3 Қыркүйек 2014, 13:46
Күңiренiп ойлағанда Алаш жайын
Жанымды орай берсе ұлы уайым,
Кеудеме күннiң нұры толғандай боп,
Жырлаймын алты Алаштың Абылайын, – деп Мағжан ақын мадақтаған Абылай ханның маңында топтасқан, сыртқы жаулардан ел қорғаған ерлербатырлар, шешенжыраулар, атақты билер көп болғаны тарихтан белгiлi. Елiмiздiң тарихына, Абылай ханға қатысты жазылған түрлi ғылыми еңбектерде, көркем шығармаларда Қанжығалы Бөгенбай, ҚараКерей Қабанбай, Шақшақ Жәнiбек, Шапырашты Наурызбай, Бұқар жырау, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Қанай би, басқа да аты белгiлi батырлар мен билер туралы сөз болады. Бұл орынды да. Дегенмен, осы тұлғалардан кем еңбек етпеген, азаттық үшiн жан аямай күрескен, хан санатында жетекшi орын алып, сындарлы саясатқа тiкелей араласқан, Алаш iсiне ақылкеңесiн аямаған, бiрақ әр түрлi себептермен осы күнге дейiн кең айтылмай жүрген ел ардагерлерi де аз емес. Сондай Алашқа еңбегi сiңген ерлердiң бiрi – Құлеке Тәңiрбердiұлы.
Құлеке батыр туралы жиғантерген деректерге сүйенiп, толығырақ әңгiмелейiк. Құлеке батыр – Абылай ханның сенiмдi серiгi, оң қолы болған тарихи тұлға. Ол батырлығымен бiрге өз заманының көрнектi мемлекет қайраткерi болып, Абылайдың елшiлiк қызметiн де атқарған, ел ағасы ретiнде де зор беделге ие болған. Кейiн де елжұрты оның аруағын қадiр тұтқан. Ол қайтыс болғаннан кейiн сүйегi құрметтелiп, қасиеттi Қожа Ахмет Иассауи кесенесiне қойылған.
Құлеке батырдың ататегiне келсек, былай өрбидi: Атығай iшiнде Бәйiмбет. Одан – Жоламан. Жоламаннан – Дәулетай. Дәулетайдан – Тәңiрбердi (ел iшiнде Тәйiрбердi деп те жүр, шындығы – Тәңiрбердi). Тәңiрбердiде төрт ұл болыпты: Тiлеке, Құлеке, Қожаберген, АқанБарақ. Құлекеде алты ұл болған: Бөбеке, Мәңке, Тiлеуке (Шал ақын), Шардақ, Қазақбай, Жүсіп.
Құлеке 1710 жылы туып, 1771 жылы қайтыс болған. Ол Абылай ханнан бiр жас үлкен, одан он жыл бұрын, 61 жасында дүниеден өткен. Оның 61 жасында дүниеден өткендiгiн өзiнiң туған баласы Тiлеукенiң (Шал ақынның) әкесiне жоқтау ретiнде айтқан мына өлең жолдары да растайды:
Құлеке жиырмада арқар едi,
Отызда би, қырқында дарқан едi.
Кешегi дулап өткен Құлекенiң
Алдынан орыс, қазақ тарқап едi.
Алпыс бiр мүшел келдi мерттей болып,
Өтпедiң сол мүшелден серттей болып.
Кешегi дулап жүрген ер Құлеке
Су тиген сөне қалдың өрттей болып!
Тарихи құжаттарда Құлекенiң есiмi бiрiншi рет 1742 жылғы тамыз айында кездеседi. Сол 1742 жылдың 2330 тамыз күндерi Орынбор қаласында Орынбор комиссиясының начальнигi, тайный Кеңесник сенатор И.И. Неплюевтiң алдында орыс патшайымына адалдығы туралы қазақтың бiр топ батырлары мен билерi ант берген. Солардың iшiнде Құлеке батыр 26 тамыз күнi отыз бесіншi болып ант берiптi. Қарасай батыр он тоғызыншы болып берген. Яғни, бұл екi батыр бiр мезгiлде ант берiп, кездескен деуге болады. Бұл №96 құжат «Русскоказахские отношения в ХVIХVIII веках» деп аталатын 1961 жылы Алматыда басылып шыққан кiтапта (222-бет) берiлген.
Бұдан кейiнгi жылдары Құлеке батыр орыс үкiметiмен жақсы қатынастарда болады. Абылай хан атынан әлденеше рет елшiлiкке барады. Орыс үкiметiнiң ресми құжаттарында оның есiмi жиi кездеседi. Олардан Құлеке батырдың өз заманында аса ықпалды, беделдi адам болғандығы көрiнедi.