16 желтоқсан күні дүниеге келген танымал тұлғалар

16 Желтоқсан 2023, 13:00 4985

Бүгін – еліміздегі  елеулі мерекелердің бірі болып саналатын Тәуелсіздік күні. Аталмыш датаның барша қазақстандықтар үшін ерекшелігі мен мән-маңызы зор екені анық. Осы мерекеге орай, El.kz ақпараттық агенттігі 16 желтоқсан күні дүниеге келген тұлғалардың тізімін құрды. 

КСРО және Қазақстан халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бибігүл Төлегенова 1929 жылы, яғни осыдан 94 жыл бұрын Семей қаласында туған.  Ол өзінің мансап жолын 1946 жылы Семейдегі ет комбинатында жұмысшылықтан бастаған. Бибігүл Ахметқызы қазақтың опера және балет театрында біршама уақыт жұмыс істеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісінің өнері тек республикада емес, барша дүниежүзі бойынша танылған. Бибігүл Төлегенованың репертуары қазақтың халық әндерінен, Қазақстан композиторларының шығармаларынан тұрады. Сонымен қатар ол Петр Чайковский мен Сергей Рахманиновтың романстары мен Батыc Еуропаның, яғни Шуберт, Доницетти, Григ сияқты сазгерлердің шығармаларын да орындады.

Халық әртісі Қазақстан Республикасы Президентінің Жеке Алтын белгісі, КСРО және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтары, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты сынды түрлі марапаттарға ие болған.

Ізтілеу Әбуғалиев – Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында 1930 жылы, яғни 93 жыл бұрын дүниеге келген ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы әрі  Қазақстан Ғылым Академиясының академигі. Ол 1953 жылы Сергей Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде білім алған.  Ізтілеу Әбуғалиұлы 1959 жылы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, ал 1995 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығының академик-хатшысы қызметін атқарған.

Қазақстан Ғылым Академиясының академигі Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылымына  қант қызылшасының селекциясын, биотехнология, өсімдік генофонды, сорттық агротехника,биометрия сынды жаңа бағыттарды енгізді. Оған қоса қант қызылшасы, жүгері, күздік бидай сияқты ауыл шаруашылық дақылдарының жаңа сорттарын шығарды.

Ізтілеу Әбуғалиев екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет Белгісі» ордені медалімен марапатталған.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, аниматоршы, суретші Ғани Қыстауов Алматы қаласында 1944 жылы, осыдан 79 жыл бұрын өмірге келген. Ол Алматы училищесін бітіріп, Ленинград театр және кино институтын тәмамдаған.

Өзінің «Аю мен қоян» атты алғашқы мультипликациялық фильмін 1969 жылы түсірді. Одан басқа «Қазына», «Үш тілек», «Бала мен жын», «Қадырдың бақыты», «Сыйлық» сияқты түрлі мультфильмдері жарыққа шыққан.

Ғани Ахметбекұлы I Ұлттық «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің «Шәкен жұлдызы» сыйлығына, славяндық және православиялық халықтардың II Халықаралық «Алтын витязь» кинофестивалінің «Қола витязь» сыйлығы, ең үздік «Астана-Бәйтерек» анимациялық фильмі сыйлығы мен «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медаліне ие болған. Сондай-ақ кинорежиссер Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

Қали Әбдиев – Жамбыл облысында 1956 жылы, яғни осыдан 67 жыл бұрын дүние есігін ашқан Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі агенттігінің төрағасы. Ол Сергей Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде білім алған.  

Қали Сейілбекұлы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқытушы, аға оқытушы, деканның орынбасары, информатика кафедрасының доценті болып қызмет еткен. Сонымен қатар 1997 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика агенттігінің ақпараттық технологияларды дамыту басқармасының бастығы болса, 1998 жылы ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің ақпараттық-есептеу орталығының директоры болған. Сөйтіп, 2003 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі агенттігінің төрағасы қызметіне келген.

Қазақ КСР-інің және КСРО-ның халық әртісі, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Фарида Шәріпова 1936 жылы, 87 жыл бұрын Қытай халық республикасы, Шыңжаң өлкесі, Шәуешек қаласында туған.

Фарида Шәріпқызы Қытай киностудиясы түсірген «Хасен-Жәмила» атты көркем фильміде басты рөлді сомдап, өнерімен көпшілікке танылады. Содан ол Қазақстанға 1955 жылы қайта оралады. Ал 1959 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерва­ториясын бітіріп, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына қабылданған. Фарида Шәріпова қыз аталмыш театрда жарты ғасырдан астам уақыт бойы өнер көрсеткен. 

Халық әртісі көптеген фильмдерде басты рөлді көп сомдап шыққан. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» пьесасында Шолпанның, Әбдіжамал Нұрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясындағы Ақбаланың, Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» пьесасында, Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повестіндегі Жәмиләнің рөлін асқан шеберлікпен орындаған.

Фарида Шәріпқызы КСРО халық әртісі құрметті атағына, мәдениет пен өнердегі орасан зор еңбегі үшін Қазақ КСР халық әртісі, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығы мен КСРО Мемлекеттік сыйлығына, «Парасат» орденіне ие болды.

Талаптан Ахметжан – Күршім ауданы, Теректібұлақ ауылында 1961 жылы, яғни 62 жыл бұрын туған жазушы әрі драматург. Ол 1985 жылы Өскемен құрылыс-жол институтындағы оқуын аяқтап, құрылыс шебері болып қызмет еткен. Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім редактор, «Парасат» журналында Бас редактордың орынбасары, Қазақстан жазушылар одағы басқармасы Төрағасының орынбасары, «Ан Арыс» баспасының Бас редакторы болған.

Жазушының «Сұлу мен суретші», «Тұма», «Ақиқат жолы», «Мұң», «О дүниенің қонағы» сынды прозалық кітаптары бар. Ал жазған шығармалары республикалық театр сахнасында қойылып, орыс, түрік, корей тіліне аударылды.

Талаптан Ахметжан Халықаралық Валентин Пикуль атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан жазушылар одағының Оралхан Бөкей атындағы сыйлығы, Жастар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанған.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: