«Әр баланың қабілетін ашу маңызды»

24 Шілде 2020, 13:21 15771

Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік бейімдеу туралы логопед-дефектолог Мәншүк Рахметовамен сұхбат

Ерекше балаларды қорғау, қоғамға бейімдеу және қолдан келетін мүмкіндіктерді жасау үшін қолайлы жағдай тудыру керек. Сондықтан оларды бала кезінен бастап, келешек өмірге бейімдеу, өздерін еркін сезіну үшін ыңғайлы орта қалыптастыру – білім беру ұйымдарының, әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеуге бағытталған жаттықтыру орталықтарының міндеті болып табылады. Осы орайда ерекше балаларға қатысты сұрақтарымызға жауап алу үшін білікті маман, логопед-дефектолог Мәншүк Рахметовамен әңгімелескен болатынбыз. 


Ерекше күтімді қажет ететін балалар

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа жолдауында даму мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау мен көмек көрсету мәселесіне арнайы тоқталғаны белгілі. Онда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керектігі және ол үшін біздің мемлекетіміз кедергісіз аймаққа айналуы керектігі жөнінде айтылған болатын. Бүгінгі бүлдіршін – елдің ертеңі. Сондықтан баланы кішкентай кезінен келешек өмірге бейімдеу, бүгіннен басталады.

– Мүмкіндігі шектеулі балалар деп дамуында ерекшелігі бар балаларды айтамыз. Ерекшелікті екі топқа бөліп қарасақ болады. Бірінші – физикалық дамуындағы ауытқулары бар адамдар. Бұл топтағы жандардың ақыл-ой дамуында ешқандай кемшілігі жоқ, тек физикалық тұрғыда кемшілігі бар жандарды жатқызамыз. Екінші – ақыл-ойында кемшілігі немесе психикалық кемшілігі бар жандар. Бұл топтағы адамдардың физикалық дамуы қалыпты. Тек ақыл-ойының дамуында ерекшеліктер болады. Осы топтағы балалардың арнайы даму деңгейлеріне байланысты диагноздары болады. Бұл жандарға арнайы білім беру мекемелері мен арнайы мамандар жұмыстар жүргізеді, – деді логопед-дефектолог. 


Мәншүк Рахметова бала кезінен педагог болуды армандапты. 2012 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласында мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеп келе жатқан маманның дефектология саласына келуіне інісі себеп болған. Алғашында інісіне көмектесуді мақсат еткен логопед-дефектолог бүгінде өзінің көмегін қаншама бала қажет ететіндігін түсінген.

– Осы күнге дейінгі дефектология саласындағы ең басты жетістігім ол менің оқушыларым. Және де олардың көрсеткен нәтижелері. Кейбір балалармен кішкентай кездерінен, 5-6 жастан қазіргі уақытқа дейін жұмыс істеп келемін. Осы балалардың арқасында мүмкіндігі шектеулі адамдарға өмірде не маңызды екенін білдім. Мен үшін ең бастысы өзімнің көмегім тиген әрбір баланың болашақтарының жарқын болуы, – дейді Мәншүк Рахметова.

Мәншүк Тұрсынбайқызы сегіз жыл ішінде «Мүмкіндігі шектеулі жандардың болашақтарына қалай көмектесе аламын? Ол үшін не істеуім керек?» – деген сұрақтарға жауап іздеп, бүгінде ол балаларға арнап үлкен жоба дайындап шығарған. «DOS» – логопед-дефектолог Мәншүк Рахметованың бірнеше жылдар бойы бақылап, дайындаған әдісі. Қазіргі таңда бұл жоба пәтер ретінде жұмыс істеп жатыр. Болашақта маман бұл тәсілдің үлкен мектепке айналып, қаншама балаға көмегін тигізетіндігіне сенім білдіреді. 


– Бұл әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеуге бағытталған жаттықтыру пәтері – мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік және тұрмыстық жұмыстарға бейімдеу арқылы өмірде өздерінің деңгейлері мен ынтасына қарай болашақ қызметіне үйрету және көмектесу. Және де балаларға тұрмыстық жұмыстарды ешкімнің көмегінсіз істеуге, қоғамдық ортада өздерін емін-еркін ұстап, сіңісіп кетуге, қоғамдық ортаның талаптары мен сұраныстарына бейімделуге көмектеседі, – деді Мәншүк Рахметова.

Логопед-дефектолог маманның айтуынша, әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеуге бағытталған жаттықтыру пәтерінің негізгі бағыттарына әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу, адам өмірінің қауіпсіздігі, математика, сөйлеу мәнері, этика, ойын-сауық терапиясы, актерлік терапия, ЛФК және тағы да басқалары жатады. Жаттықтыру пәтеріне барлық мүмкіндігі шектеулі жандар келе алады. Мектеп балаларды 8-9 жастан бастап қабылдайды. Жұмыс жасау бағыты басқа мектептер сияқты әр сыныптың жетекшілер және оқушылардың жанында жұмыс жасауларына көмектесе білетін мамандар жұмыс істейді.

– Қазіргі кезде бұл жоба пәтер ретінде жұмыс істеп жатыр. Сол себепті көп оқушы қабылдай алмай отырмын. Карантинге байланысты жеке жұмыстар жүргізілетіндіктен балалар кезекпен, белгілі уақытта келеді. Жаттықтыру пәтерінде жұмыстар әр түрлі бағыт бойынша өткізіледі. Қысқаша айтқанда, балаға жеке гигиенадан бастап, үй гигиенасына дейін үйретіледі, – деді логопед-дефектолог Мәншүк Рахметова. 


Логопед-дефектологтың айтуынша, әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу барысында әр маман баланың дамуына байланысты әр түрлі бағытқа жауап береді. Логопед баланың сөйлеу қабілетіне байланысты жұмыс жасаса, ал психологтар балалармен психологиялық дамыту жұмыстарын жүргізеді. Дефектолог баланың жалпы дамуымен, академиялық және әлеуметтік-тұрмыстық қабілеттерімен жұмыс істейді. Сонымен бірге «DOS» әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу мектебіне мектеп жасына келген барлық оқушылар келе алады. Бұл мектепте баланың академиялық қабілетіне қарағанда әлеуметтік-тұрмыстық қабілеттері алға тартылады. Сонымен қатар қоғамдық ортаға кірістіру жұмыстары жүргізіледі. Сол себепті мектеп жасына жеткен оқушылардан бастап кәмелеттік жасқа толған балалар да оқи алады.

– Әрине ата-аналардың мамандарға деген пікірлері әртүрлі болып келеді. Баланың нәтиже көрсетіп, жоғары деңгейге көтерілуі тек мамандарға ғана байланысты емес, ата-аналарға да байланысты. Ата-аналарға айтарым балаларыңызбен көп уақытты сіздер өткізесіздер. Сол себепті балалар үшін логопед, психолог, дефектологтың жұмысынан сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз маңызды. Соны ұмытпаңыздар! Балаларыңыз бірінші сіздерден, көмек содан кейін барып мамандардан көмек алады, – дейді маман.

Аутизммен ауыратын балалардың ерекшеліктері

Бала дамуындағы ауытқушылықтың түрі аутизм деп аталады. Қоғамда кейбір ата-аналар балаларының аутизмге шалдыққанын өте кеш біліп жатады. Ондай балалар өз қатарластарымен бірге жүре алмайды. Олардың әлеуметтік ортамен қарым-қатынасы болмайды. Кейбір аутист балалардың есте сақтау қабілеттері өте жоғары болады. Олар бірнеше тілдерді меңгеріп, өз ортасындағы балалардан ерекшеленіп тұрады. Осы орайда арнайы мамандар әр балаға ерекше көңіл бөліп, барынша өзінің маман ретінде көмегін көрсетуге тырысады.

Аутизм – бұл қоршаған ортамен тығыз қарым - қатынасқа түсе алуында қиындықтар бар және психикалық дамуында ерекшеліктері бар жандарды айтамыз. Негізі аутизмі бар жандарды әлемі бөлек жандар деп те атады. Себебі олар өздерінің білгендерін өзгертуден немесе жаңа жағдайға, жаңа орынға кірісуден немесе өзгертуден қорқатын, бас тартатын жандар. Аутизмді емдейтін медицинаның түрі ойлап табылған жоқ. Себебі мамандар аутизмнің қалай пайда болғанын таба алмай келеді. Әр адамда бұл ерекшелік әр түрлі көрсетіледі. Сонымен қатар аутизмды емдеп шығаратын дәрі-дәрмектер де әзірге жоқ. Аутизммен ауыратындарға ең негізгі көмек педагогикалық және психологиялық жұмыс болып табылады. Оларды қоршаған ортамызға бейімдеуге үйрету арқылы ғана көмектесе аламыз. Көп ата-аналардың негізгі қателіктері ем іздіп жүреді. Сол себепті көп уақытты өткізіп алады. Кеш басталған педагогикалық жұмыс тез арада нәтиже көрсете қоймайды, – деді Мәншүк Тұрсынбайқызы.

Аутизммен ауыратын балалар көбіне қатты шудан қорқып, еш себепсіз шошынып, қасына ешкімді жақындатпауы да мүмкін. Сондықтан мұндай психикалық, интеллектуалдық және эмоциялық даму үдерісі бұзылған балалармен кешенді түрде жылдар бойы арнайы мамандар жұмыс істейді.

Баланы алғаш дефектологиялық тексеру

Баланы алғашқы дефектологиялық тексеру кезінде оның оқу барысындағы қиыншылықтардың себептері мен механизмдері анықталады. Кезеңдік диагностика кезінде баламен жүргізілген түзете дамыту жұмыстарының оның оқу-танымдық қызметіне тигізген әсерінің тиімділігін анықтауға мүмкіндік береді. Ал ағымдық диагностикада әр түрлі мамандар тарапынан сұрау бойынша жүргізіледі. 


(Суретте: Логопед-дефектолог Мәншүк Тұрсынбайқызы Рахметова)

Дефектологиялық тексеруді осы уақытта бастаңыз деген арнайы жас мөлшері немесе қатып қалған қағида жоқ. Себебі әр баланың даму қабілеті әр түрлі болады. Сол себепті бала туылғаннан бастап невропотологтың тексерілуінде тұрақты болып тұру керек. Егер баланың дамуында ерекшелік болса, дәрігер анықтап, қандай маманға жүгіну керек екендігін айтатын болады. Ал егер 2-3 жастағы баланың сөйлеу қабілеті дұрыс болмаса, онда логопедтің көмегіне жүгінесіз. Ал балада психологиялық дамуында кемшілік болған жағдайда 5-6 жастан бастап дефектологтың тексерісінен өтеді. Егер бала өз жасындағы балалардан ерекшелігі болса, тез арада психиатрдың тексерісінен өтіп, психологтың қабылдауына бару керек. Себебі дефектологтар балаға диагнозын қоймайды. Олар диагноз қойылып келген баламен педагогикалық жұмыстар жүргізетін болады, – деді Мәншүк Тұрсынбайқызы.

Диагностикалық жұмыс барысында сенсорлы-перцептивті жағдай, зейіні мен есте сақтауы, ойлауы мен сөйлеу ерекшеліктері және өзін-өзі бағалауы жатады. Сонымен қатар баланың оқу біліктілігі, әлеуметтік-тұрмыстық және психомоторлық жағдайы бағаланады.

Ерекше балаларды шығармашылыққа бағыттау

Қоғамда мүмкіндігі шектеулі балаларды шығармашылыққа бағыттау, әлеуметтік тұрмыстық қоғамға кіріктіру, қоғамға бейімдеу өте маңызды рөл атқарады. Шығармашылық қабілетін дамыту әлеуметтік ортаға енгізу тәсілдерінің бірі болып саналады. Бұл туралы маман сұхбат барысында өзіндік әдіс-тәсілдерімен бөлісті. 


– Әр адамның бойында шығармашылық қабілет болады. Сол себепті мүмкіндігі шектеулі балалардың да бойындағы қабілетін анықтау үшін барлық шығармашылық бағыттарда жұмыс істеп көруіміз керек. Үй жағдайында шығармашылық бағыттағы қолданылатын заттар немесе музыкалық құралдар балаға қол жетімді жерде болуы тиіс. Соның барлығын бақылау арқылы баланың қандай қабілеті бар екенін анықтауға болады. Және де олардың спорттық қабілеттерін арттырған дұрыс. Себебі бала спортпен айналысқан жағдайда өзінің энергиясын тиімді қолдана алады. – дейді дефектолог.

Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі балалардың танымдық қабілетін ойын арқылы қалыптастыру үлгісі бар. Нәтижесінде баланың таным процесі белсенді жұмыс істеп, зейіні мен қызығушылығы артады. Сондықтан да ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандарға жоғары талап қойылады.

Баланың тілі неге кеш шығады?

Бүгінде қоғамда тілі кеш шыққан балалар саны көп. Кейбір жасөспірімдер дыбыстарды анық дыбыстай алмайды. Сонымен қатар физиологиялық және психологиялық ауытқулары бар балалардың көбеюі ата-аналармен қатар дәрігерлерді де қатты алаңдатып отыр. Бала тілінің кеш шығуына әсер ететін факторлар «Р» дыбысын қою, тіл мүкістігі және тағы да басқа жағдайда ата-аналар не істеуі керек? деген сұрақтар туындайды. 


– Бала тілінің кеш шығуы баланың дамуына байланысты. Негізгі факторларына тоқталатын болсақ, баланың дамуы кезіндегі анасының жағдайы мен туылғаннан кейінгі анамен қарым-қатынасы. Көп жағдайда нақты бір немесе бірнеше факторды анықтап айта алмайсың. Себебі қазіргі таңда балалардың сөйлеу қабілеттері әр түрлі дамиды. Егер баланың 3 жасқа дейін сөйлеу қабілеті дұрыс емес екенін байқасаңыз, логопедке апарып диагностика жасатуыңыз керек. Логопедтің сабағы көптеген балаларға қажет болады. Егер мінез-құлқында ерекшелік болмаса, логопедиялық сабақтар тез нәтиже көрсететін болады. Ал жеке дыбыстарға тоқталатын болсақ, әр дыбысты қоюдың және дамытудың өзінің қағидалары бар. Сол себепті баламен кішкентайынан бастап сөйлесіп, өлеңдер айтып немесе кітаптар оқып көңіл бөлулеріңізді сұраймын, – деді логопед.

Дефектологтың ата-аналарға кеңесі

Дефектолог мамандардың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі яғни ерекше балалар жас ерекшеліктеріне байланысты мектепке дейін, мектеп жасында және кәмелеттік жасқа толғанға дейін шешім қабылдай алуы, еңбекке және тәртіп мәдениетіне белгілі бір дәрежеде бейімі болуы қажет.

– Мүмкіндігі шектеулі балалардың физикалық жастары мен психологилық жасында біраз айырмашылық болады. Сол себепті менің ең басты айтарым, мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналар балаларына ауру бала ретінде қарамауы керек. Көп жағдайда ата-аналар балаларына сенбейді. Бір нәрсені бүлдіреді деп қорқады. Сондықтан ең бірінші сенім қажет. Сенімнен кейін көмек керек. «Мен жасай алмаймын» деп емес, «мен осынша жасай аламын» деп көмек беріңіздер. Балаңыз сөз түсінбесе де сөйлесе біліңіз. Баламен не айтамын деп уайымдамай, ортақ тіл табысыңыз. Көп ата-ана балаларын сезімді сезбейді деп ойлайды. Олай емес, олар сізге сезімін айтпаса да, сіздің сезіміңізді сезе алады. Сол себепті сезіміңізді көрсете алып қана коймай, балаңыздың көрсетуіне көмектесіңіз. Ең басты айтарым, «Басқаның баласы алтын болса, сіздің балаңыз гауһар тас» – екенін ұмытпаңыз. Мүмкіндігі шектеулі болса да, ол ең біріншіден бала ата-анасының көмегіне, қолдауына мұқтаж болады. 


Логопед-дефектолог ерекше балалармен жұмыс істеу барысында кей балалардың мінез-құлықтарында, көңіл-күйлерінде өзгешеліктер туындап жылайтын кездері болатынын да айтты. Ал кей балалар қызықты сұрақтар қойып, дефектологпен жүргізілетін сабаққа ерекше қызығушылықтарын танытады екен.

– Ерекше балаларды әлеуметтік ортаға үйрету, әлі де қиындық туғызады. Ашық айтсақ, біздің қоғам дамуында ерекшелігі бар адамдарды қабылдауға дайын емес. Осы тұрғыда көп жандар үй жағдайында білім алып қана қоймай, сол үй жағдайында өмір сүреді. Осы жағдай болмасын десек, дамуында ерекшелігі бар жандарды қоғамдық ортаға кішкентай кезінен бастап бейімдеу жұмыстарын жасауымыз керек. Әрине басында қиындықтар болады. Бірақ ерте басталған жұмыс жақсы жоғары деңгейде нәтижелер көрсететін болады. Бұл жерде тек балалармен ғана емес, ата-аналармен де жұмыстар жүргізілуі тиіс. Мен осы жұмыс барысында бір білгенім: ата-аналардың көбісіне балаларымен жүру қиындық туғызса, ал келесі ата-аналарға балалармен шығу ұят санайды. Осы жағдай қайталанбасын десеңіз, жұмысты ата-ана өзінен бастауы керек, – дейді маман.

Логопед-дефектолог алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп ашуды жоспарлап отыр.

– Мектептегі балалардың бойындағы қабілеттерін ояту және дамыту арқылы өмірден өз орындарын табуына қолдан келгенше көмек көрсету. Мектеппен  тоқталып қана қоймай, колледж ашсам деген ниетпен де жүрмін. Балалар мектеп бітіріп қана қоймай, колледжде оқып, маман иесі болып, жұмысқа орналасып еркін өмір сүрсе екен деген арманым бар. Және ерекше балаларға ерекше күтім керек дегенге мен келіспеймін. Әрине ата-аналар тарапынан тек уақытылы балаңызды тыңдап, уақытылы жауап қайтара білуді білсеңіз болғаны. Мен әрқашан мүмкіндігі шектеулі балалар өмір сүруге білім алуға құқығы бар. Олар дамуына ерекше білім алуға көмек керек жандар. Сол себепті ең біріншіден балаңыздың бала екенін ұмытпаңыз, содан кейін мамандармен жақын берік жұмыс жасай біліңіз, – логопед-дефектолог.

Әр бала бақытты болуға лайық. Сондықтан да мүмкіндігі шектеулі балаларды аяқтан тұрғызу – ата-ананың парызы болса, екіншіден, әлеуметтік жағдай жасау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін ұмытпайық! 




(Суреттер: yandex.kz сайтынан және логопед-дефектологтың жеке мұрағатынан алынды)
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: