Құдайы қонақ деген кім?

25 Маусым 2015, 10:25

Құдайы қонақ деген кім? Олар не үшін құрметтеледі? Деректер «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедиядан алынды.

Құдайы қонақ деген кім? Олар не үшін құрметтеледі? Деректер «Қазақтың  этнографиялық  категориялар,  ұғымдар   мен  атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедиядан алынды.

Құдайы қонақ – қазақ халқына тән ерекше қасиет – қонақжайлылықтың нышаны болып табылатын күтпеген жерден келіп түскен қонақтың аты. Құдайы қонақ деп арнайы шақырылмаған, жол-жөнекей келе жатып түстеніп немесе бір күн түнеп шығатын бұйрықпен келген қонақты айтады. Қазақ мәдениетінде үйге келіп түсетін көп қонақтың ішінде (арнайы шақырылған, той-жиынға келген, т.б.) осындай қонақ түрін ерекшелеп бөліп алып, оған айрықша құрмет көрсетіп, қадірлеуінің ахлақтық қана емес, тарихи-әлеуметтік, тіпті елдік те маңызы зор.

Аңызға сүйенсек, Алаша хан ұлдарына ұлан ғайыр жерді мирасқа қалдырып, сол ен байтақ аумақта бір-біріне еркін қатынасып тұру үшін балаларына кез келген ұзақ жолдан түскен қонақты ерекше құрметпен қарсы алып, шығарып жолға салуды өсиет еткен, тіпті үш ұлына берген еншіден бөлек төртіншісін, конақ еншісін де белгілеген деседі. Оны Алаштың бөлінбеген еншісі деп атайды. Яғни, исі қазаққа ортақ несібе (қ. Енші). Содан бері қазақ түсінігі бойынша әрбір жолаушы адам – «құдайы қонақ». Оны дәм-тұзымен қарсы алып, ақ төсек салып қондырып, жол мұқтажын беру әр қазаққа міндет саналған. Тіпті құдайы қонақтың қонағасысы берілмесе, сол елдің биіне барып, арыз айтып, кінәлілерден «ат-тон» айып алатын тәртіп болған.

Сөйтіп, құдайы қонақ институты қазақтардың үлкен территорияны емін-еркін жайлап, бір шетінен екінші шетіне қиындықсыз қатынап тұруына мүмкіндік берді.

Құдайы қонақты күтудің өз ерекшеліктері болған. Үйге түскен қонақ ешқашан атпен шауып келмеген. Себебі, мұндай қылық жаманшылыққа бастайды деп есептелінген. Қонақ үйден сәлі алыстау жерден аттан түсіп, үйдің артына жақындағанда, «сөйлес» деп үй иелерін шақырады. Үй иелерінің сұрағына «құдайы қонақпын» деп жауап бергеннен кейін, үй иесі оны алдымен есіктен кіргізіп, соңынан есікті жабады. Бұның астарында қонақпен кірген құтты ұстап қалу ниеті жатса керек, осымен байланысты үйден шығып бара жатқанда да қонақты үй иесі алдымен шығаратын болған.

Егер құдайы қонақ жазда келген болса, оған арнап мал (қой, ешкі) сойылады да, қыста келген болса, үй иелері жеп отырған соғымнан ас әзірлеген. Сойылатын малды бауыздамас бұрын қонақтан бата сұраған. Егер құдайы қонақтың жасы үлкен болса, оған бас тартқан. Кім болса да, дәулетіне қарамастан, қолынан келгенше құдайы қонақты мол дастарқанымен күтіп, риза қылуға тырысып баққан. Себебі оны Құдай жіберді, онымен бірге үйіне құт кіреді қырықтың бірі Қыдыр деп санаған (қ. Қыдыр). Ас ішіп, сый-құрмет көрсетілгеннен кейін қонақтың көңілін табуға жиналған қауым одан қонақ кәде – өнерін көрсетуді сұраған. Қонақ бас тартқан жағдайда оның есек болып ақырып, тауық болып шақыруымен жазаланатыны да болған деседі. Кетерінде үй иесі қонақтан бұйымтай сұрайды. Құдайы қонақ оның аты, иті мен мылтығынан басқасын сұрай алатын болған. Әдетте, бұндай қонақ алыс жолда қажет болатын бір бұйымды ғана сұрайтын болған. Оны орындамау үлкен ұят саналған, Құдайы қонақты салт бойынша күтіп алмаған үйді көпке дейін ауылдың думан-тойларына шақырмаған, биге жүгінсе, ат- тон айыбын өтеткен. Ең қиыны, ел арасында жаманатқа қалған. Сондықтан ондай жағдайлар сирек, тіпті ел ішінде мүлде кездеспеген.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

 

Бөлісу: