«ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодор» компаниялары біріктірілді

27 Тамыз 2022, 12:52 1430

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «ҚазАвтоЖол» мен «Казахавтодорды» біріктіріп, біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырған болатын

Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аталған екі жол операторын біріктіру бойынша Үкімет қаулысының жобасын дайындады, деп хабарлайды El.kz министрліктің сайтына сілтеме жасап.

Жобада «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы «Казахавтодор» ЖШС-дағы мемлекеттік үлесті сатып алу жолымен ұлттық компанияны Бірыңғай автожол операторы ретінде қайта құру қарастырылды. Атап айтқанда, аталған компаниялардың облыстық филиалдарының әкімшілік-басқару персоналын қысқарту жолымен біріктіру және қайталанатын функцияларды қысқарту.

 «Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Соған қарамастан, азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Осылайша, қазіргі таңда «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодор» бірыңғай жол компаниясына біріктірілді. Қолға алынған шаралар республикалық маңызы бар жолдарды тәулік бойы күтіп ұстауды қамтамасыз етуде жедел әрі нақты шешім қабылдауға үлкен септігін тигізбек.

Бөлісу: