3 Қыркүйек 2014, 13:32
Құлсары батыр Бөріұлы кім? Оның Отан тарихындағы, біздің өңіріміздің тарихындағы орны қандай? Енді осы сауалдар айналасында әңгіме қозғайық.
Жоғарыда аталған зерттеулердің деректері бойынша Құлсары бабамыз 1715 жылы туып, 1776 жылы қайтыс болған.
Батыр бабамыздың ататегі туралы айтар болсақ, Орта жүз Арғын руының Атығай атасының Құдайберді тармағынан тарайды. Құдайбердінің алты баласы болған: Есенгелді, Ырсай, Андай, Ақмеліш, Жамет, Құлымбет. Ырсайдың алты баласының бірі – Бөрі. Бөріден Құлсары туады. Құлсарыдан – Құлыбек, Тау, Бейсеу, Ораз, Мамет, Қалдаман атты балалар туған. Құлсарыдан туған осы алты баланың ұрпақтары өзіміздің Солтүстік Қазақстан облысында және республикамыздың әр жерінде тұрып жатыр. Біраз ұрпақтары бабасының мазарының ашылу салтанатына қатысты.
Құлсары батырдың Отан тарихындағы орнын Құлеке батырдан бөліп айтсақ тарихи әділдік болмас еді. Орта жүздің ханы Әбілмәмбет Абылайдың сұлтан кезінде оған Есіл өзені бойына қоныстанған АтығайҚарауыл елінің билігін бергенін тарихтан білеміз. Абылай сұлтан бұл елді екі болысқа ру жігімен бөліп басқарды. Абылай заманында әкімшілік бөлініс жағрафиялық емес, румен бөлінетін. Қазіргі картамен айтар болсақ, Петропавл қаласынан Николаевка селосы төңірегіне дейінгі қоныстанған елді Құлсары батыр басқарды, бұл ел Құдайберді болысы деп аталды. Ал Николаевка селосынан әрі қазіргі Шал ақын ауданы жерін Құлеке батыр басқарды, бұл ел Бәйімбет болысы деп аталды. Абылай сұлтан бұл екі ел басшысына «старшина» атағын алып берді.
Кейін Орта жүздің ханы Әбілмәмбет Абылай сұлтанға үлкен сенім артып, Орта жүз елін билеу тұтқасын қолына берген уақытта Абылай сұлтан сенімді серіктері – Құлсары мен Құлекені Атығай елі ғана емес, бүкіл Орта жүз еліндегі даудамайларды шешуге араластырды. Елдің ішкі жағдайы ғана емес, Абылай ең сенімді қос батырын сыртқы дипломатиялық істерге де пайдаланды. Әсіресе Ресей елімен қарымқатынасты осы батырлары арқылы басқарып отырды. Бұған орыс архивтеріндегі деректер жетіп артылады. Бұның бәрі жоғарыда аталған зерттеушілердің баспа беттерінде басылған мақалаларында жазылған.