18 жыл: 18 белес

27 Шілде 2018, 04:46 2423

Еліміздегі көшбасшы партияның да халықпен етене жұмыс істегеніне 20 жылға қадам басты. 1999 жылғы 19 қазанда жиналыс өтіп, «Қоғамдық штабты республикалық «Отан» саяси партиясы» етіп өзгерту туралы шешім қабылданды. 1999 жылғы 12 ақпанда партия Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеуден өтті.

Міне, осы күн тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы партия қызметінің өз жұмысын бастаған уақыты болып есептеледі. 1999 жылы қоғамдық келісімнің арқасында құрылған партия межелі уақытқа табан тіреді. Осы уақыт аралығында «Нұр Отан» партиясы қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге қандай үн қосты?

Партияның өңірдегі қоғамдық қабылдаулары тұрғындардың мұң-мұқтажын ескеріп, қордаланған түйткілдің шешу жолын қарастырды ма?
Шыны керек, бүгінде көшбасшы партия кез келген түйткілге үн қосып, қордаланған мәселелердің шешілуіне өз тарапынан көңіл бөлуде. Бүгінде экономика да, саясат та жаңғыру үрдісіне бағыт алды. Бұл тұрғыда жаңғырудың аса қажеттігін ескерткен Елбасы Н.Назарбаев еліміздегі партиялық күштердің де тонның ішкі бауындай бірлесіп әрекет ету керектігін тілге тиек етті. Ол өз сөзінде құрылғанына 20 жылға жуықтаған саяси партия жүйесіне жаңғырту жұмысын жүргізуге және бұл істі бастауда кертартпалықтар болуы мүмкін екенін де жасырмады.

Бұған дейінгі сайлауларда басқа әріптес партияларға қарағанда оқ бойы озық болып, халықтың сеніміне ие болған саяси құрылымның елдегі абырой-беделі зор. Оған үнемі халықпен етене жұмыс істеп, мұң-мұқтаждарын тыңдап, бірлесіп шешуге жұмылған жұдырықша кірісуі себеп. Себебі, партияның жер-жердегі бөлімшелері арқылы қаншама азамат бетпе-бет келген мәселесін айтып, тез арада түйінін тарқатуға мүмкіндік алуда. Сондықтан да, халық партияның тұрақтылығына, болашағына, ең бастысы, бастаған істі аяғына дейін жеткізетініне сенеді.

Бүгінде бас партияның мұрындық болуымен бірқатар мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Алайда, оның жүзеге асу барысы қалай немесе партия белсенді түрде кірісуі тиіс мәселе қандай? Бүгінде бүкіл әлем  ғылыми-техникалық дамудың жаңа сатысына бет бұрып жатқан кезде еліміз де қол қусырып отыра алмайды. Ал, мұның бәріне бас-көз болып, жемісті саясат жүргізетін партия керек. Осы тұрғыда Президент өзінің бағдарламалық мақалаларын — көшбасшы партияның әу баста алға қойған идеологиялық тұғырнамасы екеніне екпін түсірген еді. Яғни, 20 жылға аяңдаған «Нұр Отан» партиясының бүгінге дейін қабылдаған бағдарламасында партияның рөлі мен атқаратын жұмысын айқындап алу керектігіне мән берілді. Осы тұрғыда партия нәтижелі іс көрсету үшін жаңашылдыққа бет бұрып, өз бағытын дамыта түсуі керек. Демек, ауызбірлікпен атқарылған іс қана жемісін бермек. 

Қоғам мен билікке дәнекер болған

Айта кету керек, қазір «Нұр Отан» партиясын неге жиі тілге тиек етеміз? Себебі, басқа саяси құрылымдар халықпен етене жақын жұмыс істеуге құлықсыз. Неге? Бұл сұраққа Елбасы Н. Назарбаевтың өзі қабылданып, жұмыс істеп жатқан бағдарламаларды елімізге кеңінен насихаттап, ел-жұрт тарапынан ықыласқа бөленіп жатқанын айтады. Айналасы бір жылда бағдарлама аясында қыруар жұмыс атқарылды. Мәселен, мәдени-рухани салада жоқ-жітігіміз түгенделіп, ұмыт боп, ескерусіз қалған қаншама дүниемен қайта қауышу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Демек, Елбасы айтқандай, елімізді жаңа белеске көтеріп, өркениетті мемлекеттер қатарына қосатын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы — партияның түпкі идеясынан туған. Яғни, партия бағдарламаны іске асыру барысында үнемі халықтың ойын ескеріп, бірлесіп жұмыс істеуден қол үзбеуі қажет. Неге десеңіз, осы бір жылда бағдарлама айтарлықтай рухани серпіліс берді, жер-жерде жоғалған дүниелермен қайта қауыштық. Бұл тұрғыда әлемдік өркениетке терезе ашатын латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиіне көшуді мемлекет тарапынан қолдауға әрі қоғамда насихат жұмысын жүргізуге кірісіп кетті.

Халық сөзі ескерусіз қалмайды
«Нұр Отан» партиясының бастамасымен түрлі бағдарламалардың тамырына қан жүгіруде. Атап айтқанда, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, биылдан бастап іске қосылған «7-20-25» жобасы ел тұрғындарының үмітін еселеуге атсалысты. Мәселен, соңғы «7-20-25» бағдарламасы арқылы талай баспанасыз жүрген отбасылардың кеудесінде үміт пайда болды. Себебі, 7 пайыздық мөлшермен 20 жылға несиеге үй алу, сондай-ақ, бұл жоба арқылы еліміздің әр өңірінде баспанаға қолжетімді ету басты назарға алынды. Осы жұмыстарды халыққа жан-жақты түсіндіріп, орындау барысын қадағалауға «Нұр Отан» партиясы да үлесін қосады. Талап бар жерде — тәртіп бар. Бұл істі жандандырып, мықтап қолға алуға партияның бұған әлеуеті де, құзыреті де жүреді.

2013 жылы «Нұр Отан» партиясының доктринасы қабылданып, онда мынадай құндылықтарға басымдық берілді. Яғни, партия идеологиясындағы басты құндылық – адам, бостандық, заңның үстемдігі, әділеттілік, ынтымақшылдық, болашаққа ұмтылыс.

Бүгінде мүшесі миллионнан асатын саяси партияның облыстық, қалалық филиалдары жұмыс істейді. Жыл сайын партияға мүше болғысы келетіндер қаншама. Олар партияның резервіне енгізіледі. Ал, партияның өңірлердегі бөлімшелері жұмыссыз қалған ауыл тұрғындарын еңбекпен қамту мәселесін шешуге күш салады. Бұдан бөлек «Жас отан» жастар қанаты да жастарды жұмысқа орналастыруға бағыт сілтейді. Осылайша, партия жұмыссыздықпен білек сыбана күресуде. Тіпті, онлайн түрде өтетін қоғамдық қабылдау кезінде арнайы есеп беріліп отырады. Бұл «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының сәтті жүзеге асуына жол ашады. Ал, партия бір жылда қанша адамның ұсынысын тыңдап, шешуге атсалысты? Жергілікті филиал басшылары мен мәслихат депуаттары тұрғындардан келген өтінішті дер кезінде ескеріп, тиісті мекемелерге тапсырма беру арқылы шешуге тырысады. Егер қандай да бір мәселе туындаса, жөн-жобасын көрсетеді. Мұның өзі заңды жетік білмейтін немесе шынайы ақпаратпен құлағдар болмаған тұрғындарға айтарлықтай көмек. Ең бастысы, халықтың мұң-мұқтажы ескерусіз қалмайды. Қажет болса, тұрғындар әр түрлі курста білімін жетілдіріп, кәсіби маман ретінде құжат алып шығады. Сол арқылы жұмысқа орналасып, нәпақасын табуға мүмкіндік алады. Әсіресе, Алматы облысында тұрғындардың жұмысқа орналасуы жеңіл. Бүгінде кәсіптік білім алғандардың 70 пайыздан астамы еңбекте өз орнын тапқан. Сондай-ақ, бизнес-бастау жобасы бойынша кәсіпкерлікке бет бұрып, еңбектің көзін табуға әбден болады. Азаматтарды қайта оқыту арқылы қоғамға қажетті мамандыққа икемдеу керек екені сөзсіз. Бұл техникалық, кәсіптік сала мамандарына деген сұранысты қанағаттандырады. Яғни, төменгі мөлшермен несие беру жайы да айтылды. Қазір несие немесе субсидиясыз кәсіп бастау оңай емес. Нәтижесінде кез келген Қазақстан азаматы несиеге қол жеткізіп, өз жұмысын бастау мүмкіндігіне ие болады. 

Жастықтың алауы жалындап

«Нұр Отан» партиясы жанынан ашылған «Жас Отан» жастар қанаты білімді жастардың қоғамда, саяси өмірде белсенділігін арттырып отыр. «Жасыл ел» жобасы арқылы студенттер жаз айларында ақша тауып, еңбек етуде. Ұйымның облыстық, Астана және Алматы қалалық филиалдары, сондай-ақ, қалалық және аудандық деңгейде бөлімдері жұмыс істейді. «Жас Отан» жастар қанатының кеңесіне барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, Үкіметтік емес ұйымдардың жастар көшбасшылары, жас спортсмендер мен мәдени қайраткерлер кіреді. Жыл сайын «Жас Отан» жастар қанатының съезі өтіп тұрады. Оған өңірлерден жанып тұрған жалынды жастар қатысып, өздері бетпе-бет келген түйткілдерді ортаға салады. Тіпті, жастар алғаш рет онлайн-сайлау өткізіп, цифрландырудың пайдалы жағын дәлелдеді.

Айта кету керек, жастардың әлеуметтік ахуалын көтеру мақсатында «Сәтті қадам» жобасы сәтті түрде жүзеге асуда. Бұл жоба адами құндылықтарға басымдық береді. Яғни, жоғары оқу орнын бітіріп, мамандық алып шыққан жастардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету үшін еңбек ұжымдарынан тәжірибеден өтуге қолғабыс ету. Мұның қатарында техникалық-кәсіптік білім беруге ұмтылдыру, мүмкіндігі шектеулі және жетім балаларды еңбекке баулу мәселесі де назардан тыс қалған емес. Мұнымен қоса, ұлттық бірыңғай сынағынан төмен балл алып, салы суға кеткен талапкерлерге оқуға түсуге мүмкіндік туғызу. Бүгінде еліміздің солтүстік, батыс аймақтарын қазақыландыру және еңбек күшімен қамтамасыз ету үшін арнайы гранттар бөлінеді. Мұны білетіндер де, білмейтіндер де аз емес. Бұл еңбек күшіне мұқтаж өңірдің мәселесін шешуге септігін тигізеді. 

Бұдан бөлек, партияның атқарып отырған шаруасы есепсіз. «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобалары да әлеуметтің әлеуетін арттыруға арналғанын айта кеткен жөн.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясыпорталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: