«100 қадам» мұнай саласына серпін береді

3 Тамыз 2015, 12:38

Елімізде бензин мен дизель отыны жақын аралықта қымбаттамайды.

Елімізде бензин мен дизель отыны жақын аралықта қымбаттамайды. Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жер қойнауын пайдалану саласындағы ілгері реформалар тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында мұнай саласына қатысты біраз мәселе сөз болды. Вице-министрдің айтуына қарағанда, Қазақстанда жанармай бағасы негізінен көктемгі немесе күзгі егіс науқанына қатысты емес, әлемдік ахуалға, соның ішінде, көршілес елдердегі жағдайға қатысты өзгеріп отырады. «Біз Ресейден 30 пайыз мұнай өнімдерін, яғни бензин мен дизель отынын импорттаймыз. Қазіргі таңда мұнай өнімдерінің бағасына күрт өзгерістер байқалмайды. Сондықтан да, егіс науқанының жұмыстарына байланысты бағаның көтерілуі болмайды. Егер ондай жағдай орын алса да, ол негізінен нарықтағы бағаның өзгеруі нәтижесінде орын алуы мүмкін», деп түсіндірді Ұзақбай Қарабалин.

Энергетика бірінші вице-министрі, сонымен қатар, Қазақстан мұнайы әлемдік нарықта жоғары бағамен сатылып жатқанын атап өтті. «Қазақстан мұнайының экспорттық бағасына келсек, қазіргі күні бұл барреліне шамамен 54,3 долларды құрайды. Жалпы, мұнай сатылғанда мұнайды тасымалдау заңнамасына сәйкес, бекітілген бағадан көп мөлшерде төмен түсіруге рұқсат етілмейді. Бұл бақылауда тұрады. Сол тұрғыдан алсақ, Қазақстанның мұнайы қашанда жоғары бағамен кетіп жатыр», деп нақтылады Ұ.Қарабалин. Вице-министр сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» компаниясы өзіне тиесілі жанар-жағармай стансаларын жекеге сатады» деген ақпаратқа да түсінік беріп өтті. «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғам болғандықтан, мемлекет қазынасының қарауындағы қоғам. Сондықтан олардың шешімі қабылданып жатса, бұл нарыққа әсер етіп, елде жанармай тапшылығына ұшыратпайтын болса, бұл олардың өздерінің құқы болып табылады. Дегенмен, бізге қазір ондай ақпарат түскен емес. Мәселе қойылса ол Үкіметте талқыланып қаралуы тиіс», деді ол.

Мұнай саласында көп көтеріліп жүрген тақырыптың бірі – төртінші мұнай зауытының салыну-салынбауы жайындағы әңгіме екені белгілі. Вице-министр бұл туралы да өз ойымен бөлісті. 2023 жылдан кейін Қазақстанда дизель отыны өндірісі тапшы бола бастайды. Сондықтан да, төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысын қазірден ойлау керек, дейді Ұ.Қарабалин. Сөз арасында вице-министр Қазақстандағы үш зауыттың қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, төртінші жаңа мұнай өңдеу зауыты іске қосылғаннан бастап елімізде бензинге ішкі сұраныс толық қамтамасыз етілетінін атап өтті. Бұл ретте зауыттың орналасатын орнын айқындап, инвесторлар табу, жобаның экономикалық тиімділігін қамтамасыз етуіміз керек. Осыған байланыс­ты Үкімет төртінші зауыттың құрылысы туралы мәселені қарастыруда. Төртінші зауытқа қатысты қазіргі таңда әкімдіктер тарапынан да, түрлі компаниялар тарапынан да көптеген ұсыныстар түсуде. Ондай ұсыныстар арнайы комиссияның қарауында жатыр. «Бұл мәселеде ең бірінші кезекте таза экономикалық қадам басымдыққа ие болып табылады, сосын логис­тика, мұнаймен қамтылу, сондай-ақ, өндірілген мұнай өнімдерінің экспортын қамтамасыз ету мәселелері де өзекті болып табылады», деді Ұ.Қарабалин. Бүгінде мұнайлы Қазақстан өзінің геоло­гиялық барлау әлеуетін әлі де еңсере алмай отырғаны да брифинг барысында айтылды. Қазіргі таңда елімізде жер қойнауын пайдалану бойынша көмірсутек шикізаты саласында 203 келісімшарт жасалған. Олардың ішінде 59-ы барлау, 64-і өндіру, 68-і бірлескен барлау өндіру бойынша болып отыр. Былтыр шамамен 346 мың метрден астам тереңдікті ұңғыған 212 барлау ұңғымалары жүзеге асты. 2,5 мың шаршы шақырым бойынша сейсмобарлау жұмыстары атқарылды. Бес жылда 1908 барлау ұңғымалары игерілді. Яғни, айтарлықтай деңгейде барлау жұмыстары жүріп жатыр деген сөз.

Вице-министр сөз арасында биылғы жылы Қазақстанда мұнай өндірілгеніне 116 жыл толатынын атап өтті. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында мұнай барлау жұмыстары ұдайы жүргенімен, оның деңгейі әр жылдары әртүрлі болды. «Осы жылдар ішінде біз жер қойнауындағы салыстырмалы тереңдіктердегі кен орындарын әжептәуір зерттей алдық. Ендігіде іздеу, барлау жұмыстарын одан да тереңдікте жүзеге асыру қажет, ал бұл үшін қосымша шығындар мен жаңа технология­лар қажет етіледі. Өйткені, бес мың метр тереңдікте бір ұңғыманы барлау үшін 15-20 млн. доллар кетеді. Сондықтан да, мұндай тереңдікте ұңғылауға кез келген инвестор бара бермейтіні анық. Оларға табылатын мұнайдың ықтималдығы мейлінше жоғары деңгейде болуы керек. Сол үшін біз инвесторларды ынталандыру мақсатында жаңа технологияларға мүдделіміз», деді Ұ.Қарабалин. Вице-министрдің пайымынша, геологиялық барлау жұмыстары бойынша Қазақстан өз әлеуетін әлі де толықтай еңсере алмай отыр. Сондықтан да, Елбасы айқындаған реформалар аясында осы бағытқа басымдық берілуде. Қазақстан мұнай өндірудің «ТОП-12» әлемдік рейтингінде ұзақ мерзімде қалуды көздейді.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясындағы реформалар арқасында еліміздің геологиялық барлау салаларына алдыңғы қатарлы технологиялар трансферті қамтамасыз етіледі. Мұнай және газды барлау бойынша перспективалық бағыттар ашылады. Бұдан бөлек, мұнай-газ саласына, осы саламен байланысты экономиканың сервистік, инфрақұрылымдық бағыттарына инвестициялар тарту үшін жағымды ахуал қалыптаспақ. Нәтижесінде елімізде дәлелденген пайдалы қазбалар қоры ең кемінде екі есеге артады. Айта кетейік, бұл көрсеткіш бүгінгі күні 3,9 млрд. тоннаға бағаланып отыр. Сонымен қатар, экономикалық қиындықтар ықтималдығы жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізбек. Бес реформа аясында атқарылатын шаралар мұнай-газ саласының ашықтығын қамтамасыз етіп, пайдалы қазбалар көрсеткішінің артуына, Қазақстандағы мұнай-газ саласындағы барлау, өндіру жұмыстарына инвестициялық ахуалдың артуына жол ашпақ.


Динара БІТІКОВА

 

 

Бөлісу: