«Ұлттар достығы – татулықтың тал бесігі»

30 Маусым 2020, 16:59 9256

«Ван» армян қоғамдық бірлестігі мен армян халқының пайда болу тарихы

Ресми деректерге сүйенсек, әлемде шамамен 256 ұлттар мен ұлыстар бар екен. Солардың 130-дан астамы біздің мемлекетімізде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Барлық ұлт пен ұлыстың тілін тауып, бірлік пен ынтымақта ұстап отырған бүгінгі билік, ұлтаралық татулықты ұзақ жылдан бері сақтап келеді. Дүние жүзіндегі ежелгі этностардың бірі – армяндар. Олардың тас дәуірінен біздің дәуірімізге дейінгі мәдени ескерткіштері жөніндегі мәліметтері мен материалдары әлі күнге дейін сақталған. Осы орайда біз армян халқы туралы толығарақ білу үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ван» армян қоғамдық бірлестігінің басшысы, запастағы полковник Салумян Саак Акоповичпен әңгімелескен болатынбыз.


Тарихи мәліметтерге сүйенсек, армян халқы әлемнің алпыстан астам мемлекетінде өмір сүреді екен. Армяндардың Қазақстанға қоныс аударуы Кеңес кезеңінде бастау алған. Ал «Ван» армян қоғамдық бірлестігін 2000 жылы Меликян Володя Егишевич негізін қалаған. Ол барлық аймақтың орталықтарымен әріптестік қарым-қатынас орнатып, ортақ істі бірлесіп атқаруға өзінің бар күш-жігерін салды. Ал 2008 жылдың басында Армянкеңесі қауымдастығының шешімімен жаңа төраға ретінде Аветисян Гагик Юраевич сайланды. Одан кейін этно-мәдени орталықтың дамуына Арутюня Ерем, Мартиросян Гагик және өзге де азаматтар өз үлестерін қосқан. Бүгінгі таңда этно-мәдени орталықты көпшілікке қадірлі азамат, запастағы полковник Салумян Саак Акопович басқарады. Саак Салумян 2016 жылы қауым мүшелерінің таңдауымен «Ван» армян қоғамдық бірлестігінің басшысы болып тағайындалған еді.


– Бірлестіктің басты мақсатына әлемдегі этникааралық толеранттылықтың сақталуына үлес қосып, Қазақстан халқымәдениетін жан-жақты дамыта отырып, армян халқының тілі және әдет-ғұрпы сақталуын қамтамасыз ету жатады. Сонымен қатар қоғамдық бірлестік ұлттық мәдениеттің жаңғыруына және сақталуына белсенді түрде жұмыстар атқарып келеді. Армян халқының озық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дамыту, армян тілін оқытуға, тарихы, әдебиеті, өнерін және түрліқолөнерін сақтап қалуға барлық жағдайды жасаумен бірге халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықты нығайтуда жұмыстар жүргізіп келеді, – деді «Ван» қоғамдық бірлестігінің басшысы.

Бүгінгі күнге дейін қайырымдылық іс-шараларын өткізіп, қоғамдағы жастар мәселесіне қатысты жұмысты белсенді түрде жүргізіп келе жатқан бірлестіктің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Сонымен бірге этно-мәдени орталықта армян жексенбілік мектебі бар. Мектепті Мнеян Айастан Федиковна басшылық етеді. Мектеп ұстаздары оқушыларға этникааралық қарым-қатынас төңірегінде әңгіме өрбітіп, дұрыс бағыт-бағдарға сілтейді. Жексенбілік мектепте жыл сайын 25 баладан 35 жасөспірімге дейін білім алады. Бұл мектеп сонымен қатар армян тілінде оқып-жазуға үйретеді.


– Біздің қауымдастықтың негізгі жобаларына ардагерлер мен мүгедектерге, жалпы құқықтық, әлеуметтік көмекті қажет еткен барлық тұлғаларға жәрдем беру, ұлттық мерекелер, соның ішінде Тәуелсіздік күнін, Қазақстан халықтарының бірлігі күнін және Наурыз мейрамын ұйымдастырып өткізу кіреді, – деді Саак Салумян.

Жұмыс жоспарының қатарында Армения мен Қазақстан елінің белгілі мерекелеріне қатысты деректерде қоғам, шығармашылық және әуесқой көркемөнерпаздар жұмысын дамыту мақсатында «Наири» би ұжымын құрылған. Бұлұжым Кондратюк Галина Петровна жетекшілігімен және Қазақстан халқы Ассамблеясы қамқорлығымен республикалық іс-шараларға белсенді түрде қатысып келеді.


– Бүгінгі таңда «Достық» үйінде орналасқан армян халқының «Ван» этно-мәдени орталығында 60-70 азамат жұмыс істейді. Біздің қауымдастық ашылған күннен бастап белсенді жұмыс атқарып, түрлі мәдени іс-шараларға қатысып келеді. Нұр-Сұлтан қаласында шамамен 1500-ге жуық армян халқы өмір сүреді. Ал Қазақстан бойынша 37 мың армян бар. Сонымен бірге Ақмола облысындағы «Алжир» лагерінде 75 армян әйелдері болған деген деректер бар. Ол кезеңде адамдар аштықтан қаза болған. Қазақстандықтар біздің халықты сол қиын кезеңнің өзінде қабылдаған. Деректі фильмдерді қарап отырсаңыз, аштық және репрессия кезеңінің қиындығын, аштық пен қасіретті көруге болады. Ол жылдар ел басына күн туған қасіретті оқиға бүгінде тарих қонауында мәңгілікке сақталып қалды. Біз оны ұмытпауымыз керек. Бірлік және ынтымақ мерекелерінде Қазақстандағы барлық ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіреді. Біз қазақ жерінде өмір сүріп, осы халықтың тарихымен таныс болып, мәдениеті мен салт-дәстүрін білуіміз керек. Репрессия кезінде қоныстанған армяндар бүгінде осы жерде, қазақ елінде өмір сүріп келеді. Себебі Қазақстан  біздің үйіміз. Қазақстанға қоныс аударып, біз екінші Отанымызды, екінші үйімізді таптық, – деді Саак Салумян.

 Этностың пайда болу тарихы

Армения Республикасының жергілікті тұрғындары армян халқы болып табылады. Өзіндік атауы «хай» деген сөзді білдіреді. Армян халқын қалыптастырған ежелгі бабалары Кіші Азияның оңтүстік-шығыс бөлігінде өмір сүрген. Ежелгі армян тайпалары б.з.д. VIII ғасырда Урарту мемлекетінің құрамында болған еді. Урарту мемлекеті мидийліктермен жүргізген соғысы кезінде сәтсіздікке ұшырап, соның нәтижесінде қазіргі Армения территориясы Мидияның қол астына өтті. Ал б.з.д. VI-IV ғасырларда ирандықтардың билігіне енді. Ескендір Зұлқарнайын Персия мен Арменияны басып алғаннан кейін, оның құрған мемлекетінің бір бөлігі ретінде болды. Рим империясы құлағаннан кейін қазіргі Армения жерінде үш армян патшалық мемлекеттері болған. IX ғасырда ерте ортағасырларда Византия мен арабтардың қол астында болса, ал 1242 жылдан бастап моңғолдарға бағынған. XV ғасырда персиялықтардың провинциясы болса, ал XVI ғасырда провинцияның шығыс бөлігін түркілер басып алды. XIX ғасырдың басында орыс-персия соғысынан кейін және 1878 жылы орыс-түрік соғысынан соң Армения Ресей империясының құрамына кірді.

 Армяндардың Қазақстанға қоныс аударуы

Армян диаспорасы Казахстанда ХІХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған.Армяндар орыс, украин халықтарымен бірге Қазақстанға қоныстана бастаған. 1846 жылы Маңғышылақта Форт-Александр бекінісі салынды. Бекініске жақын орналасқан жерде армян слободасы пайда болды. Ол жерде 1873 жылы 88 армян халқының өкілдері мекендеді. Кеңес Одағы тұсында Қазақстанға армян халқының қоныстануы ары қарай жалғаса берді. Ол екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде армян халқының шеберлерін құрылыс үшін шақырды. Ал екінші кезеңде сталиндік тәртіпке байланысты 1944 жылы И. Сталиннің бұйрығымен Қырым АКСР-нан Қазақстанға 90 837 армян көшіп келді. 1988-1989 жылдары Әзербайжанда (Бакудан қашқан әскері) болған оқиғадан кейін Қазақстандағы армян босқындарының саны арта бастады.1926 жылы жүргізілген халық санағы бойынша Қазақстанда 579 армян өмір сүрген болса, 1939 жылғы санақ бойынша армяндардың саны 7 777 адамға дейін өсті. Олардың басым көпшілігі Түркістан облысында тұрды (28,2 %). 2001-2007 жылдары республикада армяндардың саны 3 247 адамға азайған. Қазіргі уақытта Қазақстанда армян ұлты өкілдерінен 35 мыңға жуық адам өмір сүреді. Армяндардың негізгі бөлігі Алматы, Ақмола облыстарында және Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Алматы қалаларында мекендейді.


Армяндардың негізгі шаруашылығы – егін және мал шаруашылығы. Сонымен бірге бақташылықпен және жүзім өсірумен айналысты. Сонымен қатар, кілем тоқу өнері, тігіншілік, тоқыма, таскескіш және зергерлік өнерді жақсы меңгерген. Армяндардың ұстанатын діні монофизит ағымындағы христиандық, православие және католик болып табылады.

Армян мәдениеті

Армян мәдениеті әртүрлі бағытта дамыған. Мысалы: көркемөнер, музыка, әдебиет, қолөнер, фольклор. Армян халқының көркемөнерінің біріне крест түріндегі хачкара жатады. Музыкалық аспаптары: ден, дудук, тара, зурна кіреді. Армян музыкасының негізгі көрінісі музыкалық дудук аспабы болып табылады. Өрік ағашынан дудук шығаратын армяндар өз мәдениетін әрдайым әртараптандырды. Бұл ағашты арнайы таңдап алған. Себебі ағаштың кеңінен тарағандығы және ыңғайлығы дудукты істеуге қолайлы жағдай жасады. Армян фольклорының негізгі жанрлары: ертегілер, әндер және эпостар. Маңызды мысал келтірер болсақ, Севан көлінің ортасында көтерілген тастың аңызын айтуға болады. Армяндар бұл тасты «қалыңдықтың тасы» деп атайды.


Армян халықтары армян тілінде сөйлейді. Олардың мемлекеттерінде Кеңес кезеңінде екі мемлекеттік тіл болған. Ол армян және орыс тілдері. Мемлекет ішіндегі іскерлік қарым-қатынас кезінде, мәдениет пен өнерде армян тілі кеңірек қолданылса, басқару ісі мен ғылым-білімде орыс тілі қолданыста болды. Білім беру саласында да осы екі тіл қатар пайдаланылды. Кеңес кезінде балалар мен жастардың сапалы білім алуы үшін орыс тілінің қолданысы басымырақ болды. Кейінірек 1992 жылы республикадағы барлық салалары түгелдей армян тіліне көшірілуі туралы заң қабылданды. Сол жылдан бастап бүгінге дейін Арменияның мемлекеттік тілі – армян тілі болып табылады.

Армян халқының салт-дәстүрлері

Жалпы салт-дәстүр дегеніміз – сонау ата-бабамыздың бүкіл өмірінде қалыптасқан мәдениеті, тәрбиесі, өмір сүру заңдылықтары. Салт-дәстүр ерте кезден тәрбиенің, мәдениеттің қалыптастыру көзі саналған. Әр халықтың салт-дәстүрі атадан балаға мұра болып, бүгінгі күнге дейін жеткен. Кез келген халықтың әдебі мен әдеті, мәдениеті мен тәрбиесі мақал-мәтелдерде, даналық сөздерде көрініс тапқан.


Армян халқының да елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлттар мен ұлыстар секілді өзіндік салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бар. Олар бұрын бала туылғаннан кейін үйді жасыл бұтақтар мен жапырақтармен безендірген. Қазіргі уақытта бұл әдет-ғұрып сақталмаған. Армяндардың көптеген ұлттық мерекелері қызықты болып өтеді. «Терентез» армяндар арасында «Масленицамен»  ұқсас мереке болып саналады. Қыс мезгілі аяқталғанда өтетін, көктемгі жылудың келуін білдіретін мереке. «Терендез» шіркеуде аталып өтіледі. Ал жастар болса аулада от жағып, оның үстінен секіретін болған. Бұл мерекедегі жүргізілетін рәсімдер олардың түсінігі бойынша барлық жамандықтан арылтады деп ойлаған.

Армян халқында елде екінші жаңа жыл болып есептелетін «Навасард» мейрамы аталып өтіледі. Бұл мерекенің ұзақ тарихы бар. Бірақ бұл мерекені шіркеу мақұлдамайды. Жаңа жыл 1 қаңтарда ХVIIIғасырдан бастап Симеон католикосының бұйрығымен атап өтіліп келеді.


Армян халқының ұлттық дәстүрлерін неке қию рәсімінде көруге болады. Үйлену тойына дайындалудың әр кезеңінің өз салт-дәстүрі бар. Олар күйеу мен қалыңдықтың той көйлегінен бастап, мерекелік түскі ас мәзіріне дейін ерекше дайындық жүргізеді.

Көп балалы отбасылар – армян халқының көне дәстүрлеріне тән. Карасунк баланың туылуын жасайтын рәсім – нәресте пайда болғанға дейін және одан кейінгі үлкен уақытты қамтиды. Негізгі кейіпкер - Татмем, акушер мен діни қызметкер арасындағы байланыс. Ол туған нәрестеге көмектесіп, шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын баланы жууға қатысқан. Бала туылғаннан кейін қырық күн өткенде, анасы алғаш рет ғибадатханаға баланы алып келіп, сумен жуындырған. Ал анасы қырық рет иіліп сәлем жасаған. Жаңадан босанған әйел рәсім бойынша дөңгелек тәрізді әшекейлер таққан. Бүгінде бұл рәсім өзгерген.

Сонымен бірге армян халқын музыкасыз елестету өте қиын. Ертедегі және ортағасырлық армяндар туралы деректерде, олардың жанама құжаттарында музыканың түрлі әуендері болғаныны туралы жазылған. Сол ерте заманның өзінде дәрігерлер өз науқастарын емдеген кезде, әр түрлі жан күйзелістерінің негізіндегі безгек ауруларында емдік тәсіл ретінде әндерді тыңдау тәсілін қолданған. Бұл олардың сол ерте кезеңнен-ақ музыканың ерекше қасиеті мен құдіретіне сенгендігін білдіреді. Бүгінгі жаһанданған заманда осы тәсіл өзге де халықтарда кездеседі. Мысал ретінде қазақтың күйлерін айтуға болады. Қазақтар ертеде ұлы даланың көне әуендерінң жанға дауа, дертке шипа болар қасиетке ие екендігін білген. Бүгінде сол дәстүрді жалғастырған «этнотерапия» жобасы да бар. Онда шаңқобыз, домбыра, жетіген, сыбызғы сынды ежелгі ұлттық музыкалық саз аспаптардың сүйемелдеуімен көшпенділер әлемінің дәстүрлі сазды сарындары орындалады. Бұл музыка сүйер қауымның ән мен әуенді тыңдау арқылы жандарын тазартып, рухани ләззат алуларына үлкен септігі бар. Және де бойларын қуаттап, жақсы әсерге бөленуге әсерін тигізеді. Сондықтан да музыка ерте заманнан жер бетіндегі барлық халықтарға ортақ дыбыстық көркем бейнеге негізделген өнер түрі болып қала береді.


Тағы да бір ұлттық ерекшелік – Армения мемлекетінің символы ретінде өрік жемісі саналуы. Мемлекет туындағы сары жолақ өріктің түсімен тікелей байланыстығынан туындаған. Және де әлемдегі ең ұзын аспалы жол Армения мемлекетінде тұрғызылған. Ол Х ғасырдың сәулет өнерін еске түсіреді. Ал анар жемісі – армян ұлтының негізгі символы ретінде саналады. Қалыңдық жемісті қабырғаға лақтырғанда, жеміс қаншалықты жарылса, сонша баласы болады деген ертеден келе жатқан аңыз бар. Тарихи Отандарынан жырақта жүрсе де армян халқы өзінің дәстүр сабақтастығын бүгінгі күнге дейін ұмытпай сақтап келеді.

 Ұлттық тағамдары

Армян тағамдары Кавказда және Азияда елдерінің арасында ең көнелердің бірі болып табылады. Оның тән ерекшеліктері мыңдаған жылдар бойы қалыптасқандығы себеп болады. Дәстүрлі тағамның негізі астық өнімдері болып табылады. Саз пештерінде бидай мен арпа ұнынан нәзік нан, лаваш пісіреді. Сонымен бірге басқа да ұн тағамдарын жасайды. Мысалы, кеспені олар «аршта» деп атайды. Дәнді дақылдардан қайнатылған ботқа, палау, сорпа пісіреді. Сүт өнімдері де кеңінен қолданылды: ірімшік, май, қышқыл сүт, мацун және пахта, таң, жұмсақ сусын ретінде пайдаланылады. Және ол тағамдар сорпа дайындауға негіз болады. Салтанатты мерекелерде пісірілген ет, қуырылған тағамдар қолданылған. Аралас өсімдік, дәнді және ет тағамдары әртүрлі: арис - талшықтарға дайындалған ет, кюфта - сорпадағы ет-жарма еті, долма - ет голубци және тағы да өзге де тамақтар әзірлеген. Жүзім мен жемістерден дайындалған астар өте кең таралған. Армян халқының гата, кята, шахар-лохум, карси хоровац, аганц, анушапур, борактар және айлазан деген тағамдары бар. Анушапур өрік қосылған сорпа болса, қамырдан дайындалатын тәтті тағамды   «гата»  деп атаған.

 Дәстүрлі тұрғын үйлері мен ұлттық киімдері

Ерлер мен әйелдердiң дәстүрлi киiмiнiң негiзi көйлек пен кең шалбар болды. Көйлектің үстінен архалух киген. Үстіне чухи түріндегі әртүрлі киімдер киетін болған. Беліне белдік немесе шарф (көбінесе әйелдері) таққан. Қала тұрғындары, қолөнершілер, бай шаруалар белбеуі күміс болған. Әйелдер кеудеше киім киіп алатын болған. Шығыс Арменияда ер адамдардың бөрігі жүннен жасалған. Ал Батыс Арменияда киізден немесе арнайы тоқылған. Әйелдердің жамылғылары әртүрлі әшекейлермен безендірілген. Аяқ-киімдеріне келетін болсақ, армян халқы шикі теріден жасалған поршн, басы қайырылған биік емес туфли немесе жұмсақ теріден жасалған етік киген.

Дәстүрлі тұрғын үйдің негізгі түрі - глхатун (тун) деп аталған. Оның терезесі болмаған. Жабық тас қабырғалары және пирамидалы (ағаштан жасалған жерді толтырумен) құрылысы бойынша жердің немесе жартылай жерастындағы үй болып саналған. Глхатун түтіндік арқылы жарықтанған. Еденде ошақ және қабырға тастары (бухари) болған. Тегіс шатырлы және саз балшықты үйлер көп салынбаған. Үйдің елді мекендерінде көпшілік қоршалған, көбінесе қорғаныс мақсатында құпия жерлермен байланысқан, тауларда бір үйдің шатыры басқа бір аула ретінде қызмет етуі мүмкін. Ауыспалы мал шаруашылығының өңірлерінде маусымдық қоныстар пайда болған. Батыс Арменияның үйі үшін салтанатты бөлмелер (гоми-ода) қонақтарды қабылдауға тән, ерлердің кездесулері, сарайға жақын, екі жағындағы тастан жасалған шатырлар және қабырғаға құйылған оттықтар орнатылған.

 Этно мәдени орталықтар

2004 жылдан бастап Алматы қаласындағы «Наири» Қазақстанның мәдени орталықтары қауымдастығы құрылды. Алматы облысындағы армян этно-мәдени бірлестігі – «Наири» армян мәдени орталықтары қауымдастығының толық құқықты мүшесі болып табылады. Армян халқының ұлттық ерекшеліктері мен дәстүрлерін, оның тарихы мен мәдениетін, тілін, әртүрлі ұлт өкілдерінің арасындағы бейбітшілік пен достықты нығайту Орталықтың басты міндеті болып табылады. Олар өңірдің әлеуметтік және мәдени өміріне белсенді қатысып келеді.

130-дан астам ұлт пен ұлысты бауырына басқан қазақ елінің құшағы әрқашанда ашық болған. Алдағы уақытта да дәл солай болмақ. Татулық пен бірліктен, ынтымақ пен достықтан құралған қамалды ешкім де бұза алмайды. Бірлігі жарасқан ұлт пен ұлыстарымыз барда біздің еліміздің болашағы әрқашан да жарқын бола бермек.

(Суреттер:«Ван» армян қоғамдық бірлестігінің жеке мұрағатынан алынды)
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: