Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы атап өтіледі. Бұл тарихтағы маңызды кезеңдердің бірі, өйткені 80 жыл бұрын 1945 жылы әлем тарихындағы ең қанды Екінші дүниежүзілік соғысы аяқталды. Совет одағы мен оның одақтастары фашизмге қарсы күресіп, жеңіске жетті. Елімізде қанды майданға аттанып, ерлік көрсеткен ардагерлердің саны азайып барады, ал олардың әрбірінің айтары біз үшін өте құнды. Осы ретте El.kz тілшісі сұрапыл соғыста от кешіп, қан майданның арасынан аман шыққан, бүгінде ғасырдан асып отырған соғыс ардагері Яхия Тасыровпен тілдесті.
Бұл Жеңіс тек Кеңес Одағының емес, бүкіл әлемнің тарихындағы ең үлкен мереке болып қала береді. Бұл мереке – соғыс ардагерлері мен тылда еңбек еткендердің құрметіне, сондай-ақ, ұрпақтан-ұрпаққа ерліктің, батырлықтың үлгісі ретінде атап өтіледі.
Қазақстанның көптеген азаматтары соғысқа қатысты. Қазақ жауынгерлері ерлігі мен батырлығын көрсетті, олардың көбісі майдан даласынан оралмады. Соғыс жылдары әртүрлі шайқастарға қатысқан ардагерлер тек әскери қызметті ғана емес, тылда жұмыс істеуді де міндетіне алды. Өткен ғасырдың ауыр жылдарында олар тек Отан үшін емес, бүкіл әлем үшін үлкен жеңістің туын тікті.
Ардагерлердің ұрпақтары мен бүгінде жас ұрпақ олардың ерліктерін ұмытпауға және есінде сақтауға міндетті.
Ұлы Отан соғысына қатысып, аман қалған майдангердің өмірі қиындықтар мен қайғы-қасіретке толы болды. Сұрапыл соғыста талай қиындықтарды бастан өткеріп, өз елін қорғау жолында бар күш-жігерін сарп етті. Майданда жүріп, көптеген шайқастарда жеңістер мен жеңілістерді бастан кешті. Бірақ ол ешқашан сенімін жоғалтпай, соңына дейін күресіп, жеңіске жетті. Оның ерлігі мен батырлығы бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Бүгінде Ұлы Отан соғысына қатысып, қиын-қыстау кезеңдерде аман қалған майдангердің өмір жолы елге деген шексіз сүйіспеншілік пен жанқиярлықтың айқын үлгісіне айналды. Майдан даласында 70 келі пулеметті жалғыз өзі көтеріп, жеңісті жақындатқан Яхия Тасыров 2 қаңтар күні 103 жасқа толды.
жеке мұрағат
Ақсақалдың балалық шағы аумалы-төкпелі қиын заманда өткен. Отбасы жағдайымен Өзбекстанға барып, сол жерден Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Бойын енді түзеп келе жатқан 19 жастағы жігіт Ташкент облысы, Фрунзе аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскерге алынады. Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылдың қазанында майданға жіберіледі.
Соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыров ақсақал Сталинград, Курск, Баранович және Польша жерлерін жаудан азат етуге қатысып, қызыл майданның ортасында жүріп, Данциг портында ауыр жарақат алады. Осылайша ардагер 1945 жылдың тамыз айында елге оралады.
Ерен ерлігі мен батырлығы үшін «Қызыл Жұлдыз», І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдарымен, «Кеңес Одағының Батыры Маршал Г. К. Жуков» медалімен және басқа да көптеген наградалармен марапатталған.
Соғыс ардагері сол бір қанды шайқас жылдарындағы ауыр сынақтарды ешқашан ұмытқан емес. Әлі күнге дейін есіне алады. Бүгінде Яхия Тасыров – Қызылорда облысындағы Сырдария ауданының құрметті азаматы. Кент көшелерін жаяу аралап жүретін қазыналы қарттың өмір жолы талай қиындықтармен өрілген. Ол кейінгі ұрпаққа соғыстың ауыр зардаптарын көрмеуін тілеп, бейбітшілік пен тыныштықтың мәңгілік болуын қалайды.
Халқымыз аман болып, ауызбірлікте өмір сүрейік, «іштен шыққан жау жаман» дейді ғой, тыныш заман болсын. Қазіргі заман жақсы ғой, бұрын мұндай бейбіт өмір сүрмедік. Ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қаншама жерді алып, қазақты аман-есен жеткізді. Қазіргі кезде Президенттің басшылығымен еліміз жақсы жолмен дамып келеді. Бұл саясаттың нәтижесі, халқымыздың болашағына тиімді. Бейбіт өмір сүру – бақыт, сол бақыттың маңызы – халықтың тыныштығы мен амандығында, – дейді майдангер.
Қазыналы қария бүгінде халқымыздың саны 20 миллоннан асқанын, енді бір күндері 40 миллионға жетсек екен деп тілейді. Сондай-ақ қария қазіргі жастарға ақылын айтып, келешек үшін маңызды кеңестер берді. Өз сөзінде білімнің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Білім алу – бұл тек сіздер үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды нәрсе. Оқу мен іздену арқылы ғана өз орныңды таба аласыңдар. Кітап – шынайы білімнің көзі. Ол тек сөздерден ғана емес, адамды өмірге, ақыл-ойға жетелейтін рухани күш, – деді.
Қария сөзінің жалғасында: «Адамның жетілуі тек қол жеткен білімде ғана емес, оны дұрыс қолдануда. Қазіргі заманда іздену, жаңа нәрселерді үйрену аса маңызды. Сондықтан кітап оқуды, ғылым мен білімге құштар болуды тоқтатпаңдар. Ыбырай Алтынсарин айтқандай, «Оқысаңыз балалар, шамнан шырақ жағылар» деген сөздерді естен шығармаңдар, деп жастарды білімге шақырды.
жеке мұрағат
Сондай-ақ майдангер жастардың жалқаулықтан арылып, мақсаттары үшін тынымсыз еңбек етуі керектігін айтты. «Кітаптың дүниесі шексіз. Оқыған сайын жаңа дүние аша бересің, жаңа әлемге енгендей боласың. Білімді адам ғана қоғамға пайда әкеліп, елінің болашағын жарық ете алады», – деді ардагер Яхия Тасырова.
Сұрапыл соғысты көзімен көрген ардегер Ұлы Жеңістің 80 жылдығын көремін деп ойламағынын айтады. Тәуекел етіп, елдің қамы үшін соғысқа қатысып, от пен жалыннан аман қалғанына шүкірлік ететінін жеткізді.
Мұндай ұзақ ғұмырды көремін деп ойлаған жоқпын. Құдайдың қалауы ғой, ғасыр өмір сүру — аз уақыт емес. Көргендерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, сол заманды, зұлмат соғысты көргеніме қайран қаламын. Заман өзгерді, бірақ біздің көргеніміз тарих. 103 жасқа келіп, балаларымның қызығын көріп отырмын. Елімінің, балаларым мен немерелерімнің амандығын тілеп отырамын. Халқыма, еліме рақмет!, – дейді 103 жастағы майдангер.
Бір сұхбаттарында қария: "Ендігі арманым – 110-ға келу" деп айтқан екен. Ауданда соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыровты танымайтын адам сирек. Соғыстан аман-есен оралған ардагер бейбіт уақытта адал еңбек етіп, өнегелі отбасының тірегіне айналды. Қария бүгінде батагөй ақсақал ретінде көпшіліктің құрметіне бөленіп жүр. Оның ел Президентіне, облыс және аудан әкімдеріне арналған ақ батасы бар.
Сол сұрапыл жылдардың ортасында майдан даласында болған әрбір сарбаздың тәні ғана емес, жаны да жараланды. Қып-қызыл от пен оқтың арасында қан кешіп жүріп, олар батырлық танытып, ерлік жасады. Алайда, өзімен бірге қанды көйлек жауынгер майдан даласында қас-қағым сәтте жер жастанып, ажал құшып жатты. Бұл ет пен сүйектен жаралған адам үшін аса ауыр болды. Әрбір соғыстың куәгерінің тәні мен жанының жарақат алуы да осыдан туындады.
Қан майданның ардагері туған жерге жеңіспен оралып, бейбіт күндерде қоғам жұмысында белсенділік танытып, еңбек етті. Аудан орталығындағы сүт зауытында 16 жыл бойы қойма меңгерушісі болып жұмыс істеп, 1960 жылы Жалағаш сүт зауытында шебер болды. 1962 жылы ауылға оралған соң, Өзбекотын елді мекенінде 10 жыл бойы қойма меңгерушісі қызметін атқарды. 1972-1982 жылдары «1608-жылжымалы механикалық колонна» мекемесінде еңбек етіп, 1982 жылы аудан орталығындағы астық қабылдау пунктінде жұмысын жалғастырады. Осы қызметінен зейнет демалысына шығады.
жеке мұрағат
Келіні Гүлбанудың сөзінше, майдангердің немересінің ең үлкені 1985 жылғы. Қазіргі таңда қарияның асты-үстіне түсіп, күтімін жасап отырған Гүлбану бұл шаңыраққа келін болып түскеніне 5 жылдай уақыт болғанын айтты. 103 жасқа келсе де шөберелерін ойнатып, ақ батасын беріп отыратынын жеткізді.
Бүгінде ардагер – ел-жұртқа қадірлі, ауданның құрметті ақсақалы, балаларына ардақты әке, немерелеріне абзал ата болып, ұлағатты өмір сүруде.