16 Қазан 2014, 04:16
– Сабыр қылыңдар, бір амалы табылар, - деп, Нұрила елдің жүрегін орнықтырды. – Құласары айғырды Кіші Тұраның ұшар басына шығарып, тамыры берік бадамшаға байлаймыз. Қолтығынан, шабынан қылбұрау салып, шыңғыртамыз. Жаны қиналған айғыр құлындағы даусы шығып, қатты кісінейді, үйірін іздеп, енесін көмекке шақырады. Құлсары айғырдың даусы танымал. Айғыр дауысын естіген жылқылар ешкімге дау бермейді. Сол сәт кейін серпіліп, қоныс-мекеніне өздері қайтіп оралады. Осылай етсек, ел әуреленбейді, адам шығыны болмайды.
Көпшілік бұл шешімді мақұл көріп, Нұриланың айтқандарын орындайды. Бұл кезде қарақшылар жылқыларды алысқа айдап кеткен болатын, бірақ кәрі бие алғашқы құлынының шыңғырған дауысын алыстан естіп, ешкімге бой бермей қаша жөнеледі. Үйірдегі көп жылқы осы кәрі биеден өсіп тарған тұлпар тұқымды төлдер болатын. Теңіз толқынындай Құлсары биенің ізін өкшелеп, көп жылқы айналаға бытырап, көзден ғайып болады.
Жылқылардың кенеттен кейін серпіліп, дүркірей қашқан кездейсоқ мінезі Қара Хайдарды ойға қалдырады. Ол жігіттеріне: «Қумаңдар» деп бұйырады.
– Байқауымша, қара лашықтағы кемпір – әйелдің әулиесі. Құлсары айғырдың ақсағаны, Нұрила кемпірдің кәрі айғырды қалап алып қалғаны маған жұмбақ еді. Сол жұмбақ енді шешілген тәрізді. Мына көрініс әрекеттің бәрі Нұриланың кереметімен байланысты. Кемпірдің ақ сүтіне иленген дәмді бәріміз таттық. Енді оған қару көтерсек, күнәға батамыз. Ендеше, аттың басын кейін тартыңдар, елге қайтамыз, - дейді.
Бәйдібек би Ташкенттен үш жұманың шамасында Боралдай тауына оралды. Әуелі Кіші Тұра бөктеріндегі Нұриланың аулына соқты. Ырғайлы бұлағы басындағы сапырылысқан адамдарды, қуғын жеген шаршау көп жылқыны көрді. Басқалардан бұрын байқап, алдынан шығып, Жалмамбет әкесіне сәлем берді. Елдегі Сары бәйбішенің теріс билігін, қарақшылардың салған әлегін, Нұрила апаның ақылымен іс істеп, адам шығынысыз жылқылардың кері қайтарылғанын хабарлады.
Бәйдібек қара лашық үйдегі әйелі Нұрилаға сәлем берді. Жарықшақты қолына алып, маңдайынан сүйді. Үлкен ұлдары, ауыл азаматтары Бәйдібекке келіп өздері амандасты. Олардың алдында Бәйдібек Нұрилаға алғыс жаудырды. Көпшілік: Нұрилаға алты қанат үй тігіліп, өзі қалаған жайлаудан дербес қоныс салсын деген тілек білдірді. Нұрила Балабөгенге қоныс аударып, Ұзынбұлақ аңғарына орнықты. Баяғы қызметші жігіт Салық, Сыландының отауы оған көрші қонды. Нұриланың мерейі үстем болып, әйелге біткен дарқан қасиетімен елге танылды. (жалғасы бар)