3 Қыркүйек 2014, 13:21
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңында Құртай бидің балалары мен ағайындарын Кеңес үкіметі тәркілеуге ұшыратып, Ресейдің Түмен, Астрахан облыстарына жер аударады. 80 жастағы Мұқыш Түмен облысында қуғынсүргінде аштан өледі. Әйтеуір, оның балалары аман қалады. Одан Қасым, Әлім, Оразбай, Уәли атты ұлдар, Түкірік атты қыз қалады. Мұқыштың Әлім, Оразбай, Уәли атты балалары отызыншы жылдары елге оралып, қазіргі Тимирязев ауданындағы Ынтымақ ауылында тұрды. Ал Қасымның отбасы сол Түмен облысында қалған болатын. Қасым 1940 жылы сол жақта дүние салған. Ол өлерден бұрын баласы Ахметжанға бабасы Құртай би, атасы Мұқыш шешен туралы, туған жері туралы айтып, соларды ұмытпауды, өз ұрпағының да құлағына сіңіруді тапсырған екен, оның осы арманы орындалды. Құртай бидің кейінгі ұрпағы Ахметжанның балалары Ағжан, Сабыр, Ақылтай, Ержан, Түкірік Құртай бабаларының дәстүрін жалғастыруда. Атасы Қасымның өсиетін орындау үшін олар елге келіп, Құртай бабасының зиратын тауып, оның басына бабасына арнап кесене, мрамор тастан белгі қойып, тұрғызып, дұға оқытып, ас берді. Ал кейін бабасының туған жеріне Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2009 жылғы 14 қазандағы шешімімен Степной ауылдық округіне Құртай бидің есімі берілді. Округіне Степное, Ракитное (бұрынғы Құртай) ауылдары қарайды. 2010 жылдың шілде айында округтің Құртай би есімімен аталуына және оның туғанына 200 жыл толуына байланысты үлкен мереке болып өтті. Салтанатты мерекені облыс әкімінің орынбасары Фархад Шаймұратұлы Қуанғанов ашып, құттықтау сөз сөйледі. Салтанатта және одан кейін өткізілген ғылымитәжірибелік конференцияда сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаттары – Жарасбай Сүлейменов, Тоқтар Қадабаев, Еуразия университетінің профессоры, заң ғылымының докторы Ербол Абайдинов, философия ғылымының кандидаты, профессор Рәбиға Баймағамбетова, жергілікті өлкетанушы Қайролла Мұқанов, Құртай бидің шөберешөпшектері – Түкірік Қасымова, Темірболат Тайпақов мерейтой иесінің Қызылжар өңірінде алатын орны жайлы келелі әңгіме қозғады.
ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Құртай бидің бүгінгі ұрпақтары да бабаларының дәстүрін жалғастыруда. Мысалы, оның шөберешөпшектері Сабыр Қасымов – Республика Президентінің Парламенттегі өкілі, оның інісі Ақылтай Қасымов – ҚР Жоғары Сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы, Түкірік Қасымова – ардагер ұстаз (қазір зейнеткер).