Өңірлерді мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету бойынша комиссия құрылды

13 Қыркүйек 2022, 11:38 1110

Үкімет жанармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін қажетті шұғыл шараларды қабылдады

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі қаралды, деп хабарлайды El.kz

Әр облыста мұнай базалары мен ұсақ жанар-жағармай құю бекеттерін бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылды. Зауыттарда мұнай өңдеу және дизель отынын өндіру көлемі ұлғайтылды. Мұнай өнімдерін әкетуге жол бермеу мақсатында қажетті экспорттық шектеулер енгізілді, дизель отыны ішкі нарыққа делдалдарсыз жеткізіледі.

«Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жанар-жағармай нарығындағы ахуал бір қалыпқа келіп жатыр. Дегенмен жағдайды үнемі назарда ұстап, қатаң бақылау қажет. Мысалы, кейбір өңірлерде сұйытылған газдың тапшылығы орын алып отыр. Сондықтан кешенді жұмысты одан әрі жалғастыру керек, өңірлерде отын тапшылығы мен іркілістер болмауы тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы бірқатар тапсырма берді:

Энергетика министрлігі мен Цифрлық даму министрлігі 15 қыркүйектен бастап жанармай құю станцияларында жанар-жағармай босатуды есепке алудың цифрлық жүйесін енгізуі керек.

Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жеңілдікті дизель отынын бөлу жүйесін енгізуді қамтамасыз етуі тиіс.

2023 жылдан бастап Энергетика министрлігі мұнайды өңдеудің жаңа жүйесіне көшуді іске асыруы керек. Бұл жүйе мұнай өнімдерін сату кезінде қажетсіз делдалдардың қатысуына жол бермейді.

Бөлісу: