Құрымсы би

28 Шілде 2014, 10:01

Құрымсы Табынбайұлы (Шалқарұлы) 1759 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданында Алуа көлінің маңы Қаратал ауылында туған.

Құрымсы Табынбайұлы (Шалқарұлы) 1759 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданында Алуа көлінің маңы Қаратал ауылында туған. Ол бала кезінен алғыр, шешен, өжет болып өседі. «Көре­көре көсем болады, сөйлей­сөйлей шешен» болады дегендей, Құрымсы да есейе келе өскен ортасына орай сөзі дуалы, күміс көмей, жезтаңдай, сөйлесе келгенде алдына жан салмайтын «Құрымсы би» атанып, ел аузында аңыз болып қалады.

Андағұлдың бір топ игі жақсылары мал дауымен қыпшақ еліне аттанады. Елдің ділмәр би­шешендерімен бірге Табынбайдың (Шалқарұлының) тоғыз жасар баласы да барған екен. Екі жақ сөз жарыстыра бастағаннан­ақ қыпшақтың бір биі: «Елдеріңде аталы сөз айтарлықтай кісі таба алмаған соң бала­шағада қалған екен­ау күндерің», деп кекетеді. Сонда Құрымсы бала іркілместен мына сөзді айтқан екен:

Арғынның ұлы арыспын,

Азуым кере қарыспын.

Жақсылыққа  қаныспын,

Жамандыққа шалыспын.

Берсең – бітем,

Керсең – кетем,

Дөнен, бесті өгіздің

Терісінен істеген

Шикі баспақ талыспын.

 

Баланың бұл сөзінен кейін қыпшақ жағының жүні жығылып, мал дауы Аңдағұлдың пайдасына шешіліпті.

Құрымсы есейе келе бүкіл Есіл өңіріне, маңайдағы алыс­жақын елдерге жайылған дау­дамайды әділдікпен бітірген би атанады.

Бір күні Керей Тоқсан би, қасына ерген бір топ кісісі бар, кезекті бір дауға кетіп бара жатып па, әлде даудан қайтып келе жатқан жолда ма, жасы үлкен қадірменді қария еді, әдейі бұрылып сәлем бере кетейін деп Құрымсы бидің ауылына соғыпты. Бірақ Құрымсы үйде жоқ екен. «Томар жаққа кетіп еді, қазір­ақ келіп қалар, үйге түсіңіздер», – дейді бидің кемпірі. Тоқсан би түспейді, атының басын бұрып алып, томарға тартады. Тегінде, не болса да, Атығайдың ділмәрін, тұтқиылдан үстінен түсіп, сөзден тосылдырайын десе керек.

Құрымсы бір тізерлеп, бір тұрып бүгежеңдеп, әлдеңелерді жинап, теріп, қолындағы дорбасына салып жүр екен. Кәрілікке бой алдыра бастаған кезі ғой, құлағының мүкісі де болуы мүмкін, желке тұсынан сау ете түскен аттылы кісілерді байқамапты. Тоқсан би қатты дауыстап сәлем бере сала Құрымсыға тиісе кетеді. Бұрынғының би­шешендері, сөз жүйесін білетін айтқыр адамдары әдетте тақпақтап сөйлеген ғой. Тоқсан да сөйтсе керек, бірақ өкінішке қарай, оның тап сол жерде не дегені, қалай ұйқастырып, Атығайдың пір тұтқан шалын қандай сөздермен тұқыртпақ болғаны бізге жеткен жоқ. Алайда Құрымсының қайтарған жауабына қарасақ, Керей биінің сөз ыңғайы оп­оңай аңғарылатын сияқты.

«Уа, Құрымсы, сен дүйім елге даңқың жайылған би едің, Зiлғарадай аға сұлтан інің бар, соның намысын жыртам деп, қасына ере жүріп, талай­талай шиеленіскен дауларды бір сөзбен бітіріп кетуші едің, енді саған не  көрінді,  үсті­басың жадау, қара құрым үйіңді көргенім анау, қыс болса әлі түскен жоқ, сонда да тышқаншылаған түлкідей томар ішінде тоңқаңдаған бұл тірлігің не тірлік?»

Сонда Құрымсы би іркілместен: «Теріп жүргенім – кермек, бай кісінің көзіне көрінер бір ермек. Мен сияқты кедейлер тоңқаңдап мұны жимаса, қыс түскенде артының ашылғанын көрмек!» – депті.

Кермек – өсімдік тамыры, тері бояйтын зат. Тоқсан би сәлем беріп, құшақтасып көріскеннен кейін былай дейді:

 

Уа, Құреке, жатырмысың томар қазып,

Сөзіне бір әйелдің кеттің бе азып?

Көңілін бір әйелдің табамын деп,

Қиналып жатырмысың жерге жазып?

 

Сонда Құрымсы би былай деп жауап қайтарған екен:

 

–       Уа, Тоқсанжан шырағым!

Томар емес, қазғаным – кермек.

Жұмыссыз отырғанға бұл да ермек.

Қой терісін киім қылып киер болсаң, бетіне салатын бұл – өрнек.

Қой терісін киім қылып кимегенге ақпан мен қаңтар сыбағасын бермек.

Дүние қадірлесең қадірлейді, адамға бір уақытта бұл да керек.

Жүргенім – тірліктің қамы үшін, әйел үшін жүргем жоқ босқа терлеп.

 

Сонда Тоқсан би:

 

–       Уа, Құреке, пана едіңіз көлеңкең тиген көпке,

бұлбұл едіңіз шығармайтын сөзді шетке.

Қартайып кетті ме деп сынауға айттым,

шүкір, жақсы екенсің, сөзімді айып етпе, – деп Құрымсының қолын ұстап, ғапу сұрап, үйіне барып, қонақасы ішіп аттанған екен.

Зiлғара мен Құрымсының бір­біріне ет жақын туыс екендігінде ешбір дау жоқ. Зiлғараның әкесі Байтоқа мен Құрымсы – тетелес кісілер, екеуі де Андағұлдың шөбересі, аталары ағалы­інілі кісілер болған.

Қазақта үлкенді сыйлау – парыз, Зiлғара да би ағасын қадір тұтып, әр кез болып жататын дау­дамайларға барғанында оны қасынан тастамайды екен. Сөз өнерін қуған Құрымсы би мал жиюды мансап етпеген кедей кісі болса керек, осыны ескерген Зiлғара қайсыбір даудан түскен олжадан оған үлес, сыбаға беріп тұрған көрінеді.

Мынадай бір әңгіме сақталған. Құрымсы би үйіне келген қонаққа соятын мал таба алмай жиі­жиі қысыла береді екен. Зiлғараның ұйымдастыруымен бидің жақын ағайын­туыстары оған бір­бір қойдан мал жинап беріпті. Қарасы елу шақты екен. Құрымсы осы малын өріске шығарып, өзі бағып жүреді. Бір күні Зiлғара қорығына бөтен біреудің малы түскенін әлдекімдерден естиді де, ыза кернеген бойы атына міне сала тұра шабады. Келсе, қой жайып жүрген Құрымсы екен. Ашуын басып үлгермеген екпінмен Зiлғара: «Мұның қалай, енді шалғы салайын деп отырған пішендігіме малыңды жайып жібергенің, немене, басқа жайылым құрып қалды ма?» – депті.

Сонда Құрымсы:

 

Зiлғаражан, ағаң қалып еді суалып,

Қонақ келсе сасып қалушы еді ұялып.

Біраз ғана қой жиып беріп едіңдер

Кісі келгенде отырсын деп жұбанып.

Ағаңа бір аз ғана қой бітті деп

Шауып келгенің бе сонша қуанып, – депті. Бұдан соң Зiлғара: «Тілің кесілсін, тілің, сайрауын қара», – депті де атының басын бұрып алып кете беріпті.

Құрымсы би айтты деген тақпақ, нақыл сөздердің ел аузында сақталған кейбір үлгілері төмендегідей:

 

Мұқалған жаман дейді жақыныңнан,

Ез болма ақыл сұрап қатыныңнан.

Бойында берекесі бар жігіттің

Шықпайды қатын, бала ақылынан.

 

***

Жабағы, тайды қорлама,

Жазға шықса ат болар.

Жас жігітті қорлама,

Жұртыңа ертең бас болар.

 

***

Көрген сайын «сіз» десіп

Сыйласқанға не жетсін.

Шашылғанды бірлесіп

Жинасқанға не жетсін.

 

***

Желі тұрған оңынан

Жеті өзеннен өтеді.

Адаспаған жолынан

Жеті таудан өтеді,

Арманына жетеді.

 

***

 Адамды алдау –

Арыңның алдында қылмыс.

Ағаңды алдау –

Анаңның алдында қылмыс.

 

 

***

Жол жүргенде

Шабанға кіріптар қылмасын.

Жолдас болсаң,

Наданға кіріптар қылмасын.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу: