«Қазпоштадан» 294 млн теңгеден астам қаржыны қолды еткендер сотталды

28 Шілде 2022, 18:24 1069

Күдікті азаматтар бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды

Алаяқтық жолмен «Қазпошта» АҚ-дан 294 млн теңгеден асатын қаржыны қолды еткендер сотталды, деп хабарлайды El.kz Нұр-Сұлтан қалалық сотына сілтеме жасап.

«27 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ұрлық пен алаяқтық үшін сотталғандардың жазалау үкімін өзгеріссіз қалдырды. Тек олардың автокөлігіне қойылған арест күшін жойды. Себебі, айыптылардың автомобильдерді қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынғаны туралы дәлел жоқ. Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының №2 сотының шешімімен 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Олар «Қазпошта» АҚ-дан 294 млн теңгеден асатын аса ірі көлемде қаржы ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды», - делінген соттың хабарламасында.

Сотталғандар белгісіз адамдармен бірге алдын ала сөз байласып, пандемияны пайдаланып, азаматтарға екінші деңгейдегі банктерден шот ашуды және ақшалай сыйақы үшін 10 000-нан 100 000 теңгеге дейін банк карталарын сатып алуды ұсынған және деректерді белгісіз «хакерлерге» жіберген.

Хакерлер «Қазпошта» АҚ интернет-ресурсында қызметтерді пайдаланушы ретінде ресейлік IP мекенжайлардан төлем жүйесіне кіру үшін 14 аккаунтты тіркеген. Осылайша, төлем операцияларын жүргізеді және «Қазпошта» АҚ шотынан ақша қаражатын есептен шығарып, оларды алдын ала дайындалған карточкалық шоттарға және ұялы операторлардың абоненттік нөмірлеріне аударған.

Күдікті азаматтар бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Белгісіз тұлғалар «Қазпошта» АҚ филиалдарының шалғай бөлімшелеріне қоңырау шалып, өздерін бас кеңсенің IT бөлімінің қызметкеріміз деп таныстырған. Содан соң төлем жүйесін баптау немесе жаңарту сылтауымен бөлімше операторларын жаңылыстырды, олар бөгде біреулердің берген нұсқауларын орындай отырып, іс жүзінде ақша қаражатын есептен шығару бойынша заңсыз операциялар жүргізді.

Содан кейін олар ұрланған қаржыны қолма-қол ету үшін басқа шоттарға ауыстырды. Ұрылар қаржының бір бөлігін карточкалық шот арқылы шешіп алған. Ал қалған бөлігі криптовалюта сатып алуға бағытталған.

Бөлісу: