31 Шілде 2014, 07:51
– «Тамашаның» iргетасын қалап, уық шаншығандардың бiрi едiңiз. Сол «Тамашадан» да, басқа əзiл-оспақ отауларынан да көрiнбей кеттiңiз. Сонда режиссерлер Сiзге рөл бермейдi ме, əлде жата жабысып шақырса да бармай жүрсiз бе?
– «Тамаша» əзiл-оспақ отауын ашып, оны халыққа кеңiнен та-нымал еткенiмiз рас. Ол кезде цензура болды. Айтарыңды ашық айта алмайсың. Соған қарамастан əрбiр қойылымда əлеуметтiк мəнi зор, көтеретiн жүгi ауыр мəселелердi қозғайтынбыз. Қазақ қашанда астармен сөйлеген ғой. Бiз де астардың мазмұнына үлкен мəн берiп, халықты мейлiнше емеурiнмен күлдiруге тырыстық. Сол заманның көлеңкелi тұстарын көрсеттiк. Сондықтан да болар, ел бiздi əлi күнге дейiн iздейдi, аңсайды. Дей тұрсақ та бiздiң де бiраз кемшiлiктерiмiз болды. Өйткенi халықты жеңiл де жалаң, жыртақтай күлкiге үйретiп алдық. Сондықтан ба қайдам, көрермен қауым бiзге сайқымазақ ретiнде қарайды. Бет-пiшiнiмiздi өзгертiп, қолымызды шошайтсақ та күледi. Бұған Лұқпан ағамыздан бастап, бəрiмiз кiнəлiмiз. Ал қазiргi барлық əзiл-оспақ отаулары бiз шиырлап кеткен жолды, жауыр болған тақырыпты қайталаумен келедi. Ешқайсысының өзiндiк өнерi, өрнегi жоқ. Көрермен қауым ескiнi көруден, естуден жалықты. Ал ендi менiң төбе көрсетпей жүрген себебiм, соңғы жылдары жұмысбасты болып кеттiм. Оның үстiне, Лұқпан ағамыз: «Сен гастрольге шыға алмайсың ғой» дедi. Сонымен, əрқайсымыз өз күнiмiздi өзiмiз көрiп жүрмiз.
– Дегенмен, сол кездегi сатираның сөлi қою, астары қалыңдау сияқты едi. Авторларды қалай таңдап, қалай iрiктедiңiздер?
– Ол кезде бiзде ынта-ықылас зор болды. Бiздiң ұстазымыз Əзiрбайжан Мəмбетов, одан қала берсе, əкем театр тəрбиеледi. Осы екi мектеп бiзге тəлiмдi тəрбие бердi. Əрбiр қойылымға барымызды салып дайындалдық. «Тамашаны» ең алғаш «Рес-публика» сарайына алып шыққан кезде, концертке бiрде-бiр пенде келмейтiн. Сосын билеттi тегiн тарататынбыз. Соның өзiнде халық əзер келетiн. Кейiн-кейiн ел-жұрт қызығып, ағылып келе бастады. Сонда ғана билеттi сата бастадық. Негiзi, ол кезде мықты-мықты редакторлар көп болды. Мысалы, Қойшығұл Жылқышиев, Жарасқан Əбдiрашев, Мұқадес Еслəмғалиев, Ма-рат Сақатов сияқты. Олар материалдарды iрiктеп, жетпей жатқан тұстарын толтырып, тұздықтап, сахнаға лайықтайтын. Бiрақ кейбiр уытты əзiлдердi басшылар алып тастайтын. Дегенмен, бiз өзара келiсiп алып, əлгi тыйым салған нəрселердi сахнада айтып жiберетiнбiз. Сонда көрермендердiң айызы қанып, бiр жасап қалатын.
– Сiз театрда ғана емес, жалпы қоғам айнасынан сирек көрiнiп жүрсiз? Оның мəнiсi неде?
– Осы сұрақты маған журналистер жиi қояды. Парламентте жүрген кезiмде де əрiптестерiм: «Осы саған билiктiң не қажетi бар? Одан да театрда жүре бермейсiң бе?» деген пендешiлiк сөздер айтатын. Егер депутат болсам, менi өнер адамдары немесе Мəдениет министрi сайлаған жоқ. Менi елiм, халқым сайлады. Өзiм туып-өскен Аралыма қарлығаштың қанатымен су сепкенiндей «бiр пайдам тие ме?» деген оймен саналы түрде осы қадамға бардым. Мен сайланған 1999 жылдары сайлау əдiл өтушi едi. Сосын депутаттар сайлаушыларға берген уəдесiн орындауға тырысатын. Көбiне орындап та жататын. Қазiргi Парламент тек заң шығарумен ғана шектелетiн болып қалды. Қазiр көптеген депутаттар өзiн-өзi көрсетумен айналысып кеттi. Заңның не туралы екенiн бiлмесе де камераның алдында есiлiп тұрып сөйлейдi. Əйтеуiр өзiнiң беделiн өсiру үшiн сөйлеп қалу керек. Тiптi операторды, сатып алатындар да болады. Оны көрген халық «Ойпырм-ай, мынау бiр керемет депутат екен» деп қалады. Ал үнемi ауырдың астында жүретiн, сол Парламенттiң шаңын жұтып, қара жұмысымен айналысатын оншақты iскер депутаттар бар. Олар камерадан көрiнбейдi. Ал ендi менiң қоғам айнасынан көрiнбей кетуiмнiң де өзiндiк себебi бар. Қазақта «Iнгенiмдi iздеймiн деп мiнгенiмнен айрылдым» деген сөз бар. Сол айтқандай, 1999 жылдан берi жұмыссыз жүрмiн. Мен үлкен қызмет сұрап жүрген жоқпын. Баспанасы бар бiр өнер ордасын берулерiне болады емес пе?! Мен сол жерден Сатира театрын ашар едiм. Бұл жөнiнде мен кiрмеген есiк қалмады. Қаншама Премьер-министрдiң алдынан өттiм. Қозғалыс жоқ. Бiрақ бұл жерде Иманғали Тасмағамбетовтiң орны бөлек. Ол – ұлттық өнерге жаны ашитын азамат. Ендi қолымыз жетiп қалар. Мəселемiз оң шешiлер деген үмiттемiн. Шындап келгенде, театр-ды ашуға бар-жоғы 20 – 30 миллион теңге қажет. Ол қаржы қазiр кез келген бизнесменнiң қалтасында жүр. Ертең аяғымыздан тұрып кетсек, ол қаржыны қайтарамын. Тек Үкiметтiң қаулысы жетпей отыр. Əйтпесе барлық құжаттар дайын.
– Сiздi халық комик актер ретiнде қабылдайды. Ал ендi Сiз салмақты рөлдердi сомдап көрдiңiз бе?
– Жалпы, менi «комик» дегендерге жатып кеп өкпелеймiн. Мен комик емеспiн. Менiң обалыма Əзекеңнен бастап, барлық режиссерлер қалды. Өйткенi мен театрға келгелi берi эпизодтағы рөлдердi бередi. Соған қарамастан əкесiн танытып тұрып ойнап беремiн. Менен кейiн ол рөлдi дəл мен сияқты ешкiм шығара алмайды. Өйткенi менi Əзiрбайжан Мəмбетов ағам соған үйрет-кен. Ол «сенен кейiн ол рөлдi ешкiм ойнай алмайтындай бол-сын» дейтiн. Маған тек қана Байтен Омаров үлкен рөл бердi. Ол – «Əпке» спектаклiндегi Тимурдың рөлi. Оны өте жақсы алып шықтым деп ойлаймын. Негiзi, мен – драма актерiмiн. Кез келген рөлдi алып шығарыма сенемiн. Маған басты рөлдер беру керек. Тiптi, маған осы уақытқа дейiн Алдаркөсенiң рөлiн де берген емес.
– Соңғы жылдары əзiл-оспақ отаулары көбейiп кеттi. Солардың қайсысы Сiздiң көңiлiңiзден шығады? Атын атап, түсiн түстеп, жеке-дара бағалап бере аласыз ба?
– Егер олардың атын атап, түрiн түстеп, сын айтар болсаң, жатып кеп ренжидi. Жалпы, олар сын көтере алмайды. Өйткенi өздерiн аса мықты дарын санайды. Негiзi, эстрада – бiр актердiң театры болуы керек. Қазiр сахнаға 6 – 7 персонаж шығады. Көрермендер олардың қайсысына көз тоқтатарын бiлмей саса-ды. Сосын баяғы бiз айтып кеткен тақырыптарды қайталайды. Олар керiсiнше ешкiмдi қайталамауға тиiс. Əр отаудың өзiндiк өрнегi болса, ол – жетiстiк. Қазiргi «Шатақханадағы» жiгiттердiң өзiндiк iзденiсi, қолтаңбасы бар. Олар мектеп көрмеген. Солар-ды тəрбиеме алсам деп жүрмiн. Мен оларды көктемде болған авторлық кешiме қатыстырдым. Өнерлерiне тəнтiмiн. Ал басқа отауларға келсек, олар əлi күнге дейiн отбасы, ошақ қасынан шыға алмай жүр. Драматургия саласында iзденудi қойды. Ендi өздерi жазып, «өнер» шығара бастады. Сахнада импровизация жасауға көштi. Негiзi, миниатюра 7 – 8 минуттан аспау керек. Ары кетсе, 10 минут болсын. Олар соның мəн-жайын бiлмей жүр. Бiлсе де ескермейдi. Жалпы, əзiл-оспақ отауларының көбейгенi жақсы. Мысалы, «Бауыржан-шоу», «Күлкi керуенi», «Терiсқақпай» отауларында əйтеуiр iлгерiлеу, талпыныс бар. Ал «Шаншарда» жүрген жiгiттердiң арнаулы бiлiмi, актерлiк шеберлiктерi жоқ. Күнi ертең Сатира театрын ашып жатсақ, осы отаулардан актерлердi iрiктеп алатын боламыз. Сосын бiздiң актерлердi елiктеушiлiк басым. Мысалы, Хадиша Бөкееваның кей мiнездерi Фарида Шəрiповада бар. Ал Фариданы Əспетова, тағы басқалар қайталап жатады. Олар елiктейiн демейдi. Бiрақ бiрге жұмыс iстегеннен кейiн қанша дегенмен кей мiнездердi бойына сiңiредi. Сол сияқты қайталаушы, елiктеушiлер «Та-машада» да бар. Көбiсi Лидияға ұқсап бағады. «Тамашада» Марат деген жiгiт бар. Ол – керемет актер. Таза ойнайды. Əрбiр образды өзiне сенiп жасайды. Ал Бауыржан екi бастан ғажап ойнайды. Əрi оның ұйымдастырушылық, продюсерлiк қабiлетi зор. Ал бiздiң Лұқпан ағамызға «Тамашада» жұмыс iстемегеннiң бəрi актер емес. Олай бағалауға болмайды ғой. Неге актерлер «Тамашада» тұрақтамайды? Өйткенi онда қаламақыны дұрыс бөлмейдi. Актерлердiң еңбегiн бағалай бiлмейдi. Администра-торлар бiрiншi өзiнiң емес, актерлердiң жағдайын жасау керек қой. Жалпы, бiз администраторларға жарымай келемiз. Кезiнде «Гүлдер» ансамблiнiң Камил Чурин деген администраторы бол-ды. Мəскеуге гастрольге барғанда оны əуежайдан күтiп алатын. Ал ол əртiстердiң барлығын қонақ үйге орналастырып болғаннан кейiн өзiне орын алатын. Оларды тамақтандырғаннан кейiн барып өзi өзек жалғайтын. Қазiргi администраторлар билеттi өткiзiп, қаржысын қалтасына басып алады. «Сен кеше келген баласың ғой. Саған осы да жетедi» деп жастардың жiгерiн құм қылады. Сосын актерлер қалай тұрақтасын?!
– Бұқаралық ақпарат құралдарында «Сатира жоқ. Автор-лар сахнаға лайықтап шығарма жаза алмайды. Бар дүниенi режиссерлер ұқсата алмайды» деген кереғар пiкiрлер жиi басылып та, айтылып та жүр. Сатира тарланы ретiнде Сiз не айтар едiңiз?
– Сахнаға лайықтап шығарма жазу үшiн Оспанхан Əубəкi-ров ағамыз сияқты Театр институтын бiтiру қажет. Ол кiсiнiң барлық дерлiк шығармасы сахнаға лайықталып жазылған. Тiлi үшкiр де қышқыл. Негiзi, классик жазушы ғой. Оның əдеби мұрасы бiзге əлi күнге дейiн азық болып келедi. Шығарманың басы, аяғы, айтатын ойы, ең соңында финалы болуы шарт. Бұл жағынан келгенде Сейiт Кенжеахметов ағамыз қамшы салдыр-майды. Жалпы, сахнаға қысқа да нұсқа етiп жазу қажет қой. Бiрақ сатира кез келген қаламгердiң оң жамбасына келе бермейдi. Əйтпесе бұл жанрда Шөмiшбай Сариев те, Батырхан Дəрiмбетов те жазып көрдi. Олардың бiрi – ақын, бiрi – публицист. Ал Ас-қар Наймантаевтың жазып жүргендерiнiң бəрi көшiрме. Орыс тiлiнде шығатын газет-журналдардағы ойларды алып, өзi жазған болады. Кезiнде Аркадий Райкин Жванецкий мен Карцевтердi «Маған одессалық анекдоттардың қажетi жоқ» деп маңына жуытпай қойған. Содан кейiн олар iзденiп жүрiп танылды, мой-ындалды. Сол кезде Райкин тек қана Полянов деген автормен жұмыс iстеген. Қазiр Петросянға отыз шақты авторлар шығарма жазып берсе, ондай авторлардың Хазановта алпыс-жетпiсi бар. Задорнов өз шығармасын өзi оқыса, ал Жванецкий мүлде оқи алмайды. Сол сияқты бiзде де сондай талпыныс бар. Көпен Əмiрбек те өз шығармасын өзi орындағысы келедi. Бiрақ оның мүлдем даусы жоқ. Аудиторияны көтерудiң орнына, қайта еңсе-сiн түсiрiп жiбередi. Мұхтар Шаханов: «Өлеңдi менен артық ешкiм оқи алмайды» дейдi. Қатты қателеседi. Өзiнiң кере-мет өлеңдерiн өте нашар оқиды. Тек Олжас қана өлеңдi нə-шiне келтiрiп оқи алады. Мiне, өзiмiзге сыни көзбен қарай алма-ғандықтан осындай келеңсiздiктерге тап болып жатамыз.
– Əңгiмеңiзге рақмет.