Астанада полиция қызметкерлері мобильді қосымшаларды пайдаланып, заңсыз жолаушы тасымалымен айналысқан шетелдік азаматтарды анықтау мақсатында «Заңсыз келуші-таксист» жедел алдын алу шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Шара барысында көші-қон заңнамасын бұзған 95 шетелдік анықталып, олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде 42 адамға қатысты сот шешімі шығып, олар елден шығарылды.
Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартумен айналысқан 34 жұмыс беруші анықталды. Олардың кейбірі тиісті рұқсатсыз автокөліктерді жалға берген.
Заңнамаға сәйкес, шетел азаматтары тек визаларында көрсетілген мақсаттарға сай немесе жергілікті атқарушы органдардан алынған рұқсат негізінде еңбек қызметін жүзеге асыруы тиіс.
Құрметті Астана тұрғындары мен қонақтары! Егер сіз көші-қон заңнамасының бұзылуына куә болсаңыз, жақын маңдағы полиция бөлімшесіне немесе «102» нөміріне хабарласыңыз, - делінген хабарландыруда.