«Құрмет» орденінің иегері

9 Желтоқсан 2014, 04:51

«Құрмет» орденінің иегері

Қазақстанда туылып, өз өмірін тек осы елмен байланыстырған және Отаны үшін бар ерік-жігерін беріп, туған жерін бүкіл дүниежүзіне танытып жүрген өзге ұлт өкілдерінің тумалары біздің елімізде көп-ақ. Соның ішінде қазіргі жастардың алатын орны да ерекше. Осыған орай, Сочиде өткен ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, кәріс ұлтының тумасы, бүкіл Қазақстанның мақтанышы Денис Теннің есімін ерекше атап өтуге болады. Ол Қазақстанның мәнерлеп сырғанау спорты тарихында біздің қоржынымызға тұңғыш рет олимпиадалық жүлде әкелген еді.

Денис балалық шағынан түрлі үйірмелерге қатысқан екен. Ол акробатика, би, суға жүзу, таэквондо, теннис, көркем сурет үйірмелеріне қатысып, музыка мектебінде оқиды, сонымен қоса, әрине, осылардың ішінде мәнерлеп сырғанау да болады. Бала кезінен әнге деген сүйіспеншілігі аса зор болған болашақ спортшы әртүрлі халықаралық байқауларға да қатысып, жеңімпаз атанған. Музыка мектебінде оқығанда фортепиано сыныбына барады. Бұған қоса анасының аялы алақанының, тәрбиесінің де үлкен әсері болған. Денистің анасы да музыкант, скрипка сыныбы бойынша консерваторияны аяқтаған екен. Қазірдің өзінде Денистің сахнаға шығып өнер көрсететін сәтінде бағдарламаларына музыка таңдауда анасының көрсететін көмегі зор деседі. 

Кішкентай кезінен әртіс немесе режиссер болуды армандаған Денис Тен, ол кезде өзінің спорттың биік шыңынан көрінерін сезбеген де шығар. Денис есін біле келе спорттың мәнерлеп сырғанау деген ең қиын түрін таңдап, сол өнері арқылы өз елін бүкіл әлемге танытып келеді.

Осы жылы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстан-2050: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты ХХІ сессиясы барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жас спортшымызды «Құрмет» орденімен марапаттаған болатын. Бұл бүкіл спорт сүйер қауымның Дениске деген алғысының, ризашылығының, қуанышының жемісі десек болатындай. 

Денис Тен мамыр айының соңғы күндерінде Алматы қаласында және маусым айының басында Астана қаласында үлкен өнер көрсетіп, бүкіл қазақ жұртын, сонымен қоса әлемнің түкпір-түкпірінен келген спорт сүйер қауымды тағы бір қуантты. Биылғы жылы жалғасын тапқан бұл шоуға әлемнің ең үздік деген мәнерлеп сырғанаушылары қатысқан. Олардың қатарында Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннен бастап, әлем және Еуропа чемпиондары, сонымен бірге Олимпиада ойындарының жеңімпаздары бар. Бұл шоуға әлемнің әр түкпірінен Қазақстанға жол тартқан жанкүйерлер мен осы шоуды тамашалауға келген қонақтар саны 300-ден асыпты. Көпшілігі Жапон, Қытай және Оңтүстік Корей елдерінен келген. Қатысушылардың арасында 9 олимпиада медалінің иегері, 13 әлем чемпионаты сыйлығының иегері мен чемпиондары, әлем таныған 19 спортшы болған.

Өз өнерлерін ортаға салғандардың қатарында Алексей Ягудин, Эвана Лайсачек, Максим Маринина, Татьяна Тотьмянин, Максим Траньков және Татьяна Волосожар сияқты олимпиада чемпиондары болды. Сондай-ақ бірнеше дүркін әлем чемпиондары мен олимпиада ойындарының жеңімпаздары Мао Асада, Дайсуке Такахаси, Джоани Рошетт және Стефан Ламбьель, сонымен қатар жұптасып билеген  Натали Пешала және  Фабьен Бурза көрермендердің көңілінен шықты. Ал кештің шарықтау шегі – ол спортшылардың қазақтың ұлттық костюмдерін киіп өнер көрсетуі болды. Мәнерлеп сырғанау бойынша әлем жұлдыздары осы шоудың ұйымдастырушы Денис Тенмен бірге ұлттық композицияда қойылым көрсетті. Осы сәт бүкіл қонақтарға, барлық көрермендерге ерекше сезім сыйлағаны рас.

Денис Тенмен болған бір сұхбатты оқығанымда жас спортшыға «Сізге басқа елдің атынан өнер көрсету, азаматтығыңызды ауыстыру туралы ұсыныстар түсе ме?» деген сұрақ қойылыпты. Ал Денис: «Мұндай ұсыныстар әрине болды, бірақ мен оларға тіпті көңіл аудармаймын да. Себебі мен – өз елімнің патриотымын. Мен Қазақстанды сүйемін, халқымыздың қайталанбайтын менталитетін сүйемін. Жас Республикамыздың қол жеткізген табыстарымен мақтанамын» деп жауап берген екен. Ал биылғы жылы өз ұйымдастырған кештегі осы қойылым арқылы Денис Тен өз елінің, өз Отанының нағыз патриоты екенін тағы бір дәлелдеп берді.

 

Әсем Жарымбекова

Бөлісу: