1500 балаға арналған мектепте 3000 бала оқиды – мектеп директоры

9 Тамыз 2022, 18:00 3229

Биыл елімізде 225-тен аса мектеп салынғалы жатыр

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 2021 жылы 446 491 бала дүниеге келген. Яғни, 6 жылдан кейін ол балалар мектепке барып, білім алады. Жыл сайын елімізде туу көрсеткіші артып келеді. Сондықтан болашақта мектептерде балаларға арналған орын саны жетіспеуі мүмкін. Қазірдің өзінде елімізде мектеп тапшылығы ауқымды мәселелердің біріне айналды. Сол себепті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу керек деген тапсырма берді. Осы тапсырма аясында былтыр елімізде 277 мектеп салынды.

Еліміздегі мектептер саны

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда 7550 мектепте 3,5 миллионнан астам бала оқиды. Елімізде 3800-ге жуық қазақ мектептері және 1100-ге тарта орыс мектептері бар. Ал, аралас мектептердің саны - 2 мыңға жуық. Қазіргі таңда мектептерде орын тапшылығы шамамен 250 мың. Оқу орнының тапшылығын шешу үшін 2025 жылға дейін 1000-нан астам мектеп салу жоспарланып отыр. Былтыр, 2021 жылы, президенттің тапсырмасы аясында 277 мектеп салынды. Биыл 225-тен аса мектеп салғалы отыр. Мектеп құрылысы мен қаржыландыруды әкімдіктер жүргізеді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы № 86 мектеп директоры Базаркүл Сағындықтың айтуынша, 2019 жылдан бастап мектептерде орын тапшылығы қатты байқалады. Бір сыныпта орташа есеппен 30-35 бала оқиды екен.

«№86 мектеп жаңа ауданда орналасқан жаңа мектептердің бірі. Қазіргі таңда мектепте 2650 бала бар. Негізінде бұл мектеп 1200 оқушыға арналған. Былтырдан бері бізде бала саны өте көп. Қазірдің өзінде бірінші сыныпқа балаларды қабылдау бойынша 250 өтініш келіп түсті. Сол өтініштен 33 балаға орын сақтап отырмыз. Мектептің маңайына көпқабатты үйлер салынып жатыр. Ол үйлерге жаңадан тұрғындар көшіп келсе, келесі жылы бала саны тіпті артады. Осы аудандағы мектептердегі бала саны 3000-4000-нан асады.   Сондықтан, жаңа аудан болғандықтан тағы да мектептер салынып жатыр. Дегенмен, олардың құрылысы бітемін дегенше, балалар мектепте амалдай тұрады. Қазіргі таңда мектебімізде бастауыш сыныпқа білім беретін мамандар саны – ­48. Ал, бастауыш сыныпта оқитын балалар саны – 1200. Бұл былтырғымен салыстырғандай әлдеқайда көп», – дейді Базаркүл Сағындық.

Елордадағы халықтың санының күн сайын артуына назар аударсақ, қалада мектеп тапшылығы білінеді. 1500 балаға арналған мектептерде 3000-ға дейін бала оқып жатыр. Бұл елордада ғана емес, жалпы еліміз үшін өзекті мәселе.

Мұғалімдердің білім сапасы

Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасы бойынша «білім сапасын арттыру мақсатында мұғалімдерді 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек» деген болатын. Министрліктің хабарына сүйенсек, бұл бағыт бойынша жаңа жұмыстар іске асырылып жатыр.

«Президентіміздің тапсырмаларын іске асыру мақсатында үлкен әдістемелік, зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Педагогтер уақыт қарқынына байланысты үнемі кәсіби дамуды қажет етеді. «Өрлеу» БАҰО АҚ-ы педагогтер арасында біліктілікті арттыру курстарының үш жылда бір рет өтуіне байланысты көзқарастарын білу, халықаралық тәжірибені зерделеу және орын алып отырған мәселелерді шешу мақсатында сауалнама өткізді. Өткізілген сауалнамаға сәйкес педагогтердің 100%-ға жуығы үш жылда бір рет жұмыстан қол үзе отырып оқығанды қолдайтынын көрсетті», – дейді Оқу-ағарту министрлігінің комитеті.

Сонымен қатар, оқытудан өткен педагогтер курстан кейінгі қолдау түрінде әдістемелік көмек алады. Курстан кейінгі қолдаудың жаңа моделі бойынша семинарлар, вебинарлар және тағы басқа іс-шаралар өткізеді. Сабақты өз мектептерінде зерделеу педагогтердің ғылыми-зерттеушілік әлеуетін, оқытудың тиімді әдістерін қолдану мен оқушылардың оқу үлгерімінің тиімділігін арттырады. Бұл педагогтердің біліктілігін арттырудың соңғы нәтижесі болғалы тұр.

«Сондай-ақ, педагогтердің негізгі құзыреттіліктерін дамыту мақсатында білім беру бағдарламалары қарастырылды. Пәндік бағыттар бойынша жаңа білім беру бағдарламалары педагогтердің құзыреттіліктерін дамытуға, сараланған тапсырмаларды жүзеге асыруға және педагогтерді бағалауға басты назар аудара отырып әзірленді. Пәндік бағыттар бойынша бағдарламаларды дайындау жұмысы барысында педагогикалық дизайн принципі де, кері дизайн принципі де ерекше мәнге ие болды және курстардың мақсаттары нақты өлшеу нәтижелерінде белгіленді. Жаңадан әзірленген бағдарламалардан басқа 122 білім беру бағдарламасы жаңартылып, сараптамалық кеңеспен келісілді. Білім беру бағдарламаларын жаңарту аясында бағдарлама модульдерінің мазмұны қайта қаралды және инклюзивті білім беру, жобалық оқыту (PBL), Soft Skills, ұрпақ теориясы және квалиметрия бойынша өзекті тақырыптармен толықтырылды. Бағдарламалар білім алушылардың академиялық жетістіктеріне назар аудара отырып жаңартылды», – деп хабарлады ОАМ.

Елімізде мектепте жұмыс істейтін мамандар жеткілікті ме?

Ұлттық білім деректер базасының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, бүгінде еліміздің жалпы білім беретін мектептерде 337 975 пән мұғалімдері бар. Сондай-ақ, қазіргі уақытта 3 мыңға жуық педагог жетіспейді. Еліміздегі оқу орындарын 2025 жылға дейін білікті мамандармен қамтамасыз етудің болжамы әзірленді.

Министрліктің айтуынша, «мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидалары бойынша жаңа нормативтік құқықтық акт әзірленді. Осы нормативке сәйкес, педагогтерді қабылдау нақты біліктілік көрсеткіштері бойынша конкурстық негізде жүзеге асырылатын болады. Осы қағидаларға сәйкес жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері, сондай-ақ, педагог қызметін қайта жалғастыратын мамандар аттестаттаудан өтеді. Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін арнайы бағдарламалар әзірленген болатын. Оның ішінде «Дипломмен ауылға», «Серпін», ««Мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тиісті қолдау шараларының пакетімен тарту» бар. Бұл бағдарлама аясында ауылдық жерлерге жіберілген жоғары оқу орындарының түлектері мен жас мамандардың арасында әлеуметтік қолдау жүргізіледі».

Демек, болашақта елімізде жетіспей жатқан мамандар саны толтырылып қана қоймай, олардың білім сапасына да үлкен көңіл бөлінеді.

Сондай-ақ, edu.gov.kyzmet.kz (мұғалімдерді жұмысқа қабылдау, электронды аттестаттау, электронды портфолио, біліктілігін арттыру) бірыңғай электронды басқару жүйесін құру жоспарланып жатыр. Бұл шаралар білім беруді ұйымдастыруға жоғары білікті және құзыретті мұғалімдерді тартуға көмектеседі.


Миражан Махан
Бөлісу: