1 шілдеден бастап мүгедектігі бар адамдарға берілетін әлеуметтік жәрдемақы 14,5% артады

29 Маусым 2023, 12:57 1362

Биыл 1 шілдеден бастап мүгедектігі және жаңа асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны 14,5 пайызға қосымша арттыру көзделген. Бұл туралы ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл жұмысты біз бүгінде толық атқардық. 1 шілдеден бастап азаматтар кезек-кезекпен көтерілген жәрдемақы ала алады, - деді Төлеген Қанақұлы.

2022 жылғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері инфляция деңгейінің өзгеруіне байланысты 2 рет, яғни 1 қаңтардан бастап 5 пайызға, 1 сәуірден бастап қосымша 4 пайызға дейін артқан. Биыл жәрдемақы 8,5 пайызға өсті.

Мүгедектігі бойынша жәрдемақының мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. Қазіргі таңда мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 532 мыңды құрады, - деді төраға.

Сонымен қатар ол жалпы аурудан, жұмыста мертігуден, кәсіптік ауруға мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақылардың мөлшеріне тоқталды.

Бірінші топтағы мүгедектігі барлар 77 889 теңгенің орнына 1 шілдеден бастап 89 248 теңге алады. Екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 62 068 теңгенің орнына 71 398 теңге беріледі. Үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 42 190 теңгенің орнына 48 681 теңге төленеді, - деді Төлеген Оспанқұлов.

Мүгедектігі бар балаларға берілетін жәрдемақы мөлшері бірінші топтағы балаларға 89 248 теңгені, екінші топтағыларына 74 238 теңгені, үшінші топтағыларға 65313 теңгені құрайды.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: