Ұлы Отан соғысы туралы Kaharman.kz жаңа веб-ресурсты іске қосты

3 Наурыз 2015, 05:21

1 наурыз күні «Нұр Отан» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының аясында Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске арналған Kaharman.kz жаңа веб-ресурсын ұсынды.

 «Нұр Отан» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының аясында Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске арналған Kaharman.kz жаңа веб-ресурсын ұсынды. Сайтта бірегей мұрағат құжаттары, майдандағы тарихи хикаялар, әскери жылдардың музыкалық композициялары, ҰОС қатысушыларының атынан твиттер және т.б.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, сайттың мақсаты – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қазақстандықтардың қосқан үлесі жайлы бізге не мәлім, соны танымдық, қызықты және қолжетімді формада жеткізу; батырлар туралы әр жерде шашырап жүрген ақпаратты бір жерде жинақтау; халыққа беймәлім, бірақ соғыстың нәтижесіне әсер еткен фактілерді жария ету

Қазақстанда алғаш рет Kaharman.kz cайты үшін ҰОС қатысқан қазақстандықтар туралы  барлық ақпаратты жинау, өңдеу және қорытындылау бойынша жүйелендірілген жұмыстар жүргізілді. Сайт ақпараттары тек мұрағат құжаттарының негізінде ғана емес, сондай-ақ ҰОС куәгерлерінің, олардың туыстарының әңгімелері негізінде жинақталды.

Соғыс туралы фактілерді жинау және тұрақты жаңартып тұру «Нұр Отан» партиясының облыстық және аймақтық филиалдары арқылы жүзеге асуда. 

«Нұр Отан» партиясы баспасөз қызметі мәлімдегендей, сайтта батырлардың тұрғылықты жері мен туған жері геолокациялық тұрғыда байланыстырылған. Республикамыздың әрбір азаматы ҰОС қатысқан жерлер-батырлары жайлы онлайн режимде кез келген ұялы телефоннан біле алады. Бұдан бөлек, телефон арқылы Ұлы Жеңіске арналған іс-шаралар жайлы хабарламалар алу мүмкіндігі пайда болды.

Сайттың «соғыс дыбыстары» атты рубрикасында майдан әндері мен соғыс батырларының тірі дауыстары жарияланған. Шынайы күнделік негізінде соғыс батырларының атынан твит-блогтары жүргізілуде. Олардың көпшілігі тұңғыш жарық көріп жатыр. Сонымен қатар Kaharman.kz сайтында «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында әзірлеген және Ұлы Жеңістің 70-жылдығына арналған бейнероликтер жүктелген.

Сайттың негізгі ядросы – Кеңес Одағы батыры атағы мен «Даңқ» орденін алған қазақстандықтар туралы мәліметтер базасы. 2014 жылы партия Ардагерлер кеңесімен және Генералдар кеңесімен біріге отырып, Кеңес Одағы батырлары мен «Даңқ» орденінің кавалерлері атанған қазақстандықтар туралы естеліктерді мәңгі есте сақтау мәселесі көтерілді. Бұл бастаманың аясында көптеген тарихи және мұрағаттық жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде Кеңес Одағының 531 батыры мен «Даңқ» орденінің 124 кавалері туралы туралы ақпарат қалпына келтіріліп, олардың әрқайсысына «жеке іс» ашылды. 


Дәурен Омаров

Бөлісу: