Ғұндар - көп тайпалы сақтардан қалған көп тайпалы ел

21 Тамыз 2014, 08:51

Ғұндар - көп тайпалы сақтардан қалған көп тайпалы ел

Үйсін ұлысындағылар - сол ғұн қағанатының ішіндегі бір тайпалық одақты құраушылар.

Мəселенің беті ашыла түсуі үшін, ғұндардың тегі жайлы сөзімізді соза түсейік. Ғалым Жайқын да: “Жалпы алғанда, көп санды ғалымдар ғұндар тілінің Алтай тілдер жүйесіне жататынын растайды. Бұл туралы талқылар алғашындағы Орал тіл жүйесіндегі фин-угор тіліне жатадыдан біртіндеп түрік тіл тобына тəн деген бірлікке келісті”  дейді. Сөйтетін жөні бар.

“Меніңше, - дейді Лиң Ган, - түріктер түгел Түрік нəсілінен, ал шығысхулар моңғол нəсілінен. Ғұндар моңғол нəсіліне жатпайды, түрік нəсіліне тəн. Ноян тауындағы №25 ғұн қабіріне жүргізілген археологиялық қазбадан ғұн келбеті түсірілген кесте сурет шықты. Суреттегінің қолаң шашы артына қайрылған, маңдайы кең, бадырақ көз, қою мұртты, əлпеті суық, өте сұсты. Моңғол Республикасының археологы Ц. Доржысұроң: “бұл кестеге сызылған адам – қабірдің иесі, ғұн” – дейді. Өзге ғалымдар да, моңғолдарда мұрт болмайтындықтан, кестедегі жан моңғол нəсіліне жатпайды деседі. Ықылас аударарлығы - оның қарашығын қара қылғанымен, өзгесін зеңгірмен кестелегені. Бұл ғұндардың түрік нəсілдігін шешуге күшті заттық дəлел беріп отыр. Өйткені түріктердің бет əлпеттік белгісінің (нəсілдік нышанының) бірі -көк көзділік пен қою мұрттылық... Ғұндар - толып жатқан алуан ұлт пен нəсілден құралған тайпалық этнос. Ғұн нəсілін зерттегенде, Ғұнның ноқта ағасының - Луан- ди (əр əулет тəңірқұттар шыққан) руының сүйегі уəкілдік етілсе ғана типтік мəнге ие бола алады. Луандилермен жақынқандастығы не құдандалығы бар өзге - Хуян, Лан, Шюйбу, т. б. тайпалардікінің де уəкілдік сипаты бар. Ұйғыр, Түрік, Шюеянто  үшеуі - Телі  жүйесіне жататын бұтарлар... Алтай мен Тəңіртау өңірінде, толып жатқан түрік тілді алуан этно ежелден тіршілік еткен. Сондықтан мұнда тұрған түріктер атамзаманнан бері оған ізін де қалдырды, күшейген кезі де болды. Демек бұл аймақ б.з. 840 жылы ұйғырлар келуден бұрын-ақ түріктесіп кеткен болатын”. Ал, жоғарыда аталған ғалым Ц. Доржысұроң Ноян тауындағы Ғұн моласынан шыққан дүниедегі ою-өрнектерді зерделей келе: “Бұл кестелер мен өрнектер жəне олардың құрылымы қазіргі қазақ арасында қолданып жүрген сырмақтардағы ою-өрнектерді еске салады”депті. Нығымет Мыңжанұлы өз шығармасында: “Қорытып айтқанда, ежелгі замандағы ғұндар батысқа қоныс аударудан бұрын ежелгі қазақ тайпаларымен тығыз байланысты болған. Олар бір мезгіл Үйсін, Қаңлы, т. б. тайпаларды билеген. Солтүстік ғұндар батысқа қоныс аударғанда, Үйсін, Қаңлы, Алан жерлеріне келіп, одан соң шығыс Еуропаға қарай ауған. Осы кезде ғұндардың бір бөлегі осы өңірде қалып, Үйсін, Қаңлы, Алан ұлыстарымен тоғысып, оларға сіңісіп кеткен. V ғасырда Еділ мен Днепр аралығындағы ғұн одағы ыдыраған соң, бұлардың бір бөлегі қайта толқып қазақ даласына келіп, олардың кейінгі ұрпақтары оғыз, қыпшақ, қарлық атанып кеткен. Бұл тайпалардың бір бөлегі қазақ халқының құрамына қосылып, қазақ халқын қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Соның үшін ежелгі ғұндарды қазақ халқын құраған қайнардың бірі деуге болады” дейді.

Дегенмен сақтар тек қана үнді-еуропа тілінде сөйлескен деп, олардың түрік тілді тайпаларының да көптігін ауызға алмау қаншалық ағаттық болса, ғұндарды тек бір ғана түрік тілді деп, олардың ішінде өзге тілділер болғанын елемеу де соншалық қате болар еді. Ұлы Даланы жалпағынан бір-ақ баса билеген, көп тайпалы қағанатта өзге тілді не əр түрлі диалектілі топтардың, тіпті ұлттардың болмауы мүмкін емес.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу: