Құрманғазы күйлеріне мәңгі өмір сыйлаған Ахмет Жұбанов

4 Тамыз 2014, 09:02

Қазақ музыка өнерінің гималайы, саз әлемінің сардары – Ахмет Қуанұлы Жұбанов, Құрманғазы Сағырбайұлының күйлерін оркестрге түсіріп орындатқан алғашқы композитор.

Қазақ музыка өнерінің гималайы, саз әлемінің сардары – Ахмет Қуанұлы Жұбанов, Құрманғазы Сағырбайұлының күйлерін оркестрге түсіріп орындатқан алғашқы композитор. Ол 1935 жылы күйшінің туған өлкесіне барып, оны көрген, бірге болған және күйлерін үйренген адамдармен сөйлесіп, көптеген деректерді жазып алады. 1951 жылдан бастап Ахмет Жұбанов Құрманғазы туралы мұрағат деректерін жинауға кіріседі. Қазақстандағы мұрағаттардан, Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларындағы көпшілік кітапханалардан Құрманғазы туралы деректерді тауып, олардың бірқатарын баспасөз беттеріне жариялайды.

         А.Жұбановтың Құрманғазы күйлерін оркестрге түсірудегі еңбегі ерекше. Ол күйлерді характерлеріне, ырғақтық-өлшеулік жақтарына, мелодиялық, құрылыстық ерекшеліктеріне қарап нотаға түсіреді. А.Жұбановтың Құрманғазы туралы ел арасынан жазып алған деректері аса құнды дүние болып саналады. Өйткені ол деректерді білетін адамдардың көбі қазір біздің арамызда жоқ.

         «...Ахмет аға өте талантты күйші еді. Сондықтан, ауыл қарттарымен сөйлескенде олармен тіл таба білді. Ол кісі жақсы кеңесші әрі әңгімеші адам болған. Осындай қасиеттерінің арқасында ел аралағанда, архив ақтарғанда кейбір елеусіз көрінетін деректердің өзінен біраз қажетті нәрсе тапқан. Ахмет Жұбанов араб, парсы сөздерін, түрік-шағатай тілдерін татар тіліне араластырып жазған ресми қағаздардың бәрін де талдай алатын еді...» дейді, Ахмет Жұбановтың шәкірті Бисенғали Ғизатов.

         А.Жұбанов1936 жылы «Қазақтың халық композиторы - Құрманғазы» деген кітапша шығарды. Ол кітапшада күйшінің өмір сүрген дәуірі, ол кездегі Бөкей хандығының саяси-экономикалық жағдайы, күйші шығармаларының туу кезеңдері және басқа да жайлар жөнінде құнды мағлұмат берілген.

         Ұлы композитордың күй мұрасын, оның идеялық мазмұны мен эстетикалық мәнін халыққа толығырақ таныстыруды көздеген А.Жұбанов «Құрманғазы» деген кітабында, әрбір күйге түсінік беріп отырған. Ол орындаушыларға ыңғайлы болсын деген мақсатпен күйлердің бәрін «ре, соль» бұрауына түсіріп жазады. Мұнымен қатар, барлық күйлерге нюанс жағынан көптеген өзгерістер жасап, шығарманың екпінін анықтайтын метроном өлшеулерін енгізеді.

         Алпыс екі тамырында қазақтың қаны ойнаған домбырадай аспапта, ата-бабаның арман-мұратын күй арқылы жеткізген Құрманғазы Сағырбайұлы мен оның шығармаларын болашаққа жалғап, бар өмірін ұлтына арнаған Ахмет Жұбановтың саз әлеміндегі шоғы биік. Бар күш-жігерін қазақ кәсіби музыка өнерінің дамуына сарп еткен шынайы талант иесіне берілетін халқының нақтылы бағасы да осындай болса керек.

Бөлісу: