18 Желтоқсан 2014, 04:36
Әркімнің, әр мемлекеттің стратегиясы әртүрлі болады. Ал, Отанымыз Қазақстан өзінің сыртқы саясатында белсенділігімен, тепе-теңдік сақтауға ұмтылысымен, прагматизмдігімен, сындарлы сұхбат жүргізуге талпынысымен және көпжақты ынтымақтастыққа бағытталғандығымен ерекшеленеді. Халықаралық аренада мемлекетіміз өзінің тарихи, геосаясаттық және экономикалық факторларына байланысты көп ғасырлар бойы сыртқы саясатын халықаралық ынтымақтастық, көршілес мемлекеттермен татуластық және олардың аймақтық біртұтастығын кұрметтеу принципіне негіздеп жүргізіп келеді. Қазақстанның өзге мемлекеттермен тең құқылы және екі жаққа да тиімді қарым-қатынас құруға дайындығы оның бүгінгі күні дипломатиялық байланыс орнатқан шет мемлекеттердің санының көптігімен дәлелденіп отыр. 1991 жылы тәуелсіздік алған сәттен бастап біздің республика әлемнің 130 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Көптеген себептерге байланысты Орталық Азия мен Қазақстан аймағы әлем саясатында қазіргі кезде ерекше назарға ие. Қазақстан екпінді даму қарқынының арқасында ipi трансұлттық корпорациялардың, өзге мемлекеттердің үлкен қызығушылығына ие. Бұл түсінікті де, Қазақстан Орталық Азиядағы географиялық сипаты бойынша ең ipi мемлекет болып табылады, оған қоса экономикалық даму қарқыны бойынша біздің мемлекет аймақтағы көшбасшы. Осы ретте еліміздің болашақта даму мүмкіндіктерінің мол екендігін ескере кету керек. Бүгінгі күні қазақстандық сыртқы саясат басымдылығы ең алдымен Ресей, Қытай, АҚШ, ЕО Орталық Азия аймағындағы көршілес мемлекеттермен, ислам әлемімен тең құқылы өңіраралық қарым-қатынас құруға бағытталып отыр. Ел мүддeciнe қатысты бірталай маңызды құжатқа қол қойылған мемлекет басшылығының Вашингтон, Мәскеу, Брюссель, Лондон, Бейжің, Каир, Тегеран, Ташкент, Бішкек т.б. мемлекеттердің астаналарына ресми сапарларының қорытындылары да осыны айғақтай түсуде. Осылайша мeмлeкeтiмiздiң әлемнің жетекшi державалары мен көршілес ТМД мемлекеттepi арасындағы стратегиялық серіктестігі жаңа деңгейге көтерілді және көптеген жетістіктерге жетіп үлгерді. ТМД-ның ішінде көшбасшы екеніміз соның айғағы бола алады.
Қазақстанның сыртқы саясатының басты бағыттарының бipi Ресеймен өңіраралық қарым-қатынасты нығайту болып табылады. Бұл мемлекетпен біздің ел көп жылдар бойы тығыз қарым-қатынаста болып келді және алдағы уақытта да бола береді. Өзара бөлісіп жатқан мемлекеттік шекараның ұзындығының өзі 7591 шақырымға созылып жатыр. Мемлекетаралық достастық екі бipдeй президенттің және екі ел халқының өзара тығыз байланысы арқасында дамып отыр. Қазақстан мен Ресей арасында отын-энергетикалық кешен, көлік және коммуникация, әскери-техникалық және қорғаныс өнеркәсібі caлалары бойынша байланыс орныққан. Қазақстан-ресейлік қарым-қатынастың біртұтас спектрі көптеген екі жақты құжаттар және келісімдермен реттелуде. Екі жақты қарым-қатынаспен қоса екі бipдeй мемлекет аймақтағы әскери-саяси және экономикалық сипаттағы көптеген аймақтық ұйымдар шеңберінде өзара белсенді әрекеттесуде. Сөз тиегі болып отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық Экономикалық Одақ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және Коллективті қауіпсіздік туралы келісім Ұйымдары бүгінде осы екі елдің бастамасымен дамуда. 2012 жылы Қазақстан мен Ресей өзара дипломатиялық қарым-қатынас құрғанының 20 жылдығын атап өткен болатын. Мұның өзі өңіраралық екі елдің достығының мығымдығынан хабардар етеді.
Қазақстан мен Ресейдің жемісті қарым-қатынастары оның біздің халықтарымыздың мүддесі тұрғысында сенімді және сабақтаса дамуы үшін берік негіз қалады. Біріншіден, өз тарихында алғаш рет Қазақстан мен Ресей тек өткен тарихының ортақтығымен ғана емес, сонымен бірге бүкіл еуразиялық өңір мен әлемнің қазіргі және болашақ дамуын бірдей болжауымен де көршілес тәуелсіз мемлекеттер, БҰҰ-ның толыққанды мүшелері ретінде өзара қарым-қатынастар қалыптастырды. Екіншіден, КСРО ыдырағаннан кейін мемлекетаралық бөлінудің іс жүзінде барлық мәселелері бір-бірінің ұлттық мүдделерін ескере отырып, сындарлы негізде шешім тапты. Бүтіндей алғанда, Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары тек ТМД елдері үшін ғана тартымды модель емес, сонымен бірге, ХХІ ғасырда мемлекеттер арасындағы екіжақты қарым-қатынастар қалай дамуы керек дегенге көрнекі үлгі де бола алды. Үшіншіден, түрлі салалардағы 480-нен астам келісім-шарттар мен келісімдерден тұратын екіжақты қарым-қатынастардың көлемді құқықтық базасы құрылды. 1992 жылдың 25 мамырындағы Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім-шарт осымен екінші рет келесі 10 жылдық мерзімге өздігінен ұзартылып отыр. Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісім-шарт бекітіліп, оны демаркациялау жөніндегі жұмыстар оң сипатта жүргізілді. 1998 жылы қол қойылып, ХХІ ғасырға бағдарланған Мәңгілік достық және одақтастық туралы тарихи декларация іс жүзінде жүзеге асты. Төртіншіден, Қазақстан мен Ресейдің екіжақты өзара іс-қимылдары мен ықпалдастығы екіжылдық Бірлескен іс-қимылдар жоспары негізінде дамуда. 2007 жылдан бастап осындай екі жоспар жүзеге асты, ал 2011-2012 аяқталды, 2013-2014 жылдарға арналған Жоспарды орындау да жоғары деңгейде аяқталып келеді. Бесіншіден, Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары бағыттардың кең ауқымды кешені бойынша табысты әртараптандырылған және іс жүзінде ықпалдастықтың барлық маңызды салалары - сауда-экономикалық, инвестициялық, өңіраралық, саяси, әскери-техникалық ж.т.б. салаларды қамтиды.
2013 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы шамамен 30 миллиардқа жуық долларды құрады. 1700 Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорындары табысты жұмыс істеуде. Екі елдің арасындағы келісімдер мен уағдаластықтардың жүзеге асуын бақылайтын екіжақты Үкіметаралық комиссия жұмыс істейді. Қазақстан-Ресей арасындағы байланыстар ғылым мен инновациялар, еуразиялық көлік инфрақұрылымы, біртұтас энергетикалық кеңістік құру саласындағы ынтымақтастық сияқты перспективалы салаларда қарқын алуда. Тәуелсіздіктен бері Ресейдің әскери ЖОО-ларында 4 мыңнан астам қазақстандық офицерлер даярланды. Әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың түрлі аспектілері бойынша 60-тан астам бірлескен келісімдер жүзеге асырылуда. Алтыншыдан, Қазақстан мен Ресей іс жүзінде ортақ рухани-өркениет өлшемінде өмір сүруде. Ғылыми білім беру, сол сияқты, гуманитарлық мәселелер жөніндегі Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара өңірлік іс-қимылдар аясы кеңеюде. Шамамен 20 мыңдай қазақстандық жас азаматтар Мәскеудің, Санкт-Петербургтің, Омбының, Екатеринбургтің, Новосібірдің, Томның және Ресейдің басқа да бірқатар қалаларының ЖОО-ларында білім алуда. Ресейдің көршілес өңірлері жастарының қазақстандық ЖОО-ларда жоғары білім алуға мүмкіндіктері бар. Ресей тарабы қызметтері Ресеймен, оның жекелеген өңірлерімен байланысты болған қазақ халқының даңқты қайраткерлерінің есімдерін мәңгілікке қалдыру туралы Қазақстанның ұсынысын әр кезде де түсіністікпен қабыл алады.
Қазақстанда мемлекеттік қазақ тілімен тең қолданылатын орыс тілін еркін пайдалануға конституциялық және заңдық кепілдік берілген. Осы аталғандардың бәрі - ХХІ ғасырдағы екі елдің достығын, тату көршілігі мен одақтастығының тамаша қорытындысы және сонымен бірге одан әрі даму үшін берік база. Бұл қарым-қатынастар Ресейдің бірінші Президенті Б.Н.Ельциннің кезінде-ақ қалыптасқан. Елді тоталитаризмнен либералды экономика мен саясатқа бұра отырып, оның дамудың бүгінгі векторын қалағанын Ресейдің әркезде де есте сақтайтынына сенімдімін. В.В.Путиннің саяси ерік-жігері мен көрегендігі екіжақты қарым-қатынастардың барлық аспектілері бойынша табыстың шешуші факторына айналды. Мәселен, экономикалық ынтымақтастық саласында Каспийдің мұнай байлығын бірлесіп талдауда, Каспий құбыр консорциумының қуатын 2015 жылдан бастап 67 миллион тоннаға дейін ұлғайтуда, ресейлік компаниялардың қатысуымен Қарашығанақ газ кен орнын игеруде айтарлықтай қадамдар жасалды. Екібастұздағы ең ірі көмір кен орны мен электр стансасының құрылысы бірлесіп игерілуде. Электр энергиясының ортақ рыногын қалыптастыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдар жоспары жүзеге асырылуда. Уран өндіру жөнінен 3 бірлескен Қазақстан-Ресей кәсіпорны құрылып, жұмыс істеуде. Біздің ынтымақтастығымыз Ресейдің экс-президенті Д.А.Медведевтің мүдделі қатысуымен де жалғасып, дами түсті. Мәселен, ядролық энергияны бейбіт мақсаттар үшін өндірудің біртұтас циклін қалыптастыру, атом энергетикасы саласындағы бірлескен компаниялар құру жөнінен жұмыстар жасалды. Таяу болашақта біздің экономикаларымыздың бірлесіп технологиялық серпіліс жасауын қамтамасыз етуді көздейтін құрылым ретінде Қазақстан-Ресей Нанотехнологиялар қоры құрылады. Біз ғарыш саласындағы, соның ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағында «KAZSAT» байланыс спутниктері серияларын ұшыру, ГЛОНАСС жүйесін бірлесіп, пайдалану бойынша ынтымақтастықты дамытудамыз. ТМД кеңістігінде ықпалдасу ісінде біз «сөз онжылдығынан» «іс-қимыл онжылдығына» көше алдық. Мұндай ықпалдасу Ресейдің, В.В.Путиннің президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты батыл қолдауынсыз мүмкін болмас еді. 2000 жылы Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылып, ойдағыдай жұмыс істеуде. 2010 жылы Қазақстан мен Ресей Белоруссиямен бірлесіп Кеден одағын құрды. Бұл Д.А.Медведевтің белсенділігімен жүзеге асты. Ал дәл қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ өз жұмысын бастағалы отыр. Үш мемлекеттің Еуразиялық экономикалық комиссиясы құрылды және ойдағыдай жұмыс істеуде.
Бүгінде Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасынан қауіп көретіндер де жоқ емес. Мәселен, «Ресей – Қазақстанның өңіраралық қарым-қатынасы көпшілікті мазалайтыны аян. Өйткені, екі мемлекеттің ортақ ұқсастықтары бар. Дегенмен қос мемлекеттің өңіраралық байланысында қарама-қайшылықтар да кездеседі. Журналистер мен саясаттанушылар һәм элитаның, қос мемлекеттердің азаматтарының көзқарасын мен пікірінде айырмашылықтар көп. Қос елдің ортақ ұқсастықтары болғанымен, қазақстандықтарды бір үрей бар сияқты. Біздің азаматтар әлі күнге дейін еліміздің тәуелсіздігіне күмән келтіреді және әлі күнге дейін өзімізді жеке бір ел ретінде қабылдамай жүрміз. Шын мәнінде, бұл - өз-өзіміздің бағаламау» - деп, қазақстандықтардың ресеймен болған қарым-қатынастан қауіптенбеуге шақырған болатын журналист Ботагөз Сейдахметов «Мир Евразий» сараптамалық клубы өткізген «Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары: шындығы мен келешегі» атты дөңгелек үстелде. Сонымен қатар, дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан мен Ресейдің интеграциясынан қорқудың қажеті жоқтығын айтып, ортақ құндылықтарды кеңінен насихаттау керектігін атап өткен болатын. Ресейдің Қазақстанның экономикасындағы үлес-салмағының басым екенін ескерсек, қос мемлекеттің өңіраралық байланысы әлі де нығая түсетінін аңғаруға болады. Мемлекетіміздің теріс ойлы азаматтары қанша қарсылық білдірсе де, Қазақстан саясатында ресейлік фактор, Ресей саясатында қазақстандық фактор орын алады және мұны жою мүмкін емес.
Қазақстан президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандық жол – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында аса мән берілген жағдай – Қазақстанның өңіраралық байланысын нығайту. Соның бір мысалы Ресеймен өңіраралық байланыстың нығая түсуі бізді қатты қуантады!
Дінмұхаммед Аязбеков