1,5 миллиард қытайлықты шулатқан Сабина Алтынбекова

17 Қазан 2014, 12:50

2014 жылдың шілде айында Тайпей елінде өткен волейболдан 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстанның имиджі мен танымалдылығы шетелдіктер арасында біршама өсіп қалды.

2014 жылдың шілде айында Тайпей елінде өткен волейболдан 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Азия чемпионаты Қазақстан үшін есте қаларлықтай өтті. Бұл жарыста Қазақстан Ұлттық құрамасы аса керемет нәтиже көрсетпеген шығар (7 орын), бірақ еліміздің имиджі мен танымалдылығы жағынан шетелдіктер арасында мәртебеміз біршама өсіп қалды. Бұл құбылыстың себепкері – волейболдан құрама командамыздың 17 жасар мүшесі  - Сабина Алтынбекова болды.

Күтпеген жерден тоғыз күн ішінде Сабина жай волейболшы қыздан құдды бір Голивуд жұлдызына айналып кеткендей сезім қалдырды. Қарапайым да, сыпайы қазақ қызының сұлулығына ғашық болған  жергілікті жанкүйерлерден бөлек, миллиондаған интернеттегі жанкүйерлері қосылып жатты. Сол турнирде жұмыс істеген жергілікті Тайпейлік газеті жарыс аяқталғанда өз газеттерінің 10 бетін тек Сабинаның суреттеріне арнапты. Одан бөлек, анау-мынау затқа мойындарын  «біздің жаққа» бұрмайтын ағылшынның атақты «Huffington Post», «Independet» газеттері, және американдық «Yahoo», «Los Angeles Times», «Fox Sports» веб-порталдары, бәрі-бәрі тек Сабина жайлы жазды. Кенеттен туған танымалдығы командадағы басқа қыздарға кедергі келтіргендігі де айтылып жатты. Құраманың бас бапкері Нұрлан Садықов: «Сабинаның аяқ асты танымалдылығы командадағы жағдайды тым шиелендіре түсті» десе де, жанкүйерлерінің тоқтайтын түрі де болмады. Керісінше, үсті-үстіне келген хат пен сыйлықтармен Сабинаның жүретін жолы бөгеліп жатты.

Әлеуметтік желілер де Сабинаның атын айтып шулап жатты. Қазіргі күні Сабинаның «Facebook»-тегі жанкүйерлер парақшасында 250 мыңнан астам оқырмандары болса, «Instagram» парақшасына жазылған оқырман саны 340 мыңнан асып жығылады. Бұл дегеніміз, қазір қазақстандық танымал кісілердің арасындағы әлеуметтік желілерде ең көп оқырманы бар кісі бұл тағы да – Сабина Алтынбекова болып тұр. Оның жанкүйерлері, содан 1-2 ай бұрын тағы бір аты шыққан сұлу,  Қырымның бас прокуроры – Наталья Поклонская ханыммен қосып,  жапонның аниме стиліндегі суреттерімен әлеуметтік желілерді толтырып жіберді. «Google Trends» бағдарламасының көрсеткіштеріне қарасақ, Сабина жайлы ақпаратты ең жиі іздеген мемлекеттерге Индонезия, Филлипиндер, Малайзия және тағы да басқа Шығыс Азия елдері кіреді екен.

Бұл аяқасты келген танымалдықты бизнес саласында қолданғысы келгендер де болды. Спорт костюмдерін тігетін компаниялар, «GQ» секілді газет-журналдар мен сән үлгісін көрсететін модельдік агенттіктердің барлығы Сабинаның сұлулығына да, танымалдылығына да тамсанып, бірге жұмыс істеуге ұсыныстарын аямады. Алайда, ата-анасымен ақылдаса отырып, Сабина волейбол ойнауын жалғасытратындығын, және Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық-заң университетіне оқуға түспек ойы бар екендігін айтты.  

Жаста болса үлкен көлемді танымалдылыққа ие болған қазақ қызының өз елін тек сұлулығы арқылы емес, спорттық жетістіктерімен де танытатындығына кәміл сенеміз.

Суреттердің дереккөзі: Сабинаның жанкүйерлерінің Facebook парақшасы

Бөлісу: