1,5 миллион қазақстандық несиелерін төлей алмай жүр – депутат

4 Қазан 2023, 13:42 1262

Ұлттық банк мәліметтеріне сүйенсек, бір жылдың ішінде тұтыну кредиттерінің көлемі 28 пайызға өскен. Бұл туралы мәжіліс депутаты Олжас Құспеков айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.  

Елдің экономикалық белсенді тұрғындарының 80 пайыздан астамының қолданыстағы несиелері бар. Салыстыру үшін АҚШ-та бұл көрсеткіш 20 пайызды құрайды. 1,5 миллион адамның ағымдағы несиелері бойынша мерзімі 90 немесе одан да көп күн өткен. Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдардың құлдық жағдайы халықты қарыз тесігіне итермелеуде. Микроқаржы ұйымдарының қызметі мемлекет тарапынан реттелмейді, ал пайыздық мөлшерлемелер тым жоғары. Соның салдарынан азаматтарымыз өндіріп алушылардың, сот орындаушыларының жұмысына тап болып, банкроттық рәсімінен өтуге мәжбүр, - деді депутат.

Депутат осы мәселелерді шешуге бағытталған үкіметтің бастамалары тек қысқа мерзімді нәтиже береді немесе аяқсыз қалып жатқанын айта кетті. 

Мәселен, былтырғы 4 пайыздық жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасы құмға сіңген судай әсер берді. Бағдарламаға өтініш бергендердің саны 125 мың адамнан асып түсті. Алайда платформа іске қосылған сәттен бастап тек 791 адам ғана 18 секундтың ішінде тіркеліп үлгеріп, бағдарлама ел арасында күлкі мен келемежге айналды. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді шешу үшін халықтың қарыз ауыртпалығы мәселесін түбегейлі шешетін ұзақ мерзімді қаржы құралын енгізу қажет, - деді Құспеков. 

Депутат жеке тұлғаларға арналған лизингті Қазақстан Республикасының азаматтары үшін неғұрлым заманауи қаржылық өнім ретінде енгізуді ұсынды. Айтуынша, тұтынушылық лизинг дамыған елдерде кеңінен қолданылады.

Қазақстан нарығында бұрын болмаған экономикалық қызметтің жаңа түрін құру материалдық игіліктерге қол жеткізуді жақсарту және қаржылық сауаттылықты арттыру арқылы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл банктік несиеге арзан баламаға көшу есебінен халық арасындағы қарыз деңгейін төмендетеді. Осыған байланысты жеке тұлғаларға лизингті енгізу үшін Салық кодексіне және «Қаржылық лизинг туралы» Қазақстан Республикасының заңына тиісті өзгерістер енгізу қажет, - деді мәжілісмен.

Миражан Махан
Бөлісу: