5 Маусым 2014, 05:23
Кубань – аймақ тауы, өзен атауы. Осы сөз жылнамалардағы кумандармен сабақтас. Кумандардың қыпшақтар екендігі ғылымда дәлелденген. Қазақ руларының арасында құба деп аталатын бұтақтар көп. Найман ішінде Үшқұба бұтағы бар. Кіші жүз ішінде шөмекейлер шежіресі: Шөмекей – Бозғыл – Келдібай – Әлдерлі – Келімбет – Өтебай – Құба болып тарайды. Қыпшақ ішінде Құба қыпшақ бар. Башқұрттарда – Құбақан, өзбектерде – Қобан деген рулар бар. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының бір нұсқасында: «Нәсілі Сарыбайдың ноғай емес, Оның тегі Күндікер Құбан жұрт деп» деген жолдар бар (Каз. фольклор в собр. Г.Н.Потанина. А-А., 1972.229,242 беттер). Қысқасы, Кубань да, Куман да, Қыпшақ та қазақтың қазіргі ұғымындағы «құба» деген сөзімен сабақтас болу керек. Ұрым императорлығының дерегін қалдырған Константин Порфиродный сонау Х ғасырда Кубань өзенінің алқабын «казахия» деп атайды.
Бір кезде жер-су атауларынан ру-тайпа атаулары шықты деп келетін жаңсақ пікірлер де төбе көрсеткен. Мәселен, аристов Қаңлы мен Дулатты Алтайдағы Қаң, Тулат өзендерінен шықты, Найман мен Арғын Найма мен Арғұн өзендерінен шықты деп есептеді. Л Ховорс деген ғалым Қоңырат руы Шығыс Моңғолиядағы Қоңырат өзеніне шықты дейді. Әрине, бұл сияқты пікірлердің керісінше екені дау тудырмауға тиісті. Себебі, жер-су атауын ешкім көктен түсіп қоймайды, сол жерді тұрақ еткен ел-жұртқа байланысты аталады.
Куман, половцы атаулары Қыпшақ сөзімен тектес. Түпкі мәніне үңілсек Қыпшақ сөзінің аударма-калькасы половцы (орыс сөзі) болып шығады. Ал половцы сөзінің аударма-калькасы кумен болып шығады.
1. Қыпшақ – қу ағаш, құба тал, қуыс ағаш, ағаш түбірі, ағаш қобысы, қобыланған ағаш, ағаш қабығы, қабыршақ, қабақ, кәуек...
Осы атау-ұғымдар таңба түрінде іші қуыс қос шыбық (1 1) түрінде тасқа түседі.
Көне түркі тілінде қабушақ – қуыс ағаш деген мағынада (Древнетюркский словарь. 399-бет). Сол қуыс ағашты қыз тұрақ етіпті-міс... Аңыз...
2. Половцы – орыстың «полый», яғни «іші қуыс» деген сөзін береді. (С.И.Ожегов. Словарь русского языка.М., 1953. 507-бет). Орыстың половник деген сөзі көне мағынасында «жалдамалы жұмысшы» деген ұғымда (В.В.Радлов. Опыт словаря тюркских наричий. Т.2. СПб. Тип. ИАН. 1899. 882-бет). Осы сөз бірте-бірте өзінің морфологиялық құрылымын өзгертіп: полыйцы – половцы болған.
3. Куман – қу ағаш деген мағынада екенін В.В.Радлов айтады. Ал «ман» сөзі «адам» мағынады (аларман, шабарман).
Ақселеу Сейдімбек, 06.12.1985 жыл.