«Қазақстан дауысы» мега-жобасына жаңа тәлімгер келді

14 Шілде 2015, 10:02

«Қазақстан дауысы» жобасында аяқасты өзгерістер орын алды.

«Қазақстан дауысы» жобасында аяқасты өзгерістер орын алды. Екі маусым бойы байқауға қатысушыларға тәлімгер болып келген танымал қазақстандық әнші Медеу Арынбаев мега-жобадан кетті. Үшінші маусымда оның орнына отандық эстрада орындаушысы, белгілі тележурналист Дана Нұржігіттің інісі Рүстем Нұржігіт келді. Ол туралы «Қазақстан дауысы» жобасының директоры Кенже Жұманұлы хабарлады.

 

Аталған жобаның өзге байқаулардан ерекшелігі, бұл байқау қатысушылардың тек дауысқа сүйеніп, бақ сынайтындығы. Еліміздің танымал жұлдыздары алғашқы тыңдау сынағында жүзден астам қатысушылардың ішінен үздіктерін таңдап, төрт команда құрайтын болады. Ақтық мәреге төрт үміткер қатысады, олардың ішінен үздік орындаушы  SMS-дауыс беру арқылы анықталады.

Финалға дейінгі әр бір кезеңде үміткерлер кәсіби команда тәлімгерінен сабақ алады. Таланты мен тәлімгерден алған білімінің арқасында алға озған үміткер жеңімпаз атанары сөзсіз.

Осыған дейін еліміздің төрт қаласында іріктеу кезеңдері өткен болатын. Бас жүлде – 5 миилион теңгені құрайды. Жобаға 18 бен 50 жас аралығындағы орындаушылар қатыса алады.

Бұл жоба The Voice of Holland (Нидерланды) немесе «Голос» түпнұсқалық форматының қазақстандық нұсқасы 2013 жылдың жазында басталды. «Қазақстан Дауысы» жобасының алғашқы маусымының жеңімпазы - Қостанай облысының тумасы 27 жастағы Шахаризат Сейдахмет. Орындаушының тәлімгері - Нұрлан Албан. Көрермендердің таңдауы бойынша, «Қазақстан дауысы» танымал музыкалық жобаның екінші маусымының жеңімпазы атағына және 5 млн теңгеге Алмас Кішкенбаевтың тобындағы Бауыржан Ретбаев ие болды.

«Қазақстан Дауысы» 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - барлық қатысушыларды тыңдау арқылы әділқазылардың әрқайсысы төрт топ құрады.  Екінші кезеңде әр түрлі топтардың мүшелерінен құралған жұптық сайыс өткізіледі. Үшінші кезеңде жеңімпаздарды халық SMS-дауыс беру арқылы анықтайтын болады.

Айта кету керек, «Қазақстан дауысының»  жаңа маусымы «Қазақстан» телеарнасында эфирге 20 қыркүйекте шығады.

Рүстем Нұржігіт туралы қысқаша дерек:

Рүстем 1973 жылы 10 қыркүйекте Қызылорда қаласында кәсіби музыканттар отбасында дүниеге келген. Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектебінің домбыра сыныбын бітірген. Музыкалық училищеледе, одан кейін консерваторияда «домбыра және күй» факультетінде оқыған. 1995 жылы Рүстем Нұржігіт сазгер Арман Дүйсеновпен «Достар» атты топ құрып, республикалық «Жас қанат» байқауына қатысып, «Көрермен көзайымы» жүлдесіне ие болады. Кейін, 2002 жылы «Жас қанатқа» қатысқан Бейбіт Қошқалиевпен танысып, көп уақыт өтпей, Рүстем мен Бейбіт «КZ» тобын құрады.Оған Нұрлан Абдуллин және Ринат Гайсин жетекшілік жасайды.


Дария Жұмалиева

Бөлісу: