ҚҰДА ТҮСУ РƏСІМІ

25 Тамыз 2014, 11:51

ҚҰДА ТҮСУ РƏСІМІ

Қыз ұзату – қазақтардың ұл-қыздары өздерінің болашақ жарын таңдауға ешқандай еркі болмай олардың ата-аналары таңдайтын. Əке баласына лайық көрген қызды құда түсіп айттыруға ағайындардың үлкендерімен кеңесіп, шешім қабылдайды. Қалыңдық таңдауда ата-ана бірден шешім қабылдамайды. Олар өздеріне лайық деген жанұялардың мінез-құлқын, тұрмыстық жағдайын, бала-шағасының хал-ахуалын, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасын, жолдас- жоралары, жегжаттары арқылы əбден біліп алып барып шешімге келеді. Бұл шаруа қазақтардың жабық қоғамында онша қиынға соқпайды. Ал қазіргі кезде ұл балалардың қыз таңдауда өз еріктері бар. Бірақ, қыз балалардың емін-еркін жүрістері болмағандықтан, оларға қиындықтардың көп болатыны рас.

Айттыру – ағайынның үлкендері ұл мен қыздың үйленуіне келісім бере қойса, пысық, сөзге шебер туыстың бір əйел адамы қыздың анасымен хабарласып өз ойларын айтады. Қыздың анасы мақұл көріп, күйеуімен бұл жайлы əңгімелесіп, қыздарын беруді дұрыс деп шешсе, бір апта ішінде өздерінің келіскендерін хабарлайды. Жігіт жақтан елге абыройлы, беделді ағайындарының бірі бас болып бірнеше адамды ертіп қыздың үйіне барып, жігітін мақтап, өздерінің келгендегі ниетін айтады. Бұл екі жақтың келісімге келгендіктерін көрсетеді. Содан кейін қыздың ата- анасы Ақсақалдармен кеңесе отырып, құда түсетін күнін белгілеп жігіт жаққа хабарын береді. Жігіттің əкесі бірнеше Ақсақалдарды ертіп қыз жақтың «үлкен шаңырағына» барып құда түседі. Екі жақтың ата-аналары, Ақсақалдары əңгіме- дүкен құрып, шəй ішіп, тамақтанып болған соң қыз жағы «Бұйымтайыңыз бар ма?» деп сұрайды. Олар өз ниеттерін айтады. Сөйтіп, екі жақ та өз ризалықтарын айтып, жегжат болайық деген тоқтамға келеді. Сөйтіп екі жақ сөз берісіп, құдалықтың алғы шартын жасайды, болады. Одан кейінгі күндері құда болу рəсімі, сосын құда тойы рет-ретімен жасалады.

Құда болу – құда болу күні ырым бойынша сəтті күннің бірін тағайындайды. Бұл күні екі жақ дəстүрлі қалыңмал мөлшерін анықтайды. Қалыңмал ұдайы нақтылы бір мөлшерде қала бермейді. Оның мөлшерін ауқатты немесе бəсекешіл адамдар өзгертіп отырады. Дегенмен өзіндік мөлшері азды-көпті жоғарылап не төмендеп өзгеріп отырады. Мəселен қазіргі кезде мың-екі мың доллар көлемінде қалыңмал төленеді. Қалыңмал жігіт жақтың материалдық жағдайына байланысты бөлініп бір, екі яки үш мезгілге бөлініп төленеді. Тағы да қалыңмалдың оннан бір мөлшері «Ағалық хақы» деп беріледі. Қалыңмалдың белгіленген мөлшері төленген соң екі жақ құдалық той жасау күнін белгілейді.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: