1 қаңтардан бастап зейнетақы жарналарына жұмыс беруші де салып отырады

14 Желтоқсан 2023, 04:31 802

ЖМЗЖ енгізу жұмыс істейтін қазақстандықтарды қосымша зейнетақы төлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (бұдан әрі – ЖМЗЖ) өз қаражаты есебінен 2024 жыл мен 2028 жыл аралығында 1,5% - дан 5% - ға дейін кезең-кезеңімен жұмыскерлерінің пайдасына аудару басталады. Осылайша, зейнеткерлікке шыққан кезде бұл жұмыскерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етілетін болады.

Бұл шара қазақстандықтардың жас ұрпағын қолдауға бағытталған, олардың зейнетақы мөлшері олардың зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады. Олардың зейнетақысы үш компоненттен: мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы – жұмыс берушілердің жарналары есебінен құралады.

ЖМЗЖ енгізу, әсіресе, ынтымақты өтілі жоқ (1998 жылға дейін) немесе ынтымақты жүйедегі өтілі аз азаматтар үшін өзекті.  

Осылайша, әлемдік тәжірибені ескере отырып, азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру үшін мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің қатысуымен ортақ жауапкершілігі болады. 

Салық кодексіне сәйкес салық салынатын табыстан шегерімге жатқызылғандықтан, тиісінше жұмыс берушінің ЖМЗЖ төлеу бойынша шығыстары  елеусіз деңгейде қалатынын атап өту қажет.

Перизат Саденова
Бөлісу: