30 Маусым 2014, 11:19
Ендi иудей Құдайының бастапқы есiмi нелiктен Ау болатындығына аз-маз тоқтала кетейiк. Ол үшiн жебiрей халқының Мұса ғалайссаламның басшылығымен Мысыр құлдығынан қашқан кезде жер бетiнде көрiнiс берген оқиғаларға, олардың себептерiне үңiлу керек. Бұл табиғи апаттар Жер-Ана бетiнде бiрiнен кейiн бiрi қайталанған қасiреттi уақыттар едi (Қасқыр мифiндегi қанды қырғынның «тәураттық», яки жебiрейлiк нұсқасы деп түсiнген жөн). Жерге төнiп келiп қалғандай болған аспанды әлдебiр құдiреттiң күшiмен пайда болған дыбыстың керi лақтырып жiбергенi де рас. Әлденеше тәулiк бойы қарасын көрсетпей қойғандай болған күн де содан кейiн қайта жарқырап шыға келген. Табиғаттағы мұндай құбылысты бүгiнгi ғылым тiлiмен былайша дәйектеп түсiндiруге болады: шамасы, тым жақын келген әлдебiр құйрықты жұлдыз кесiрiнен немесе көршi планеталармен өрiс күшiн таластырудан соң, бәлкiм, ғарышта қаңғып жүрген шойын тастардың бiрi құлағаннан кейiн орбитасынан шығып кете жаздаған Жер шары ыңыранып барып, Күн жүйесiндегi бүгiнгi орнына сәтiмен түскен болса керек. Апат зардабы бiрнеше апта немесе айларға созылғандығы да анық («Тәураттағы» осы кездерi көрiнiс беретiн оқиғаларды еске алыңыз). Осы бiрнеше ондаған тәулiк iшiнде адам санасына ұялап қалған үрей-қорқыныш жаңағы құтқарушыдай болып естiлген дыбысты Жаратқанның өзiнiң үнi деп қабылдауға молынан жетiп-артылатын. Екi жарты шардағы адамдар қиялын тербеп, құдайлар мен құтқарушы қаһармандар жайлы әфсаналар тудырған ол дыбыс бiзге қасқыр мифiнен белгiлi «Ау-у-у» немесе қысқаша «Ау» едi. (Иудаизм дiнiнiң ауызекi әңгiмелерiнде бұл кездерi Тәңiрiнiң даусын жер бетiнiң ар жақ, бер жағындағы жетпiс халық естiдi деп әңгiмеленедi. «Ау» сөзiне байланысты әңгiмелердiң жер бетiнiң түкпiр-түкпiрiнде кездесетiндiгiнiң себебiн осы көнекөз жетпiс халықтың ұрпақтарына қалдырған мұрасы деп түсiнген жөн). Дыбыс немесе сөз иесi де белгiлi. Кеңiстiкте тербелiп барып, бүгiнгi белдеуiне қайта түскен Жер-Ана болатын. Ол кездi ескi кiтаптар «Өзендер арнасынан ауытқып, тiк көтерiлген теңiздер құрлықты шайып кете жаздаған заман едi» деп суреттейдi.
Қасқыр мифiнiң екiншi, үшiншi үзiктерiн өзге бөлiктерiмен шынайы байланыстыратын ақиқат желi осындай. Күн жүйесiнде орын алуы әбден мүмкiн болған кезектi алапат апаттан Жер-Ана аман һәм жеңiмпаз болып шықты. Одан естелiк ретiнде әр құрлық, әр халықтарда өздерiне тән реңк-бояумен баяндалатын аңыз әңгiмелер қалды. Ежелгi элладалықтар анадан туған алып ұлдары Геркулеске аспанды көтерткiзсе, қытайлықтар сол кездегi әмiршiсiне Яо немесе Яу деген есiм бердi. Үндi буддашыларының бабалары «АУМ» деп дыбысталатын қасиеттi мантраны ұрпақтарына мұра етiп қалдырды. Жебiрей қауымы болса Жаратқан он негiзгi қағиданы Мұса ғалайссаламға осы жолы түсiрдi деп санады. Бағзы түркiлер болса Жер-Ана мен Қасқыр-Ананы астастыра iзет тұтты. Арада табиғи, бәлкiм, ғарыштық апат зардабы көмескiленiп не ұмытылатындай бiраз уақыт өткесiн, ақын қиялы көршiлер тарапынан жасалынған аяушылық бiлмес қанды қырғынды ойлап шығаратыны да сондықтан. Оқиғаның шындыққа жақындайтын интерпретациясы да осы едi. Түркi қауымы қолдан Құдай жасамады, қолынан келмес iстi мойындарына артып пенде баласын да мазалаған жоқ. Тек шабыты сұрапыл ақындық қиялға ғана ерiк бердi.
Иә, солай, қасқыр мифi мен тотемiнiң кемi үш мың жылдан асатын тарихы бар, ол адамзат баласында Ұлы Ана жалғыз-ақ екендiгiнен, оның есiмi Жер-Ана деп аталатындығынан сыр шертедi.
Осымен қасқыр мифi жайлы әңгiмемiз де тәмамдалып қалды.
Тәңiрiм Жер-Анамызға бiздiң бағымызға мыңдаған, миллиондаған жылдар ғұмыр бере көргей.
Тiлегiмiз қабыл болсын, Ау-м-ин.
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»