17 Маусым 2014, 10:54
Орда қаласынан шыққан «Ұран» газетінің 1918 жылғы 28 наурыздағы №30 санында мынадай хабарландыру басылған екен:
«Ғұмар Қараштың «Тұрымтай» атты жаңа жазылған жыр кітабы басылып жатыр. 15-нші марттан «Сарыарқа», «Қазақ», «Ұран» басқармаларында һәм шығарушының өзінде сатыла бастайды. Топ адресі: Уфа Д.Вьдомоство, Кир.отд. г. Карашеву. Бағасы 90 тиын, поштамен 1 сом. Жүздеп алдырушыларға сомынан 20 тиын кемітіледі».
26 өлеңнен тұратын, бас-аяғы 40 шақты беттен құралған бұл кітаптағы шығармалардан Ғұмар атамыздың ұлтшыл көзқарасы, ел басына түскен ауыр кезеңдегі алмағайып көңілі анық көрінеді. Ақынды кейін «алашордашыл» деп қаралауға негіз болған «Күн туды», «Неден қорқам?», «Көреміз бе?» атты өлеңдері дәл осы жинақта басылған еді. 1921 жылы қаскүнемдердің қолынан қаза тапқан ақынның есімі де, еңбектері де кеңестік цензураның құрсауында қал-ды. Тек тәуелсіздік жылдары ғана ақынның артында қалған мұрасын түгендеуге мүмкіндік туды.
Жақында Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданына қарасты Көктерек ауылының тұрғыны Теміржан Қажығалиев ақсақал бізге ғасырға жуық сақталған осы «Тұрымтай» кітабын тарту етті. Мұқабасы жоғалып, кей жері қиылып, жыртылғанымен, дәл сол 1918 жылы баспадан шыққан түпнұсқаның өзі! Құнына баға жетпес бұл кітап Теміржан ағайдың отбасында 1950 жылдардан бері сақтаулы екен.
– Менің әкем Шәмшиден Қажығалиев 1898 жылы туған, ескіше хат танитын, көзі ашық адам еді. 1950 жылдары сол кездегі Фурманов ау-дандық газетінің редакторы болған Қияс Өтенов деген азамат әкеме осы кітапты беріп, төте жазудан кирилл әліпбиіне аударып беруін өтініпті. Со-дан біздің шаңырақта қалған, - деп еске алады Теміржан ағай.
Кеңес үкіметі кезеңінде «халық жауларының», «ұлтшыл ақынның» кітабын сақтау – сау басқа сақина тілегенмен бірдей қауіпті шаруа еді. Соған қарамастан құнды дүниені сақтап, кейінгіге жеткізген қарапайым ауыл ақсақалы үлкен іс тындырды деуге болады.