шеберлігімен тағы бір таң қалдырмақшы. Актер осы фильмдегі рөлі үшін «Алтын глобус», киносыншылар қауымдастығы мен басқа беделді фестивальдардың жүлдесін алып үлгерді. Ендігі белес – наурызда өтетін «Оскар».

Қосымша оқыңыз: Уинстон Черчилльдің өмірбаяны кинода

Биылғы «Оскарға» фавориттер қатарында Гильермо дель Тороның («Лабиринт Фавна», «Тихоокеанский рубеж») жаңа режиссерлік жұмысы да бар. «Форма воды» («The Shape of Water») фантастикалық мелодрамасы 2017 жылы көп айтылған картиналардың бірі, Венеция кинофестивалінің бас жүлдегері, «Алтын глобустың» екі номинациясының жеңімпазы, АҚШ киносыншыларының Critics’ Choice Movie Awards жүлдесінің 4 номинациясының үздігі.

Кинотуынды оқиғасы 1963 жылы өрбиді. Басты кейіпкер - ғылыми зертхананың мылқау тазалықшысы. Жасырын мекеменің ішінде қолға ұсталған амфибия-адамға зерттеу жасалуда. Әйел мутантқа ғашық болып, оған қашуға көмектеседі...

«Астрал» хоррор-франшизасын көпшілігіміз білеміз. Алғашқы фильм 2011 жылы шықты және содан бері тұрақты ұсынылып жүр. Жобаның басында Джеймс Ван мен Ли Уоннелл тұр. Бұл шығармашылық дуэт «Пила» франшизасын ойлап тапқан және жүзеге асырған өнімді кинематографшылар ретінде белгілі.

«Астрал 4: Последний ключ» («Insidious: The Last Key») деп аталған төртінші бөлім осыған дейінгі бөлімдерде өзге адамдарға көмектесіп келген экстрасенс Элис Райнердің (Лин Шэй) жеке үрейіне арналмақ. Енді оның өміріне оған бала кезінен белгілі бөтен әлемнің ең қорқынышты құбылысы енеді.

Ағылшын жазушысы Майкл Бондтың шығармасына негізделген «Приключения Паддингтона» отбасылық фэнтези-комедиясы 2014 жылы шыққан еді. Ақылды қонжықтың оқиғасы биыл жалғасын тауыпты - «Приключения Паддингтона 2». Екінші бөлімде бізді жаңа да қызықты оқиғалар күтіп тұр.

Лондонның көне заттар дүкенінде сүйкімді де тәрбиелі аю Паддингтон бірегей ескі кітапты көреді. Оны сатып алу үшін ақша жинап жүрген кезінде кітапты әлдекімдер ұрлап кетеді. Паддингтон әртістік шеберлігін ұрлық жасауға қолданып жүрген танымал актердің ұйымдастырған айлакерлікерлігіне араласуға мәжбүр болады.

«Потерянное счастье» - Феруза Эгамбердиева есімді режиссер түсірген трагедия-драма. Фильм туралы ақпар мүлдем аз. Белгілісі әлеуметтік мәселелер көтерілген картина. Соның ішінде қос отбасы, махаббат пен бизнес секілді өмір түйткілдері айтылып, түрлі буын өкілдері арасындағы күрделі қарым-қатынас көрсетіледі. Сюжет желісі өз отбасынан бөлек ашынасы да бар бизнесмен төңірегінде өрбиді.

Фильм өндірісіне өзбек мамандары атсалысқан.

Сондай-ақ кинотеатрларға Ресейдің екі кинотуындысы шықты. «Скиф» - фэнтези мен боевик элементтері бар тарихи драма. Фильм оқиғасы өркениет өзгерісі заманында өрбиді. Еуразияда жаңа дәуір басталады. Кезінде даңқты жауынгерлер болған скифтер, олардың жоғалып бара жатқан ұрпақтары жалданбалы әскерге айналады. Сарбаз Лютоборды ауыр сынақ күтіп тұр. Ішкі талас-тартысқа араласуға мәжбүр болған ол отбасын құтқару үшін қауіпті сапарға аттанады. Оған тұтқын скиф серік болады. Олар - бір-біріне жау, түрлі құдайға сыйынады, алайда бірге жүруге мәжбүр.

Бұдан бөлек жасы келген ана мен есейген ұл арасындағы қарым-қатынасты суреттейтін «Карп отмороженный» комедия-драмасы шектеулі прокатпен шықты.

Ернар Бекенов
Бөлісу: