«Қазақстан Барысы» турнирінің финалына қатысатын барлық балуандар анықталды!

21 Мамыр 2014, 03:34

Қазақ күресінен Ұлт Көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» турнирінің финалына қатысатын барлық балуандар анықталды.

Қазақ күресінен Ұлт Көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» турнирінің финалына қатысатын барлық балуандар анықталды.

22 мамыр күні сағат 11:00-де Республикалық спорт колледжінің залында  еліміздің ең үздік 33 балуанын таныстыру рәсімі өтеді. «Шығыс Барысы», 2013 жылғы жеңімпаз Айбек Нұғымаров пен «Тараз Арланы», 2012 жылғы чемпион Бейбіт Ыстыбаев жобаның финалдық сынына қатарынан төртінші рет жолдама алып отыр.

Еліміздің 16 аймағында республикалық додаға іріктеу кезеңі аяқталды. Төртінші маусымдағы іріктеу сыны көптеген тосын сыйларға толы болды. Атап айтар болсақ, жарыстың ардагер балуаны Мұрат Кеңтонов (Қостанай облысы) пен тұңғыш «барыс» Ұлан Рысқұл (Қызылорда облысы) финалдық сыннан сырт қалса, жарақатына орай Максим Гербер (Қостанай облысы) мен Виктор Демьяненко (Алматы қаласы) турнирге қатыса алмайды.  Ал тәжірибелі балуан Шалқар Жоламанов бір жылдық үзілістен соң жобаға қайта оралды.

Алайда, биылғы жарысқа қатысатын жас әрі жаңа есімдер өте көп. Олар қазақ күресінен өтетін ең ірі спорттық доданың тарихында өз есімдерін қалдыруға дайын.

Таныстыру рәсімі барысында БАҚ өкілдерінің әрбір балуанмен сұхбаттасып, фото және бейнематериал жинақтауына мүмкіндік бар. Сондай-ақ, жиында  «Қазақстан Барысы» жобасының төртінші маусымына іріктеу кезеңі қорытындыланады.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан Барысы» жобасының биылғы финалдық сыны 29 маусым күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді ( басталуы - 13:00). Билеттер сатылымға ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап түседі. Жеңімпазға алтын белбеу, Тайтұяқ және 150 мың АҚШ доллары табысталады.

 

Баспасөз-мәслихатының өтетін орны мен уақыты:

«Республикалық спорт колледжі» РМҚК, «Манеж» залы, 22 мамыр, 2014 ж, 11:00

Жиынға қатысатыныңызды растауыңызды сұраймыз.

Баспасөз жиынына қатысушылар: ҚР спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі Агенттік төрағасы – Тастанбек Есентаев, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ қоғаммен байланыс департаментінің директоры – Айдар Махметов, «СК-Астана» КҚ бас директоры – Ерлан Даримов, «Астана» ПКСК президентінің міндетін атқарушы – Юрий Мельниченко, Қазақ күресі федерациясының бас хатшысы – Сәрсен Құранбек, «KAZsport» телеарнасының директоры  - Диас Ахметшәріп, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры Қамқорлық кеңесінің төрағасы – Арман Шораев, «Республикалық спорт колледжі» РМҚК директоры -Амалбек Тшанов. 

Бөлісу: