1,4 млрд теңге шығын: Антикор Арнайы ХҚКО-ға қатысты тергеуді аяқтады

15 Мамыр 2023, 14:22 972

Антикоррупциялық қызмет Астана қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ мамандандырылған бөлімінің қызметкерлері мен азаматтық тұлғалар қатарынан ұйымдастырылған топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ведомство мәліметінше, қылмыстық іс «Web-Модуль» және «ИИС ЦОН» ақпараттық жүйелерінде көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау фактілері бойынша тергелді.

Қылмыстық топ 2022 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында заңнамада қарастырылған алымдар мен төлемдерді төлеместен шетелден әкелінген 475 автокөлікті заңсыз тіркеді. Осыған байланысты мемлекетке 1,4 млрд теңге көлемінде аса ірі көлемде залал келтірілді. Барлығы 30 адам қылмыс жасады деп күдіктелуде. Олардың қатарында Астана қаласы бойынша №2 Арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, 4 полиция қызметкері мен автокөліктерді заңсыз рәсімдеу бойынша өз қызметтерін ұсынған делдалдар бар, - делінген мәліметте.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр.

Антикоррупциялық қызмет азаматтарды көліктерді тіркеу кезінде делдалдардың қызметіне жүгінбеуге шақырады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: