100 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті

13 Қаңтар, 05:15 1412

2023 жылы елімізде 100 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Оның 62% ауыл мектептерінің мұғалімдері. Мұндай мәлімет Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың ведомствоға қарасты ұйымдардың ұжымдарымен кездесуі кезінде айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиында 2023 жылы атқарылған жұмыстар мен 2024 жылы министрліктің алдына қойылған өзекті мәселелер мен міндеттер қаралды.

2023 жылы атқарылған жұмыстар туралы Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының, А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» білім беруді зерттеу және бағалау ұлттық орталығы мен Білім беру мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының басшылары баяндама жасап, есеп берді. 

Оқи отырыңыз: 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша шағын жинақты мектептердегі оқыту сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс басталды. Еске салсақ, Оқу-ағарту министрлігі Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлесіп шағын жинақты мектептерді дамыту мақсатында пилоттық жобаны іске қосқан болатын. Сонымен қатар мектептерде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» ұлттық тәрбие тұжырымдамасы әзірленіп енгізілді. Әдістемелік орталықтардың құрылымы мен мазмұны өзгертілді. Педагогтар мен мектептердің қызметін құрылымдау үшін 142 әдістемелік әзірлемелер дайындалды. Бұл өткен жылдардағы көрсеткіштен 2,5 есе артық. 

100 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Оның 62% ауыл мектептерінің мұғалімдері. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдардың 12 мыңға жуық педагогы өздерінің кәсіби құзыреттерін арттырды. Білім беру ұйымдарының 90 мыңға жуық қызметкері қысқа мерзімді курстардан өтті» делінген ведомство мәліметінде.

Мемлекет басшысының оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда электронды оқулықтармен қамтамасыз ету 95,5%-ға жетті. 

Былтыр министрлік «Балабақшадағы кезекті есепке алудың бірыңғай базасын» әзірлеген болатын. Жоба Шахтинск және Петропавл қалаларында пилоттық режимде іске қосылған еді. Ол мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау кезінде барлық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған. Педагогтерді жұмысқа қабылдау және аттестаттаудан өту кезінде ашықтықты қамтамасыз ететін және қағаз құжат айналымын болдырмайтын ұлттық білім беру дерекқоры жаңғыртылуда. 

1413 білім беру ұйымдарында 4 зерттеу жүргізілді. Оның ішінде TIMSS, ICILS, PBTS, TALIS. 2 тапсырма жинағы дайындалды және PISA нәтижелері бойынша ішінде аймақтарға арналған әдістемелік ұсыныстар бар ғылыми мақала жарияланды.

Жиын соңында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2024 жылға ведомствоға қарасты ұйымдардың алдына қойылған міндеттерді белгіледі. Бірінші кезекте білім беру сапасын арттыруға, менеджментті нығайтуға, оқу бағдарламаларын жаңартуға және ауыл мектептерін қолдауға, сондай-ақ педагогтарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру тәсілдерін жетілдіруге бағытталған. Айта кетейік, ведомстволық бағынысты ұйымдардың ұжымдарымен кездесулер алдағы уақытта да жалғасады.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: