«Әрқашан ізденісте жүрсең, сұраныста боласың»

21 Маусым 2020, 17:03 5201

Қызылордалық қылқалам шебері Дәулетбек Тойшыбаевтың әңгімесі

Тойшыбаев Дәулетбек Ділдабекұлы – қызылордалық суретші. Республикалық көлемде кеңінен танымал болмаса да, жас суретшінің салған суреттері мен жасаған өнер туындылары халықтың көңілінен орын тауып, көпшіліктің жоғары сұранысына ие. Үнемі ізденісте жүретін Дәулет 1988 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. №23 Ж.Қизатов атындағы орта мектептің түлегі. М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінде, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде бейнелеу өнері және сызу мамандығын меңгерген. Бірнеше шығармашылық байқаулардың жеңімпазы, фестивальдардың лауреаты. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі.


(Суретте: қызылордалық суретші Дәулетбек Тойшыбаев)

«Тұйықтығымнан ешкіммен сөйлеспей, тек тығылып сурет сала беретінмін»

ДәулетбекТойшыбаев суретші ретінде үнемі өзін-өзі дамытуға, шығармашылық тұрғыдан шыңдауға ерекше көңіл бөледі. Өнерге деген шексіз махаббаты, тынымсыз ізденісі бала кезден басталса керек-ті.

- Мен сурет салуды мектеп қабырғасынан бері жақсы көремін. Ол кезде көбіне уақытым сурет салумен өтетін. Бұған бір жағынан тұйық бала болғаным да әсер еткен шығар деп ойлаймын. Бар уақытымды сурет салумен өткізгендіктен, оқу үлгерімім де орташа деңгейде болды. Мектеп жасымда үйірмелерге, өнер үйірмелеріне қатысқан жоқпын. Суретті өзім салып үйрендім. Кейіннен ұстаздар менің сурет салатын қабілетімді байқай бастады. Тоғызыншы сыныпты бітіріп, Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы колледжге бейнелеу өнер мамандығына оқуға тапсырдым. Колледжде 4 жыл оқып конкурстарға, фестивальдарға, халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысып, лауреат атандым. Осы бейнелеу өнерінен әртүрлі республикалық, облыстық көрмелерге қатыстым. Содан бері, міне, осы сурет өнерінде қызмет етіп келемін. Отбасында бес ағайындымын. Төрт ағам бар, мен бесіншісімін. Ағаларымның өнерге қатысы жоқ, төртеуі де төрт түрлі кәсіппен айналысады. Негізі сурет салатын туысқан ағам бар. Ал өз отбасымда өнерге қатысы бар ешкім жоқ.

Кейіпкеріміз құм анимациясы мен поп-арт, лазермен бейнелеу өнерін меңгерген.

- Мен колледж қабырғасынан бейнелеу өнерін бітіріп, үш жыл әскери қызметте, яғни Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінде жұмыс істедім. Әскери қызметті жалғастырғым келмеді, себебі бейнелеу өнері мені тартып әкетті. Сол үш жыл жұмыс істеп жүрген кезде, мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне сырттай оқуға тапсырдым. Оқу орнын бітіргеннен кейін жеке бір қаладағы өнер мектебіне шақырды. Ол кезде менің мұғалім болуға мүлдем тәжірибем жоқ болды. Сол уақытта әртүрлі өнер салаларының мамандарымен әріптес болдық. Онда біріңғай орыс, сондай-ақ өзге ұлттармен жұмыс істедім. Мен алты жастан бастап ересек кісілерге дейін сабақ бердім. Ол кезде бар болғаны 23-24 жаста едім. Сол уақыттарда Youtube желісінен Ксения деген қыздың құммен сурет салып жатқанын көрдім. Ол Украинаның «Талант шоу» телевизиялық конкурсына қатысып, бірінші орын алған екен. Ксенияның құммен сурет салу өнері маған қатты ұнады. Содан кейін тек қана бейнежазбаларын қарап, өзім үйреніп алдым. Ең алдымен, заттарын жасап, әйнегін алып, құмын іздеген едім. Анау құмды саламын болмады, мынау құмды саламын болмады. Сөйтіп, біздің Қызылорда облысының Арал ауданындағы Қамбаштың құмын көрдім. Әйнек жасайтын құмнан өзіме бір ыңғайлы құм болды. Содан бірте-бірте үйреніп, кейін өзіме оңай болып кетті. Әр нәрсені жақсы көріп жасасаң, соңынан нәтиже беретіні сөзсіз. Осыны үйреніп жасадым. Кезінде мектепте мұғалім болдым ғой, одан кейін өзім балаларға арнап мектеп аштым. Қалада ол уақытта бейнелеу, шығармашылық, құмыра жасау дегендер жоқ болатын. Соны көріп, қаладан сурет салу, құмыра жасау, құммен сурет салу, ағаш ою деген жаңа өнер түрлерін үйрететін мектеп аштым. Осыдан төрт-бес жыл бұрын бір-екі жыл сабақ беріп жүрдім. Командамда біраз адамдар болды, содан әрі қарай жұмыс істеп кәсіптік арнаға қарай бет бұрып кеттім. Өзімнің шығармашылығыма уақыт болмай қалды. Қазір шәкірт тәрбиелеуді қойдым. Өзім жеке кәсіппен айналысып жатырмын. Енді жаңағы құм анимациясына келгенде, өзіме ұнаған соң айналыса бердім. Асаба жолдас жігіттермен осы құм анимациясын көрсетіп тойға шығуға келістік. Бір тойға шығып бес минуттық «Love story» жасадым. Ол кезде мен әлі халықтың алдына шығып көрмегенмін, бес жүз адамның бәрі саған қарап тұрады екен. Бір 10 минутта әдемі әуенмен салып шықтым. Осы құммен сурет салғанда фантазияң мықты болуы керек. Суреттен сурет шығару керек, тақырыпқа әуенің сәйкес болу керек. Соның бәрін реттестіріп отырып салдым. Сол сәттен бастап мені тойларға жиі шақыра бастады. 2013 жылы ең бірінші рет менде құммен сурет салу басталды. Содан кейін тойларға, концерттерге шықтым. Бір жағынан бұл маған бизнес болып кетті. Енді құммен сурет салу деген өнердің бір жанры ғой. Негізгі классика емес, классика бізде кескіндеме болып есептеледі. Бұл шоуға арналған. Оның фото поп-арт, кескіндеме поп-арт деген сияқты түрлері бар. Ол үшін әр өнер адамында ізденіс болуы шарт.


Дәулетбек Ділдабекұлының суретке әр қырынан қарып, жаңаша тыныс сыйлайтын қасиеті бар. Нұр-Сұлтан қаласында өткен ЭКСПО-2017 көрмесіндегі шегеге жіп тарту арқылы жасаған образдары әлі күнге дейін көпшіліктің есінде.

- Шегемен салуды стринг арт деп атайды. Интернеттен бір суретші Джастин Тимберлейктің суретін салып жатқанын көрдім. Көбінесе жастарға жағымды, креативті салынған суреттер ұнайды. Ең алғаш рет 2017 жылы ЭКСПО-ға дейін ағаш алып, шегелерге тоқып, өнер туындысы еткен суретім аңыз әнші Батырхан Шүкеновтікі болатын. Суретші болғаннан кейін осындай құбылыстар маған қиын емес, керісінше өте қызық болып келеді. Осы суретті салу барысына 2-3 күндей уақытым, тоқудың өзіне екі апта кетіп, суретті жарты ай дегенде бітірдім. Қызылордада облыстық көрме болып, менің Батырхан Шүкеновті салған өнер туындымды шығарды. Сол күннен бері танымалдығым артты. Соның арқасында адамдардың бәрі қызығып, тапсырыс бере бастады. Одан қалмай Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі сияқты әншілер тапсырыс беріп, қызығушылық таныта бастады.

Мен ЭКСПО-ға көзе өнерімен бардым. Сол уақытта қаламызда құмыра жасау өнерінен жастар қатарынан мен ғана болдым. Б.Шүкенов пен Г.Головкиннің шегемен тоқылған суреттерін апарып, астанада көптің ыстық ықыласына бөленді. Сөйтіп, шеберлік сағаттары негізінде келген қонақтарға құмыра жасатып үйреттім.


«Бейнелеу өнеріндегі алғашқы ұстазым көршім болды»

Қылқалам иесі өз өнер туындыларына ерекше рең беріп, оны тарихи шындықпен сәйкестендіру үшін қазір түрлі кітап оқып жүрген көрінеді.

- Менің қоржынымда портрет жоқ. Тек батырлар бейнесі ғана бар. Қылқалам шебері әртүрлі бағытта сурет сала береді. Портретті тек тапсырыс ретінде ғана саламын.

Кезінде мектепте тарих сабағын оқымағанмын, қазір соның орнын толтырып жүрмін. Кітап оқу өзіме де пайдалы. Себебі тарих жұмысыма қажет. Тарихыңды білмей, сен жұмыс істей алмайсың. Сондықтан тарихқа қатысты әлеуметтік желіден мағлұматтар іздеймін, зерттеймін. Әртүрлі жанрда сурет саламын. Кейде табиғатты, кейде жылқыларды салғым келеді. Жаз мезгілінде шығармашылық жұмысқа уақыт болмай, кәсібіме көңіл бөліп жүрмін. Күзде қайта шығармашылық жұмысымды қолға алып, жоспарлап отырамын. Колледж қабырғасындағы ұстаздар сабақ беріп, көптеген сурет салу техникаларын үйрендім. Енді әрі қарай теорияны біліп алғаннан кейін практикалық жұмыстарға кірісіп жатырмыз. Содан бері әлі үйреніп, әртүрлі суретшілермен тәжірибе алмасып келеміз.

Ең қызығы, Дәулетбекті бейнелеу өнеріне ең алғаш баулыған өзінің көршісі екен.

- Менің бейнелеу өнерінен алғашқы ұстазым мектеп қабырғасындағы мұғалілім әрі көршім Ахан деген кісі болатын. Суретті салуды білгенмен, техникасынан хабарым жоқ еді. Мектеп қабырғасында сурет салу заңдылықтарын, бәрін сол көршім үйретті. Ол кезде мен 6-7 сыныпта оқимын. Майлы бояу, қылқалам дегендерді білмейтінмін, Ахан ұстаздың арқасында, бейнелеуге қызығушылығым оянып, соңынан қалмай мазалап жүріп, біраз нәрсені меңгеріп алдым. Жетінші сыныптың аяғында маған үлкен бір бастықтан тапсырыс түсті. Түркістан қаласының суретін салып беріп, бес мың теңге қаламақы алған болатынмын. Колледж қабырғасынан бастап Индира Шамшатқызы деген топ жетекшім қолдау білдіріп, сен үлкен байқауларға барасың деп айтып отыратын.

Дәулетбек өнерді «үйрен де, жирен» қағидасымен өмір сүреді. Кейбір үйренгендерінің болашағы жоқ екенін білсе, бастапқыда байқап көріп, кейіннен уақытын өзге тиімді дүниеге жұмсағанды тәуір көреді екен.

- Шыны керек, құм анимациясы өте танымал болды. Мультфильм түсіріп, сол жобалардан қолдайтын адамдар табылды. Бірақ мультфильм жалғасын таппай қалып қойды. Қолдаған кісілер кейіннен ұнатпай, ары қарай жасамадық. Қазір құм анимациясына мән беріп жүрген жоқпын. Себебі болашағы жоқ, тарихта қалатын нәрсе емес. Қазіргі таңда тапсырысқа байланысты жарнама роликтер түсіріп беремін. Лазерлік анимацияны интернет желісінен көрдім. Онда франциялық азамат лазермен сурет салып жүрді. Оның техникаларын Қытайдан алу үшін ақша жинадым. Жаңа жылға қарсы құралдарын алған едім. Қазіргі уақытта лазер анимациясы да жалғасын таппай, тек шеберлік курсының деңгейінде қалды.

Отандық және шетелдік суретшілердің өнер туындыларына анализ жасайтын Дәулетбек Ділдабекұлы соңғы трендтермен де таныс.

- Мен шетелдік, қазақстандық суретшілерге қараймын, олардың жұмыстарына талдау жасаймын, техникасын зерттеймін, керегін аламын. Шығармашылық адамның өз қолтаңбасы болуы қажет. Шетелдіктерден неміс суретшілері өзіме қатты ұнайды. Еуропада суретшілер жоғары бағаға ие. Бізде Қазақстанда суретшілер өнердегі ең төмен адамдар болып тұр.Тек әнші-бишілер ғана табыскер. Адам көп еңбек жасау керек. Себебі, суретші болу деген оңай емес. Ұл болсын, қыз болсын еңбектену керек, қиялдану қажет. Бірақ қатты қиялға берілу де керек емес. Мен сурет, өнер жағына келгенде қиялға берілсем, өмірде бәріне нақты қарауға тырысамын. Қазір әртүрлі техникамен жұмыс істеймін. Әлеуметтік желілерге туындыларымды сала бермеймін. Жарнама есебінен бір жағынан еңбек табысымды табу үшін қолданамын. Колледжде менің алдымда төрт топ оқыды. Менен кейін оқып жатқан суретшілер бар. Қазіргі уақытта өте қатты суретпен айналысып жүрген адам көрген жоқпын. Менің тобымда жиырма бес адам оқыдық. Ешқайсысы сурет мамандығымен айналыспайды. Бірі мұғалім, бірі мұнайшы болып кеткен. Бейнелеу өнері қиын ғой. Маған бірақ ерекше ұнайды. Әрқашан ізденісте жүрсең, сұраныста боласың. Үйде суретшімін деп жатып алсақ, бізді ешкім білмейді.

Дәулетке үйінің кенжесі болуы ірі қалаларға немесе шетелге барып білім алуына кедергі болыпты. Суретші соған қарамастан, арманынан бас тартпаған.

- Мен арнайы курстарға қатысып, оқымадым. Көп қызыға қоймаған соң, уақытымды жоғалтқым келмеді. Ең бастысы бастама ғой. Шамалы бастамаң, ынтаң болса, әрі қарай өзің алып кете аласың. Сол үшін мен іздендім. Үйрену үшінде шет мемлекеттерге бармадым. Мысалы, Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында оқитын суретшілер мықты деп мойындаймын. Мен де сол жақта оқығым келді, бірақ отбасым үйдің кішісі болғандықтан, ол жаққа жібермеді. Бір жағыннан мен алғаш студент болып оқу оқып жүргенімде әкем өмірден озды. Мен анама қарап қалған едім.

Қазіргі уақытта да Жүргенов академиясының оқытушыларын өте жоғары бағалаймын. Әртүрлі көрмелерде болған кезде суреттерді салыстырамыз ғой, егер де сол кісілермен бір көрмеде болсам менің жұмысым ол кісілерден төмендеу болатын шығар деп сол кезде қорқатынмын. Уақыт өте келе менің де жұмысым олардікінен төмен емес екенін түсіндім. Сол кісілермен қатар, тіпті ол кісілермен де жоғары, жақсы салынған деп мақтанып қоямын. Кейбір суреттеріме түрлі пікірлер келгенде көбісі ұстазың кім деген сұрақ қояды. Бірақ менің бұл шығармашылық жолымда арнайы ұстазым жоқ. Өзім ізденіп, тырысып алға қадам бастым деген жауапты айтамын.


Суретшінің алдағы мақсаттары, армандары өзгелерген бөлек. Ол алдағы уақытта өнерімен қатар, жеке өмірінің де бір арнаға түскенін қалайды.

- Бір кездері өзім өнер мектебін ашып, бір-екі жыл жұмыс істедім. Алайда тоқтап қалды. Себебі менде арнайы барып сабақ беретін уақыт болмады. Алдағы уақытта өзімнің жеке шығармашылығыма байланысты өнер мектебін ашу ойда жоқ. Оған аса мән беріп кетсем, шығармашылығым қалып қалайын деп тұр. Бұл да бір алдағы жоспарымда бас іс, бірақ қазір уақыты келмеді.

Ал арманға келсем, өте көп. Оған асықпай өнер арқылы жете береміз ғой. Алланың қалауымен, жете аламын деп ойлаймын. Өнерімді тек қана қазақ халқы емес, шетелдегі азаматтарда білсе екен деймін. Осы өнермен абыройымызды асқақтатып, бір атақты тұлға болу – басты арманым. Ал дәл қазіргі басты мақсат – ол отбасын құру. Қара шаңырақты құлатпай абыроймен ұстап қалу, үлкен отбасыға айналу.

Кейіпкеріміз бүгінгі таңда Қазақстан суретшілеріне ешқандай қолдау білдірілмейтінін айтып, қынжылады.

- Қазақстанда бейнелеу өнері төмендеу. Басқа шет мемелекеттер секілді аса мән бере бермейді. Бейнелеу саласынан беретін ұстаздарды алатын болсақ, ол кісілердің айлық көрсеткіші өте төмен. Жұмыстары елеусіз қалатын секілді. Ал мен олай жұмыс істегім келмейді. Сондықтан мен өз шығармашылығымды дамытып, өз кәсібімді жандандырып жүрген жайым бар.

Өзінің өмірі және өнер жолындағы өзгерістермен таныстырған Дәулетбек Тойшыбаевтың бүгінгі болмысы осы. Өзіндік ерекшелігімен дараланып жүрген қылқалам шеберінің әлі де биік белестерді бағындырып, халықтың сүйіктісіне айналатыны сөзсіз. Шығармашылық шыңдалуды ұлы мұрат еткен дарынның ашық әңгімесіне алғысымыз шексіз.

(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды)

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: