3 Қыркүйек 2014, 12:25
Зәкіров Ғали Зәкiрұлы 1910 жылы Татар АССРi Сабин ауданы Сабы селосында туған. 1940 жылы Солтүстiк Қазақстан облысының Ленин ауданындағы Ильинка селосына көшiп келген. МТСта жұмыс iстеген.
Ғ. Зәкiровтың бөлiмшесi 1257шi жотаға орналасып, оны қосымша күш келгенше ұстап тұру туралы тапсырма алды. Жауынгерлер таңертеңмен ертелеп қарсыластарының оң жақ бекiнiсiне таман жақындай түстi. Басында бәрi тыптыныш болды, кенет батыл жауынгерлердiң төбесiне оқтар жаңбырдай жауды. Мақсатты жерге ондаған метр қалған. Зәкiров жау траншеясына бiрiншi болып секiрдi. Мылтығының найзасы және оның дүмiмен ол 14 немiстi жайратты. Бөлiмшенiң қалған солдаттары да ерлiкпен шайқасты.
Жаудың бiрiншi бекiнісi осылай алынды. Зәкiров өз бөлiмшесiмен шабуылды үдете отырып, олардың екiншi қорғаныс шебiн бұзып өтуге алғашқылардың бiрi болып ұмтылды. Аядай ұрыс алаңы үшiн кескiлескен айқас басталды. Күш бiрдей емес едi: 10 кеңес жауынгерi 120 фашистке қарсы күш көрсеттi. Соған қарамастан бiздiң бөлiмше үшiн ұрыс жеңiспен аяқталды. Соғыс алаңында жаудың 70 өлiгi жайрап жатты, қалған 50і қашып құтылды.
Зәкiров 1257шi жотаға «Жер бiздiкі, оны ешкiмге бермеймiз!» деп мақтанышпен жазып, желбiрете қызыл жалау тiктi.
Жаулар жағы үш рет қарсы шабуылға көтерiлдi. 200300ге дейiн солдаттарын ұрыс алаңына шығарды, алайда олардың әр шабуылы қатты соққыға тап болып, үлкен шығынға ұшырады. Жотаны бiздiң жауынгерлер ұстап тұрды. Күн еңкейе көмек те келiп жеттi. Осы ұрыста ғана Зәкiровтың жеке өзi 100ге жуық гитлершiнi өлтiрдi. Ержүрек жауынгерлер және оның командирi туралы аңыз полк арасына тез тарады.
Киев облысының Вышгород ауданындағы, Днепрдiң оң жағасындағы Ясногород селосы тұсындағы плацдармды кеңейту үшiн болған ұрыста көрсеткен ерлiгi, маңызды жотаны ұстап тұрған қайсарлығы үшiн 8гвардиялық әуедесант полкiнiң 3батальонының (3гвардиялық әуедесант дивизиясы, 60армия, Воронеж майданы) бөлiмше командирi, гвардиялық кiшi сержант Зәкiровке КСРО Жоғарғы Кеңесi Төралқасының Жарлығымен 1944 жылдың 10 қаңтарында Кеңес Одағының Батыры атағы берiлдi, Ленин орденi қоса тапсырылды.
Батырға Ленин ауданындағы Ильинка селосында бюст қойылды. Петропавл қаласында бiр көшеге оның есiмі берiлдi.
Зебницкий Николай Владимирович 1919 жылы 17 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысы Красноармейский (қазіргі Тайынша) ауданындағы Новосухотино селосында туған. 1938 жылдан Воронеж облысындағы Борисоглебскіде тұрды. Осында теміржол орта мектебін және педкурсын бітірген. Алдымен мұғалім болып істеген, содан кейін армия қатарына шақырылған. Орлов жаяу әскерлер училищесін бітіріп, офицер атағын алды. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Аға лейтенант Зебницкий Батыс майданда ерекше взводтың командирі болып, Витебск және Смоленск облыстар аумағындағы шайқастарға қатысты. 1942 жылдың сәуірінде комиссар, ол шілде айында «Вторые» деп аталатын партизан отрядының командирі болып тағайындалды. Бұл отряд Могилев, Гомель, Орлов, Смоленск және Чернигов облыстарының жерінде жаумен шайқасты. Жаудың гарнизондары мен әскери нысандарын жою үшін бірнеше әскери операцияларды жүзеге асырды.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 1 қаңтарындағы Жарлығымен Николай Владимирович Зебницкийге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Майор Зебницкий 1955 жылға дейін МҚК органдарында қызмет етті. Екі рет Ленин, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған. 1975 жылы 29 қарашада қайтыс болды. Нальчик қаласында жерленген.