«Әлем Барысында» елдің намысын кім қорғайды?!

3 Қазан 2014, 03:24

Енді осы жылдың 25 қазанында Павлодар қаласында «Әлем Барысы» халықаралық турнирі өтеді! Бұл – үлкен қуаныш, дүбірлі той!

Төл өнерімізді төрткүл дүниеге танытып, қазақ күресін кеңінен насихаттау әлі де жалғасын тауып келеді. Осыдан үш жыл бұрын  «Қазақстан Барысы» турнирі өткен кезде қазақ күресінің қайта жанданғанын көріп, халық шексіз алғысын білдірді. Халықтың көзқуанышына айналған жоба биыл төртінші маусымын да жоғары деңгейде өткізді. Елімізде жас шамасы әртүрлі 90 мыңға жуық күреспен айналысатын спортшылар бар, 500-ден астам жаттықтырушылар еңбек етіп жатыр. «Қазақстан Барысы» жобасы осындай таланттардың жолын ашып, бағын асыру үшін үлкен баспалдақ болды. Ел арасында жүрген алапай күш пен сұрапыл қайратқа ие балуандар халыққа кеңінен танылды. Әлі тәжірибесі аз, енді ғана үлкен додаларға шыққалы жүрген жасөспірімдер үшін ұйымдастырылған «Жас Барыс» жобамыз да көпшілік көңілінен шықты.

Өткен жылы Тараз қаласында тұңғыш рет «Еуразия Барысы» халықаралық турнирі өтті. Бозкілемге 8 елдің «менмін» деген апайтөс балуандары шығып, бақ сынасты. Бұл жарысты ресейлік «Боец» және түркиялық «ТРТ» телеарналары тікелей эфирде ұсынып, қазақ күресінің дәл осындай мәртебеге ие болғанын жер-жаһанға сүйіншілеп жеткізді!

Енді осы жылдың 25 қазанында Павлодар қаласында «Әлем Барысы» халықаралық турнирі өтеді! Бұл – үлкен қуаныш, дүбірлі той!

«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры төл өнерімізді Олимпиада бағдарламасына енгізу үшін барын сап жүр. Бұл межеге жету үшін қазақ күресінің насихаты жоғары болуын көздейді. Қазақ күресінің бір құрлықтың айналасында ғана емес, барша әлемнің назарында болғанын мақсат етіп отыр.

Осы ретте биыл 25 қазан күні Павлодар қаласында тұңғыш рет қазақ күресінен «Әлем Барысы» атты халықаралық турнир өтеді. Бұл – қазақ күресінің тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік. Оған әлемнің 32 елінен ең үздік балуандар келіп, кім мықтыны анықтайды.

Әр мемлекеттің намысын қорғау үшін сол елдің бір балуаны сынға түседі. Жарыс жоғары деңгейде, халықаралық турнир деген мәртебеге лайық болу үшін салмағы арнайы 90 келіден жоғары дүлей күш иелерін шақырып отырмыз. Әрбір жарысқа қатысушы – өз елінің мақтанышы, бетке ұстар балуаны. Үздік балуандар қатысқан жарыс жоғары деңгейде өтетіні сөзсіз!

«Әлем Барысы» халықаралық турнирінде Қазақстанның намысын кілем иелері ретінде 4 балуанымыз қорғайтын болады. Әзірге ел намысын қорғайтын үздік алты балуанымызды таңдап алдық. «Қазақстан Барысының» төрт маусымында жеңімпаз атанған Ұлан Рысқұл (2011), Бейбіт Ыстыбаев (2012), Айбек Нұғымаров (2013), Мұхит Тұрсынов (2014) және жүлдегерлер қатарында 2014 жылы финалда өнер көрсеткен Асыл Бәрменов пен қола жүлдегер Руслан Әбдіразақов бар. Қазір аты аталған балуандар оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп, «Әлем Барысына» жанын салып дайындық жүргізіп жатыр. Жарыс жақындаған сәтте осы алты балуанның ішінен бабы келіскен төртеуін таңдап алатын боламыз.

Жандос БАЙДІЛДА.

Бөлісу: