15 жасында жауға шапқан Райымбек батыр

25 Қыркүйек 2018, 05:44 5689

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған  «Қасиетті Қазақстан»  жобасының берері мол.

Осынау жобаға еніп, кие тұнған қасиетті өлкенің қастерлі мұрасына айналған, әрі терең тарихтан сыр шертетін кесенелердің бірі әрі бірегейі — Райымбек батырдың кесенесі. Оның өнегелі өмірі мен ерен ерлігі, өжеттігі мен өрлігі мәңгі өшпейді.

«О, Жаратқан! Найзаның ұшы, білектің күшімен туған, топырағы үшін жан беріп, жан алысқан, «елім» деп еміреніп, «жерім» деп жауға шапқан Райымбек бабамыздың жүзін нұрлы, топырағын торқалы ет! Ұрпағының өне бойына өрлігі мен ерлігін, тектілігі мен әулиелігін дарыта гөр, әмин!» деп бет сипадым.

Райымбек даңғылының бойымен бабамыздың мазарынан өткен сайын тұла бойымды әлдебір тылсым билеп, осынау бейбіт өмір үшін қасық қаны қалғанша жанын пида еткен қазақ батырларына бас иіп өтуші едім. Бұл жолы жүзіме таңырқай қараған ұлым «Анашым, бетіңізді неге алақаныңызбен сипадыңыз?» деп, сұраулы жүзін қадады. Батыр бабаларым туралы баламның осы күнге дейін бейхабар келуіне айыпты екенімді ішім сезіп, жүзім қызарып кетті. Осыншалық бейқамдығым мен надандығым сол сәтте намысымды түртті. Ілезде қолынан жетектеп, автобустан жүгіре шықтым. «Жүр, балам, саған қазақ батырларынан бір сыр шертейін» деп, аппақ күмбезі көз тартқан Райымбек батырдың басына беттедік. «Бісміллә» деп, табалдырығын аттаған күйі құран оқып отырған ақсақалдың жанына таядық. Баба рухына бағыштап құран оқыған соң, ұлымды ертіп, күмбездің арғы жағындағы орындыққа жайғастық.

 Балам, бұл сенің батыр бабаң, әулие бабаң Райымбек. Білесің бе, сонау XVIII ғасырда шұрайлы қазақ жеріне көзін тіккен сұғанақ жоңғар жұрты шапқыншылық жасайды. Сұрапыл соғыс заманында дүниеге келген Райымбек бабаң жастайынан ерлігімен көзге түсіп, батыр атағына ие болады. Талайлаған қалмақтың бетке ұстар батырларын жеңген. Біле білсең, 33 жыл бойы майданда айқасып, 77 рет ауыр жарақат алса да, сыр білдірместен бір емес, мыңды басқарып, мыңбасы болған кісі.

 Анашым, Райымбек ата бала кезінен мықты болған ба?

 Әлбетте, құлыным, Райымбек Ханкелді деген атақты батырдың немересі болған. Әкесі Түке де жүрегінде түгі бар өжет болыпты. Тіпті, нағашылары да жауға дес бермес қайсар болған екен. Райымбек не бары бес жасқа келгенде ат құлағында ойнапты. Небір асауды бағындырған деседі. Жастайынан топты жарып, талабымен көзге түскен Райымбекке разы болған нағашысы Орақ батыр бір күні көк тайын атайды. Сондай-ақ, жігіттің бес қаруын сайлап, сыйға тартыпты. Нағашысы берген көк тайды ерттеп мінген Райымбек Ханкелді атасынан жауынгерлік шеберлікті игере бастайды. Жеті жасында садақ атып, найзаласып, қылыштасу өнерін игереді. Әлгі көк тайына «Көкойнақ» деген ат қояды. Ат үстінде шауып келе жатып жердегі тиынды іліп алу, жол жиегіндегі шыбықтарды атта отырып-ақ шауып түсуге машықтанады. Осылайша, тай кезінен Райымбектің «жат», «шап», «қарғып түс» секілді бұйрығын бұлжытпай орындаған текті сәйгүлік жауға шапқанда да сүрінбеген екен. Ел ішінде: «Көкойнағына мініп атой салғанда, күркіреген үнінен дұшпаны күңіренген батыр» деген сөз қалған.

 Райымбек атамыз мен сияқты тоғыз жасқа толғанда соғыс өнерін жетік меңгеріп алған ба? Сонда бірінші рет жауға қанша жасында шықты?

Тектінің ұрпағы емес пе, бала күнінен замандастарымен салыстырғанда көш бойы озық болған. Райымбек он бес жасқа келгенде тағы да жаулармен шайқас басталады. Атасы Ханкелді қолды бастап, жорыққа шыққанда Райымбек жылқы бағып, елде қалып қойыпты. Жылқысын үйіріп, үйіне келгенде қалың қолдан қалып қойғанына қатты намыстанады. Қолына қаруын сайлап, анасынан батасын алып, соңынан қуады. Сол кездері буырқанып жатқан Іле өзенінен тосырқап, қалың әскер арғы бетіне өте алмай тұрған екен. «Райымбек, Райымбек!» деп, ұрандап жеткен жас жігіт Көкойнағын тебініп, асау өзенге қойып қалады. Желіп отырып, өзеннің арғы бетіне шығады. Жас болса да қайтпас қайсарлығына қайран қалған сарбаздар оның соңына ілеседі. Осылайша, жауға бірге аттаныпты. Бұл жорықта Райымбек тағы да батырлығын танытады. Қалмақтың ханы Қорынның басын алып, Түргенді азат еткен осы жорығынан соң, Райымбектің атағы аспандайды.

Батырдың Ойрантөбедегі шайқасы тарихта ерекше аңыз болып қалған. Бұл айқас қазіргі Алматы қаласынан Нарынқолға қарай 160 шақырым жерде болған. Осы Ойрантөбеде Райымбек қалмақтың «мен» деген батырларын кезегімен жекпе-жекке шақырып, шетінен қырып отырған. Өзінің кезекті бір шайқасында Райымбек батыр қалмақтың белгілі нояны Бадам-баһадүрді ойсырата жеңеді.

 Ойрантөбе дедіңіз бе?

 Иә, балам, Ойрантөбедегі шайқас жайлы тарихи деректер аз. Дей тұрғанмен, ел аузында қалған аңыздар бар. Аңызға сүйенсек, Ойрантөбеде қазақ пен қалмақ әскері бір-бірін ала алмай ұзақ айқасады. Күші тең екі елдің бұл шайқасы, тіпті, айларға ұласқан екен. Үздіксіз соғыс кең даланы қанға бояпты. Ал, мәйіт төбе болып үйілген деседі. Осыны көрген екі елдің қолбасшылары ортақ мәмілеге келіп, қайтыс болған сарбаздардың денесін қараусыз қалдырмай, ор қазып, соған көмуге уағдаласады. Ақырында бұл соғыста қазақ жеңіске жеткен екен. Ал, қаза тапқандарды келісім бойынша орға көмеді. Үйіліп қалған сүйек үлкен төмпешікке айналыпты.

Айтпақшы, Ойрантөбе жайлы тағы бір қызық дерек бар. Соның бірін жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы есімді жазушымыз өзінің «Райымбек батыр» жайлы жазған мақаласында: «Бала күнімде өзімнің Ешмұқанбет атам Райымбек жайында өте көп әңгіме айтушы еді. Мен ол кезде оларға онша зер салмаппын, көбін ұмыттым. Бірақ, Хангелдінің өз балаларын қалай сынағаны, Ойрантөбенің неге олай аталғаны жайында айтқаны әлі есімде. Атамның айтуынша, тауға жақын жазық жерде қалмақ қолы дамылдап жатады. Айналасы ашық болған соң, қазақтар көрін­бей келіп, тұтқиыл шабуыл жасай алмайды деп сенеді. Сондықтан, бейқамдау болады. «Қазақтар ке­леді-ау» деген шығыс жақ сонадайға дейін көрініп жатқан ашық жер екен. Алайда, Райымбек айласын асырып кетеді. Шығыстан Көкпек шатқалы жақтан келмей, түнде Бұ­ғыты тауынан бұғынып өтіп, қал­мақтардың батыс жағындағы тауға келіп, жасырынып жатады. Жазық жердегі аласа ғана екі төмпешікке бас сүйеп, ұйықтап кеткен қалмақ­тарға таңғы құлқынсәріден «Райым­бек!» деп атой сап, ту сыртынан лап қояды. Алдыңғы бір топ әдейі шо­шып оянған қалмақтар мен үріккен аттарының ортасымен кесе шауып өтеді. Екінші топ аттарына жете ал­май қалған жаяу қалмақтарды ат бауы­рына алып баудай түсіреді. Сөй­тіп, Райымбек қалмақтардың ой­ра­нын шығарған жер «Ойрантө­бе» аталыпты деуші еді» деп баяндайды.

 Қалмақтар Райымбек батырдан қорыққан екен ғой, иә.

  —  Солай, балам, бетке ұстар батырларының басын алған батырдан қалай именбесін?! Айтпақшы, балам, сен жазда Жалаңаш ауылына барып, демалып қайтып едің ғой.

Иә, иә, Талдыбай атам туған жер емес пе? Апаммен бірге барып едік қой. Етегінде қарағайы жайқалған, керемет жер. Мен сол ауылда алғаш рет атқа мініп көрдім ғой.

Сол жерді де жоңғарлар басып алған болатын. Кейін Райымбек батыр ол жерді азат етті. Сонда қалмақтар әлгі шұрайлы жерді қимай-қимай кеткен екен. Оны қалмақтардың мына бір өлеңінен байқаймыз:

«Қош, Таушелек, Жалаңаш,

Түңілді ханың Ағанас.

Райымбек тұрғанда,

Бізге қайғы мал мен бас», десе,

Тағы бір өлеңінде:

 

«Көмірші мен Темірлік,

Берік еді ордамыз.

Біз қазақты шапқанда,

Еркін еді олжамыз.

Райымбек келгенде,

Таба алмадық қорғаныс.

Елін тастап қашты ғой,

Қарсыласпай хан Арыс», деп жазады.

Ғажап қой, анашым. Райымбек батыр жекпе-жекте жеңіліп көрмеген ғой. Неге жеңілмеген? Әулие болған ба?

«Әулие» сөзінің мағынасы, «жаратқанға жаққан, құдайдың сүйіктісі болған жан» дегенді білдірмей ме? Райымбек бабамыздың батырлығымен бірге өне бойынан парасат пен зеректік табылып отырыпты. Кегенге бара жатқандағы жол есіңде ме? Таулардың арғы бетінен кең жазық шықпай ма? Көкпек жазығы деп едім ғой. Сол жазықтың түстігінде Торайғыр деген тау бар. Бір ұрттам суы жоқ тау болатын. Ал, жазықтың солтүстігінде сулы, шұрайлы бұғыты тауы бар. Сол замандарда Бұғыты тауын иемденіп алған қалмақтар Райымбек батырдың сарбаздарын шөлге қарай ығыстыра береді. Бір жұтым суға зарығып, қатала болған сарбаздарын алып қалу керек қой. Сонда Райымбек батыр қырыққа таяған екен. Өзінің ақыл-парасатын іске қосып, «су шығады-ау» деп болжанған жеріне найза қадайды, сол тұстан бүлкілдеп бұлақ шығады. Күні бүгінге дейін жұрт «Найзасын жерге қадағанда бұлақ шықты» деп, жыр қылып айтып жүргені осы. Бүгінде сол бұлақ киелі бастау саналады. Өзіміз барып, арнайы тоқтап, су ішіп қайтатын жердің сыры осындай, балам.

Райымбек тек жауына найзасын сілтеген батыр ғана емес, елінің қамын ойлап, көшпелі халқын отырықшылыққа баулыған азамат. Oл Aлматы облысының кей өңірлерінде қазылған тоған арқылы егін суарудың тәсілдерін тауып, халқына егіншілікпен айналысудың жолдарын көрсеткен. Албан ішіндегі Алжан руынан шыққан көкжал талай мәрте орта жүзге қол ұшын беріп, соғыс кезінде көмекке келген. Батыр бабамыз 1729 жылы белгілі Аңырақай шайқасында Наурызбай, Қабанбай, Бөгенбай, Өтеген сынды қазақтың әйгілі батырларымен бас қосып, Сары Мыңжаның әскерін талқандайды. Замана тудырған осы батырлардың қатысуынсыз жүз жылға созылған соғыстың соңғы нүктесі ретінде 1756 жылы қазақтардың қалмақтарды біржола жеңуі екіталай еді.

Райымбек ата неге жол бойында жалғыз жатыр? Қасында басқа күмбез көрінбейді ғой, анашым.

Е-е-е, балам, бұл сұрағыңның да жаны бар. Ол замандарда дәл қазіргідей зәулім шаһар болған жоқ. Жол жиегінде бақилық болғандардың бейіті болатын. Бір төмпешікте Райымбек батырдың да денесі жатқан. Жаңа құрылыс салыну жұмыстары қызып жатады. Дәл осы күмбездің орнын да қырып, ғимарат салу жоспарда болған екен. Әйтсе де, көзкөргендер мен қарттар бабаның сүйегі жатқанын ескертіп, бұл бейітті бұзуға қарсылықтарын білідіреді. Әйтсе де, құрылыс басшылығы ескертуге құлақ аспаған көрінеді. Енді, мына қызыққа қара, балам, бейітті қыруға келген бульдозер Райымбек басына таяғанда өшіп қала беріпті. Райымбек батыр бейітінен кейін шегінсе, оталып кетеді екен. Қанша бұзуға ұмтылыс жасалғанымен, еш нәтиже бермейді. Осылайша, Райымбек батырдың рухы темір техниканы тежеп, көпшілікті қайран қалдырады. Бұл жердің киелі екеніне баршаның көзі жетеді.

Анашым, анау Райымбек атамыздың мазарына кіре берістегі түйенің мүсіні нені білдіреді?

Бірде Қабанбай батыр: «Райымбек, ерлігің аңызға айналды, даңқың атаң Қангелдіден асып, есімің елге ұран болды. Мәңгілік орның қайда болар деп межелейсің?» депті. Сонда киелі батыр: «Бір ызың құлағымнан күндіз-түні кетпейді. Соған қарағанда, сүйегім у-шудың ортасында қалатын тәрізді», деген екен. Дүние саларында: «Сүйегімді ақ түйеге артып қоя беріңдер. Қайда шөксе, сол жерге жерлеңдер» деп, аманат етіпті. Баба сүйегін артқан түйенің неше күн жүріп келіп, шөккен жері дәл осы жер екен.

Солай, балапаным, батыр бабаң туралы көбірек білгің келсе, Жолдасбай Тұрлыбайұлы атаңның «Райымбек батыр» атты кітабын оқы. Ақын Мұқағали Мақатаев атаңның «Райымбек» атты поэмасын жатта. Ерлігі өне бойыңа сіңсін. Бабамыздың рухы қолдағай бізді!

Бөлісу: