13 тілде еркін сөйлейтін Диана тілді тез үйренудің құпиясын айтты

15 Қыркүйек 2022, 11:33 7006

Полиглот Диана Галимжановамен сұхбат

«Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың» деген сөз бекер айтылмаған. Бірнеше тілді меңгерген адам өзге ұлттың мәдениетімен, салт-дәстүрімен, ерекшелігімен таныс болып, өмірге деген көзқарасы кеңейе түседі. Оған қоса бәсекеге қабілетті маман ретінде дамуына үлкен көмек болады. Көп тілді білу түрлі мүмкіндіктерге жол ашады.

Елімізде жұрт қызыға қарайтындай, білімді, жан-жақты полиглоттар аз емес. Солардың бірі Диана Ғалымжанова. Ол тіл үйренуді жастайынан бастаған. Қазіргі таңда 13 тілді меңгеріп үлгерген полиглот «Достық» америкалық және халықаралық мектебінің президенті, кәсіби аудармашы ретінде қызмет атқарып жүр. Тілді үйренудегі тәжірибесі, оның әдіс-тәсілдері туралы өзінен сұхбаттасу арқылы білдік.

–      Диана, алдымен өзіңізді оқырмандарға таныстырып өтсеңіз.

–      Жасым 25-те. Атырау қаласының тумасымын. Қазір елордада тұрамын. Педагогика және Шығыс Еуропа тілдерін оқыту, халықаралық қатынастар мамандықтары бойынша білім алдым. Ресей, Азия, Еуропа елдерінде тәжірибеден өтіп, бірнеше шет тілінен сабақ бердім.

–      Тілге деген қызығушылығыңыз қашан пайда болды? Неше жастан бастап тіл үйрене бастадыңыз?

–      Тіл үйренуге деген қызығушылығым 8-сыныптан басталды. Бірде Анам екеуміз автобуспен кетіп бара жатқанда қасымызда отырған қыз телефонмен бірнеше тілде сөйлесіп отырды. Үйге келген соң анам маған көп тілді білгеннің қандай пайдасы бар екенін, оның адам өмірінде алатын орны жайлы айтып, түсіндірді. Сол сәттен бастап менде «Көп тілді білу, үйрену қажет» деген ой қалыптасты.

Мектеп кезінде ағылшын тілін ұнатпайтын едім. Тек баға үшін оқыдым десем де болады.

Ал жалпы тіл үйренуге қытай тіл арқылы қызыға бастадым. Бір күні әкем маған «Диана, қытай тілін үйрететін бір мұғалім бар. Оқып көргің келмей ме?» деді. Басында «Қытай тілі не үшін қажет? Мен шетелге барғалы жатқан жоқпын ғой» деп ойладым. Кейін тілді үйреніп көруге шешім қабылдадым.

–      Сіз мектеп оқып жүрген кезіңізде ағылшын тілін ұнатпайтын едім дедіңіз. Ал оны қашан өз еркіңізбен оқып, үйрене бастадыңыз?

–      Қытай тілін 4 ай бойы оқып жүргеннен кейін маған ағылшын тілін үйрену жеңіл болды. Өйткені қытай тілін ағылшын тіліне қарағанда үйреніп кету қиын. Алдымен ауыр тілді оқып бастағандықтан, әрі қарай ағылшын тілін оқу жеңілірек болды. Адамдарға үнемі айтып жүретін бір кеңесім бар: Егер қандай да бір тілді үйрене алмай жатсаңыз, онда басқа тілді байқап көріңіз деймін. Себебі қазіргі таңда бір ағылшын тілінің өзін жылдап оқитындар көп. Білім алушы бір тілді меңгере алмай жатса, екіншісі жеңіл қабылдауы мүмкін.

–      Қытай мен ағылшын тілінен кейін қандай тілдерді үйрендіңіз?

–      Қытай тілінен сабақ беріп жүрген ұстазым кәріс, жапон, француз, неміс, италиян сияқты бірнеше тілді білді. Осылайша мен тәлімгерімнен тіл оқуға деген үлкен шабыт алдым. Мен де бірнеше тілдерді үйрене бастадым. Қытай, ағылшын тілін оқығаннан кейін италиян, жапон, француз тілдерін кезек-кезек үйрендім.

–      Қандай тілдерді жетік меңгергенсіз? Оларды үйрену үшін қанша уақыт кетті?

–      Қазір мен 13 тілде еркін сөйлеймін. Атап айтқанда, қазақ, орыс, ағылшын, испан, италиян, француз, неміс, чех, поляк, португал, жапон, қытай, кәріс тілдерін біліп қана қоймай, еркін, кәсіби деңгейде аударма жасай аламын.

Қытай тілін үйрену үшін көп уақыт кетті. Оны шамамен 1 жылдың ішінде оқысам, жапон тілін 9 айда үйрендім. Неғұрлым көп тілді меңгерсең, соғұрлым басқа да тілдерді оқып кету жеңіл болады.


Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

–      Қай тілді жеңіл әрі тез үйренуге болады?

–      Кез келген тілді үйрену үшін алдыңа қойған мақсатың болуы керек. Оны не үшін және қанша уақыт ішінде үйренгің келеді деген сұрақтардан бастау қажет. Сондай-ақ тілді меңгеру барысында күнделікті өмірде қолданып жүрген сөздерді жаттаған жөн. Бірден білмейтін немесе сирек қолданылатын сөзден бастаудың керегі жоқ.

Мәселен, тамақ ішу, ұйықтау, кітап оқу, теледидар көру деген сияқты жеңіл сөздерден сөйлем құрауды үйренуге болады. Тілді айналаңыздағы көрген заттарға қарап, оны аударып, сөйлем құрап үйренсеңіз өзіңізге жеңіл болады. Оны толыққанды үйреніп алу үшін оған тек күніне 1 сағат уақыт бөліп қана қоймай, өміріңнің бір бөлшегіне айналдыру керек.

Сонымен қатар әр күнге бір дедлайн белгіліп отыру қажет. Мысалы 20 күн ішінде 100 сөзді жаттап алуым керек деген секілді талаптарды орындап отырған жөн. Ал сол тілді үйрену кезіндегі жаттап алған сөздерді міндетті түрде айтып, қолдану керек. Өйткені 1 күнде ғана жаттаған сөз, екінші күні ұмытылып қалуы мүмкін.

–      Өзіңіз білетін тілдердің ұқсастығы мен ерекшелігі қандай?

–      Мысалы, екі тілді салыстырайық. Жапон тілінде үш әліпби болса, қытай тілінде әліпби жоқ. Бірақ жапон тілінде қытай тілінің кейбір иероглифтері кездеседі. Сондықтан қытай тілін білетін адам, жапон тіліндегі мәтінді түсіне алады.

Одан бөлек италиян және испан тілдері өте ұқсас, бірақ айта кететін бір айырмашылығы италиян тілінде ызылдаған дыбыстар көп, ал испан тілінде анық дыбыстар бар. Мысалы, итальян тілінде сіздің атыңыз кім «come si chiama «комэ си кияма» және испан тілінде «come se llama «комэ сэ яма» деп айтылады.

–      Полиглот болуыңызға не себеп болды?

–      Бірнеше тілді үйреніп, таным көкжиегімді арттыруға тікелей ата-анам себепші болды. Себебі олар мені кішкентай кезімнен бастап оқытып, түсінбеген нәрсемді түсіндіріп, үнемі көңіл бөліп жүретін. Негізінде көбісі менің анамды не әкемді мұғалім немесе полиглот деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде олар ұстаз да, полиглот та емес. Бар болған әкем мені қаржылай қамтамасыз етсе, анам менің білім алуыма өте қатты көңіл бөліп отырды. Маған мотивация берген де менің ата-анам.

Кішкентай кезімнен бастап тіл үйрену туралы анам көп айтатын. Тіпті мысал ретінде «мына жүргізуші жақсы сөйлейді екен, неше түрлі тілді біледі» дейтін. Тілдерге жастайымнан бастап қызығып, кейін бірне тілді оқып, үйрене бастадым десем де болады. Яғни, кішкентай кезімнен бергі қызығушылығым мен ата-анамның берген дұрыс тәрбиесі полиглот болуыма себеп болды деп ойлаймын.

–      Тілдерді үйрену барысында қандай қиыншылықтарды кездестірдіңіз?

–      Менің ойымша тіл үйрену барысында мотивацияны бірқалыпты ұстап тұру өте қиын. Кейде алған біліміңмен қанағаттанып, бір орында тоқтап қалатын кездер болады. Сондықтан әрқашан да білім алудан жалықпау керек. Үйреніп жатқан тіліңді өзіңнің ана тіліңмен бірдей, мінсіз деңгейде білетін жағдайға жеткізуің қажет.

Әрине, кейде қайта-қайта оқи беріп жалығатын кездер де болады. Тіпті кейде оқудың шегі бар ма, жоқ па деп ойлайсың. Бірақ ондай жағдай орын алған кезде үнемі өткен шақты еске алып, бүгінге дейін қандай жетістікке жеткендеріңді есіңе алып отыруың қажет. Мен осыншама сөзді жаттап, тілді үйрене алдым, демек мен мықтымын, менің қолымнан келеді деп айту керек. Сонда өзіңе өзің мотивация бере аласың.

–      Бір тілді үйренуге шамамен қанша уақыт кетеді?

–      Ол білім алушының қандай деңгейге дейін жеткісі келетініне байланысты. Кез келген тілдің бір деңгейін үйрену үшін ұстазбен 30 сағаттық, жеке 30 сағаттық дайындықты қажет етеді. Көбісі тіл үйрену курстарына барып алып бір ғажайыптың орын алғанын күтеді. Шын мәнінде тіл үйрену адамның тікелей өзіне байланысты. Қаншалықты өзіне уақыт бөледі, қандай талаптарды қояды деген сияқты сұрақтарды қойып, білім алу үшін күнделікті үйінде дайындалуы керек.

Ал егер оқушы кәсіби деңгейде оқығысы келетін болса, оған бірнеше жыл қажет болады. Себебі бұл тіл болғандықтан, уақыт өте келе көптеген жаңа сөздер, терминдер пайда болып отырады және грамматикадағы өзгерістер мен жаңа ережелерді жаттап отыру керек. Қазір мен ұстаз болып қызмет атқарып жүрген күннің өзінде  үнемі кәсіби біліктілігімді арттырып отырамын.

–      Полиглот болудың қандай артықшылықтары бар?

–      Негізі полиглот болудың артықшылықтары да, кемшіліктері де бар. Ең алдымен артықшылықтарынан бастағаным жөн шығар. Бірнеше тілді қатарынан білетін адам әлемдегі кез келген адаммен сөйлесе алады деп айтуға болады. Мысалы бір ұлттың адамымен жай әңгімелескен күннің өзінде олар сені құрметтеп, мәдениетіңе, тіліңе қызығушылық танытады. Тілді білгеннің арқасында өзімді ыңғайсыз сезінбеймін, кез келген тақырыпта еркін сөйлесіп, ақпарат ала аламын. Тіпті кейде оларға көмек те беріп қалуым мүмкін.

Екіншіден, кез келген жерден ғаламтор арқылы тікелей шетелден тауарға тапсырыс беруге болады. Сонымен қатар сатып алған заттың қайдан келгенін, оның құрамын түпнұсқа тілден аудармай оқуға мүмкіндік бар. Тіпті ғаламтордан әртүрлі шетелдік сайттарға кіріп, қажетті дереккөздерді таба аламын. Кейде халықаралық онлайн кітапханаларға да кіріп, кітаптарды оқып шығуға болады.

Үшіншіден, шетелдік фильм не кітап болсын, оның аудармасын сағаттап күтпей-ақ көріп, оқи аламын. Менің оқушыларым тікелей түпнұсқасын аудармай көре алатыныма қызығып қарайды. Бұл оларға мотивация береді. Яғни, тіл білгеніңнің өзі де өзгелерге шабыт береді.

Төртіншіден, әлемге деген көзқарасың өзгеріп, таным көкжиегің кеңейе түседі. Тіл үйренген сайын әлемді басқаша қабылдай бастайсың. Білімің де ұлғаяды.

Ал кемшілігіне келер болсақ, тек біреуін ғана атай аламын. Ол бір тілден екінші тілге ауысу. Себебі бір-біріне ұқсас тілдер бар. Кейде бір нәрсені айтамын деп, басқа тілдегі сөзді қосып не алмастырып жіберуің мүмкін.

–      Тіл үйренгісі келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

–      Ең алдымен уақытты қадірлеуге кеңес берер едім. Әзірге жас, ешқандай мәселелері жоқ кезінде уақытты босқа өткізіп алмай, бірден тіл үйреніп алған дұрыс. Себебі адамның жас кезінде есте сақтау қабілеті де жоғары, күші деп көп болады. Соның арқасында тілді меңгеру аса қиыдық тудырмайды. Қазір менің жасы біршамаға келіп қалған білім алушыларым бар. Олар өзінің бала күнгі арманына қолжеткізіп, тіл үйреніп алғысы келеді. Қанша жерден тіл үйренуге деген мотивациясы болғанымен жалындап тұрған жастық шақ жетіспейді. Сондықтан да мен жастарға тіл үйренуді дәл осы сәттен бастауға кеңес беремін.

–      Сұхбатыңызға рахмет!


Ажар Лаубаева
Бөлісу: