“Ғұн” сөзінің этимологиясы

21 Тамыз 2014, 08:56

“Ғұн” сөзінің этимологиясы

 “Ғұн” сөзінің этимологиясы (шығу төркіні) жайлы əр алуан тұспал барын да айта кетейік. XVIII ғасырға келгенде Францияның əйгілі шығыстанушысы, профессор Ж. Дегугнес (1715-1800) хəн жылнамаларындағы шюңну  мен батыс жылнамаларындағы Huns дегеннің бір обьекттің аты екенін көтерді. Бұл қазіргі ғылымда əбден мойындалған ақиқат. Тек ғұндардың өздері өз атын қалай атайтынында ғана сəл дау бар.

Ғұн деген аттың шығу тегін іздеу барысында, əсіресе ол аттың қай тілден шыққанын ойлағанда, “Тəңір гөдəгі”, “Тəңірқұт” деген сықылды ғұндардағы түрік сөздерінен еске оралады, бұл кездегі ғұндар (кемінде оның билеуші, күшті жəне көп санды тайпалары) - нағыз түрік сақтарды негіз, кейін кіріге келіп əбден түріктенген өзге сақтарды қосалқы қылғандар. Оған түрік тілі туралы ғалымдар пікірі тіпті сүйеу болғалы тұр. Мысалы олар: “Тіл ғылымының диахрондық (тіл тарихындық), синхрондық (мезгілдес) жəне тарихи салыстырмалы əдістері арқылы жүргізілген зерттеулер мен тарих, археология ғылымдарының жетістіктері Ғұн тілінің түрік тіліне жақындығын дəлелдеуге негіз болды. Мағына жəне дыбысталуы жағынан мынадай ғұн сөздері түрік тілдеріне сəйкес келеді: тəңір, құт, тархан, ажа (əже), қыз, түмен, шүлен, топырақ (мола ұғымында), қыңырақ (қылыштың бір түрі), сүт, отар (немесе орда), бөрі, құлан, сүг (əскер), т.б. ” деседі.

Соңында айта кетерлік бір жайт - ғұндар өзіндік өскелең мəдениетке, сол қатарда жазу-сызу сықылдыларға да, т. б. ие болған. Л. Н. Гумилевтің: “Көшпелілер арасында жазу-сызу туралы мүмкін емес деп ойлауға ешқандай негіз жоқ. Сауаттылық VII-IX ғасырлардың өзінде-ақ, түріктер, ұйғырлар жəне қырғыздар арасында кең тараған болатын. Ғұндар да одан құралақан қалмас еді” деп тек айтпаған. Бергі жаңалықтар арқылы бұл көзқарасты бекемдей түскендер, мысалы Əлімғазы Дəулетхан: “Моңғол үстірті мен Алтай, Ноюнула алқабынан табылған ғұн тəңір құттары молаларындағы ғажайып мəдени ескерткіштер, төрт бұрышты таңба жазулар мен Есік обасынан шыққан əйгілі алтын адам бауырына басып жатқан күміс тостағандағы 26 əріп, əлемдік түркология тарихына төңкеріс жасағандай болды. Осынау айтулы ғылыми жаңалықтардың тұғырын нықтай түсер үлкен жаңалық - 1982 жылы моңғол археологтары тапқан Бұлғын аймағына қарасты Бабалы (Өвгөнт) ғұн моласынан шыққан шекіме алтын пеңгейдегі көне түрік руникалық алфавитімен жазылған төрт сөз (б.з.б. I ғасыр) деуге болады”  дейді жəне оған “Батыс Хəн əулеті кезінің ірі мемлекет қайраткері Хуаң Куаң: “Жөн-жоралғылық ережелер жинағы болғанымен, сүйекке ойып, теріге басқан жазуымен ұлықтары өзара хабарласады”. Деуіне қарағанда, жазу-сызуы бардай көрінеді, Каң Тай  да өзі барған Фунан (Камбоджа) туралы жазып келе жатып: “Олардың кітаптары бар жəне оларды ұқыпты сақтайды. Олардың жазуы ғұндардың жазуын еске түсіреді”  депті” дегендерді қосады. Біз «Ғұннама» жазып отырмағандығымыз үшін оған бұдан артық орын бермедік. Алайда, арғы сақтар мен бергі Үйсін мəдениетінен ортадағы ғұндардың мəдениеті де елестейтін болады. Керісінше айтсақ, ғұндарда жазудың болғаны үйсіндерде жазу болғанына тіпті сендіре түседі. Өйткені ол көне мəдениет ошағы Қытай, Қосөзен, Еуропалардың жол торабында ғана емес, Орта Азиялық Екі өзен (Мауреннахар, Сыр мен Аму) мəдениет ошағының қасында емес пе.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу: