Құқықбұзушылықтың алдын алу – басты міндет

20 Мамыр 2022, 16:15 5409

Ювеналдық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Серғазы Бабасовпен сұқбат.

Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдердің арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы полиция капитаны Серғазы Бабасовпен әңгімелескен болатынбыз.


–  Серғазы Арынғазыұлы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты азайту үшін не істеу керек?

–   Біз өз тарапымыздан жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты азайту үшін ата-аналармен, жасөсірпірімдермен әрдайым профилактикалық іс-шаралар жүргізіп отырамыз. Жалпы құқық тәртібін бұзуға бейім балалар, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасап ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққан. Ал, енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен бос уақыттарында немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан болады.


(Суретте: Ювеналдық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Серғазы Бабасов)

–   Жыл басынан бері қанша жасөспірім мен ата-анаға хаттама толтырылды?

–  Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы Полиция басқармасы бойынша есепте тұрған жасөспірімдер саны – 14. Жалпы жасөспірімдерге қатысты 598 хаттама толтырылды. Оның ішінде 179 хаттама жасөсіпірмідерге қатысты болса, 402 хаттама ата-аналарына толтырылды.

–  Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жасөспірімдердің арасында қандай құқық бұзушылықтың түрлері көп таралған?

–  Қазіргі таңда жасөспірмдер арасында көп тарап жатқан құқықбұзушылықтың бірі – электронды темекі. Бұл зат сатылымға шыққаннан кейін жасөспірімдерге қолжетімді болып кеткен. Сонымен қатар ойын-сауық орталықтарында ұрлық фактісі, жасөспірімдердің аулаларда тұрғындарға тиесілі заттарды бүлдіру фактісі көп кездеседі. Отбасында болып жатқан жанжалдан кейін үйден кетіп қалу фактілері де жиі орын алып жатады. Ата-аналардың қадағаламауынан ғимараттардан балалардың құлап кету жағдайына қатысты бірнеше жағдайлар тіркелді.



–  Қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін жасөспірімдерге қандай жаза қолданылады?

–  Ең бірінші құқықбұзушылық жасаған жасөспірімінің ата-анасына хаттама толтырылады. Одан кейін хаттама сотқа жолданады. Сот сол қылмыстық құқықбұзушылықтың шешімін шығарады. Құқықбұзушылық әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылық болып бөлінеді. Ал айыппұл көлемі қылмыстың түріне байланысты тағайындалады.




–  Беймезгіл уақытта көшеде жүретін жасөспірімдердің құқықбұзушылығы жиі тіркеле ме?

–  Аптасына 2 рет жұма, сенбі күндері түнгі уақытта рейдттік іс-шаралар жүргізіледі. Қазақстан Республикасы құқықбұзушылық заңнамасының 42 бабы 2 бөлігінде көрсетілген. Жасөспірім ата-анасының қарауынсыз түнгі уақытта 23:00-ден кейін жүрген уақытта біздің тарапымыздан бала тоқтатылып, бірден полиция басқармасына жеткізіледі. Кейіннен ол баланың ата-анасы Полиция басқармасына шақыртылады. Бірінші рет ата-анасына ескерту салынады. Бұл факті бір жылдың ішінде екінші рет қайталанатын болса, ата-анасына хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Хаттама сотқа жолданылады. Осы айда республикалық «Абайлаңдар, балалар!» акциясы жүргізіліп жатыр.

–  Сұқбатыңызға рахмет!

  

Суреттерді түсірген: Ғазиз Шакиров

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: