«Әдебиет порталына» 1 жыл!

25 Желтоқсан 2014, 14:59

Бүгін мереке, бүгін айтулы күн. Бүгін аз уақыт ішінде әдебиет сүйер қауымның рухани серігіне айналып үлгерген «Әдебиет порталы» интернет жобасына бір жыл.

"Әдебиет – ардың ісі" деген сөз бар. Әдебиет – әзелден-ақ адам тәрбиелеуші құралға айналды. Міне, осы қағидаға берік, ардың ісін өрге домалату үшін іске қосылған "Әдебиет порталына" биыл бір жыл толды! 

"Әдебиет порталы" бір жыл ішінде қанатын кеңге жайып, өз оқырманын қалыптастырды. Қазір қойнына кітап қыстырып оқитындар сирек, барлығы ғаламторға үңіліп отырған заманда әдебиетке қатысты да порталдың болғаны нұр үстіне нұр. 

"Әдебиет порталында" түрлі авторлардың кітаптарының электронды нұсқасы жарияланып қана қоймай, түрлі  жобалар да іске асты. Бұл ең алдымен оқырманның әдебиетке деген көзқарасын жақсартып, кітапқа деген махаббатын қайта жандандыру болатын. 

Енді сол аз уақыт ішінде әдебиет сүйер қауымның рухани серігіне айналып үлгерген «Әдебиет порталы» интернет жобасына бір жыл.

Әдебиет – қоғам өмірінің айнасы, әдебиет – ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы. Әдебиет порталы бір жылдың ішінде бірнеше ірі жобаларды қолға алып, бірнеше әдеби байқауларды ұйымдастырып келеді. Атап айтқанда, Халықаралық «Шабыт» фестивалі, Республикалық «Аңсар» әдеби байқауы «Әдебиет порталының» ақпараттық қолдауымен өтті.

25 желтоқсан қазақ әдебиетінде жаңа интернет порталдың дүниеге келуімен ғана емес поэзия патшайымы Фариза Оңғарсынованың туған күнімен де ерекше күн болып саналады. Талантты ақынның рухына тағзым жасау мақсатында «Әдебиет порталы» Фариза Оңғарсынова атындағы  көркемсөз оқу шеберлерінің I республикалық интернет байқауын ұйымдастырды. Байқауға үш жүзден астам шығарма түсіп, жүз шығарма іріктеуден өтіп, қазылар алқасына ұсынылды. «Әдебиет порталы» интернет жобасының бір жылдығына арналған шарада аталмыш байқаудың жеңімпаздарын марапатталды.

 

Қысқаша ақпарат:

«Әдебиет порталы» интернет жобасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің қолдауымен «Казконтент» АҚ тарапынан әзірленді. Ғаламтор желісіндегі өз бағыты айқын бірегей жоба Қазақ елінің мәдени, тарихи және әдеби мұрасына қызығушылық танытатын оқырман қауымның басын біріктіретін онлайн әдеби платформа болып табылады. 2013 жылдың 25 желтоқсанында іске қосылған портал бір жылдың ішінде өзін мойындатты десек артық болмас. Күн сайын онлайн режимде жұмыс жасайтын алаңға 15 мыңнан астам оқырмаy кіреді. Порталдың негізгі мақсаты жас ақын-жазушыларға ақпараттық қолдау көрсетіп, қазақ әдебиетін интернет әлемінде жүйелі түрде насихаттау. Порталда қазақ және әлем әдебиетінің бай қоры жинақталған. 

Бөлісу: