ҚҰРЫЛЫМДЫҚ КАРТА

31 Тамыз 2014, 10:24

ҚҰРЫЛЫМДЫҚ КАРТА, тектоникалық пішіндердің тұрқы мен түрін бейнелейді. Қ. к-да көлбеу қабаттар, қатпарлы интрузивтік денелер, пайдалы қазынды қабаттары, стратигр.

ҚҰРЫЛЫМДЫҚ КАРТА, тектоникалық пішіндердің тұрқы мен түрін бейнелейді. Қ. к-да көлбеу қабаттар, қатпарлы интрузивтік денелер, пайдалы қазынды қабаттары, стратигр. горизонттардың бірдей биіктік сызықтары (горизонталь, стратоизогипс, изогипс) көмегімен тіректі беттердің (жабыны мен табаны) гипсометр. қалпы көрсетіледі. Құрылымдық карта масштабы әр түрлі. Көбіне ірі масштабты карталар жиі құрастырылады. Кен орындардың кенді, мұнай-газды денелеріне, бөліктеріне жасалатын ірі масштабты (1:50000 не одан ірілеу) Құрылымдық карта барлау жұмыстарын жобалауға, пайдалы қазбалар қорын есептеуге және кенді өндірудің, пайдаланудың тиімді жолдарын таңдауға мүмкіндік береді. Бұл картаны жасауда құрылымдық түсірулердің, іздеу мен барлау ұңғымалары мен геофиз. зерттеулердің материалдары негізге алынады. Жер қыртысының аумақты бөліктерінің тектоник. құрылымдарын көрсететін ұсақ масштабты Құрылымдық карта негізінен, аймақтық геофиз. зерттеулер мен жекеленген терең тіректі ұңғымалар мәліметтеріне сүйеніп құрастырылады. Қ. к-да зерттелетін қабат бетінің пішіндері, олар орналасқан тереңдіктердің абс. биіктіктері стратоизогипстер арқылы көрсетіледі. Мұнымен бірге картада аймақтың геол. құрылысы, тау жыныстарының жату элементтері мен қалыңдықтарының өзгеру заңдылықтары, тектоник. жарылымдар, т.б. деректер де ескеріледі. Қ. к-ны құрастыру әдісі жер бедері горизонтальдар көмегімен берілетін топогр. карта жасау әдісімен өте ұқсас. Қ. к-ны жасаудың ең сенімді әдісі — бұрғылау ұңғымалары мәліметтерін пайдалануға негізделген. өңғымалар тіректі горизонттық биіктік мәндерін дәл анықтауға көмектеседі. Бұл мақсатта геофиз. мәліметтер мен геол. қималар да пайдаланылады. Егер тіректі горизонт жер бетіне ішінара шығып жатса, Қ. к. жасау үшін оның жер бетіндегі биіктік нүктелерінің маңыздылығы зор. Қ. к. жасауда үшбұрыштық немесе геом. (платформалық көтерілімдер мен тіректі беттері сәл көлбеулі қатпарлы облыстарды бейнелеуге), қималық (күрделі қатпарланған, жарылымдармен тілімделген күрделі тектоник. облыстарға) және үйлестіру (тектоникасы күрделі емес, бірақ стратигр. үйлесімсіздіктері бар аудандарда) әдістері қолданылады. Бұлардың алғашқы екеуі бір тірек қабатының (горизонтының), соңғысы екі горизонттың (жабыны мен табанының) Қ. к-сын жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде Қазақстандағы көптеген көмірлі, мұнай-газды, фосфоритті аудандардың түрлі масштабты Қ. к-лары жасалған.

А. Жүнісов

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу: