Жаз мезгілінің ортасынан бастап «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының қызметкерлері мердігер ұйымдармен бірлесе қысқы кезеңге арналған дайындық жұмыстарын бастап кетті. Бірнеше пункттерден тұратын іс-шаралар жоспары әзірленді, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеді.
Қолданыстағы барлық арнайы техника тексерілді. Оның істен шыққандары жөнделіп, ретке келтірілді. Ал алдағы қыста қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету үшін 100-ден астам арнайы техниканы сатып алу және 500-ге жуық арнайы техниканы жалға алу қарастырылды. Осылайша, қысқы кезеңде республикалық трассаларды қардан тазалап, күтіп-ұстау үшін 2000-нан астам арнайы техника дайындалды. Олардың қатарында автогрейдерлер, шнекороторлар, қар тазалайтын құрылығымен жабдықталған тиегіштер мен тракторлар бар. Сонымен қатар 400-ден астам өндірістік база мен қойма дайындалды. Оларда көктайғаққа қарсы материалдар сақталып, арнайы техникаға жөнделді.
Көктайғаққа қарсы материалдарды дайындау жұмысы да жалғасып келеді. Жалпы алғанда 120 мың м3 құм, 23 мың тонна тұз, 1200 тонна химреагент қоспаларын дайындау қажет.
Оған қоса қалың қар басу қаупі жоғары учаскелер анықталды. Мәселен, бүгінгі күні олардың ұзындығы 3 мың шақырымды құрап отыр. Қысқы күтіп ұстау жұмыстары аясында бұл учаскелерді ерекше бақылауға алынады.
Жылыту пункттері де жөндеуден өтті. Қазір республикалық автожолдардың бойында 125-тен астам жылыту пункттері бар.
Қысқы кезеңде республикалық трассаларды пайдаланушылармен кері байланысты нығайту үшін бірыңғай тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 call-орталығының қызметкерлерінің санын арттыру жоспарланып отыр. Естеріңізге сала кетейін, биылғы тоғыз айда call-орталық операторлары 150 мыңнан астам өтінім өңдеді.